Жексенбі, 30 Қараша 2025 17:43

Түркістан облысы: шетелдік бизнес делегация Түлкібас ауданының туристік әлеуетімен танысты

Түлкібас ауданы туризм саласы дамыған өңірлердің бірегейі. Тау бөктері, өзендері мен мөлдір бастаулары халық арасында «екінші Швейцария» атанып, мұнда келген қонақтар да табиғатының әсемдігіне таңдана қарайды. Осы тұста таяуда ғана Түркістан қаласында өткен «Turkistan International Investment and Tourism» форумы аясында өңір туризмін дамытуға бағытталған маңызды жобалар мақұлданды. «Kazakhstan Silk Road International Holdings Group» ЖШС президенті Чан Минг бастаған шетелдік бизнес делегация Түлкібас ауданына барып, өңірдің туристік әлеуетімен танысты.

Сапар барысында Иірсу елді мекені маңынан жаңа туристік аймақ құру, сондай-ақ Ақсу шатқалында көру алаңшасын салу жобалары зерделенді. Бұдан бөлек қонақ үйлер, этноауыл кешені және туристерді тартуға бағытталған өзге де нысандар тұрғызу жоспарлануда. Сондай-ақ, инвесторлар «Beibars-Bottlers» зауытының өнімдерімен танысып, кәсіпорынның жұмысын оң бағалады. Аралау жұмыстары «Ақсу-Жабағылы» қорығының музейінде жалғасын тапты. Түлкібас ауданында туризмді дамытуға бағытталған жаңа жобалар аясында жан-жақты жұмыс жүргізілетін болады.

Түлкібас ауданының географиялық орналасуы – экономика мен сауданы дамытуға таптырмас мүмкіндік. Өндіріс, ауыл шаруашылығы және туризм – негізгі басымдықтар қатарында. Инвестициялық жобаларды уақытылы әрі сапалы жүзеге асыру – басты міндет. Мемлекет тарапынан барлық қажетті қолдау бар. Ауданның әлеуеті жоғары, мүмкіндігі мол.Айта кетейік, биыл туризм саласына 150,5 млн теңге көлемінде инвестиция тарту жоспарланған. Сонымен бірге, аудан аумағындағы тарихи-мәдени орындарға келушілердің нақты есебін жүргізу қажеттігі де баса айтылды. 2025 жылдың алғашқы алты айында Түлкібас ауданының жалпы өңірлік өнім көлемі 37,3 млрд теңгені құрап, 19,6%-ға артқан. Оның ішінде 47,4%-ы – ауыл шаруашылығына, 25,3%-ы – өнеркәсіпке, 17,5%-ы – саудаға, 9,8%-ы құрылыс саласына тиесілі.

Туризм саласын дамыту мақсатында Иірсу елді мекенінің маңынан 100 га жерге спорт, мәдени, емдік-сауықтыру рекреациялық аймақ құру бойынша жоба әзірленіп, облыс әкімшілігіне жолданды. Сондай-ақ, 2025 жылы аймақта туризм саласын дамыту мақсатында жалпы құны 2,3 млрд теңгені құрайтын үш жоба іске асырылуы тиіс болатын. Атап айтқанда, Қараағашты ауылында орналасқан «Ақсу-Жабағылы» оңалту сауықтыру кешенің» қайта құрылымдау жұмыстарын жүргізіп, шипажай сыйымдылығын 500 орынға арттыру. Құрылыс жұмыстары 2025 жылдың желтоқсан айында аяқталады деп күтілуде. Одан бөлек, Кершетас ауылында орналасқан жеке кәсіпкер «Патсаев К» туристік аймағы. Бұл жобаның құны — 150 млн теңге. Нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, қазіргі таңда іске қосылды. Машат ауылында орналасқан жеке кәсіпкер «А.Бакеев» демалыс аймағы. Жобаның құны — 200 млн теңге. Қазіргі кезде нысанның құрылыс жұмыстары аяқталып, құжаттары рәсімделіп жатыр. Жоғарыда аталған жобалар іске асқан жағдайда 175 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 356 мың теңгеге жетіп, 49,6% өсім көрсеткен. Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі – 17,7 млрд теңге, оның ішінде мал шаруашылығының үлесі – 17,2 млрд теңге. Жыл соңына дейін ауыл шаруашылығы өнім көлемін 59,6 млрд теңгеге жеткізу жоспарлануда.

Қазіргі таңда Түлкібас ауданында 4 орта, 22 шағын, 6 қосалқы, барлығы 32 кәсіпорын жұмыс атқарады. 2025 жылы жалпы инвестициялық құны 42,5 млрд теңгені құрайтын 4 жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Аталған жобалар 395 азаматты тұрақты жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді. Атап айқанда, «Beibars Bottlers» ЖШС-ң ауыз су және түрлі-түсті сусындар өндірістік зауыты. Сондай-ақ, Састөбе кентінде орналасқан «Састөбе инновациялық кешені» ЖШС-і цемент, кальций карбид, каустикалық сода, ПВХ және әк өндіруді жоспарлауда. Қуаттылығы жылына 1 млн тонна цемент, 200 мың тонна кальций карбиді, 120 мың тонна пвх, 100 мың тонна каустикалық сода және 400 мың тонна әк өндірмек. Жобаның жалпы құны 180 млрд теңгені құрайды. Одан бөлек, 940 адам жұмыспен қамтылады. Сонымен қатар, «Түлкібас әк зауыты» мекемесі жылына 22 мың тонна әк өндіретін кәсіпорынды қайта құрылымдау жұмыстарына 1,2 млрд теңге қаржыны қажет етеді. Бүгінгі таңда қаржы көзі анықталуда. Зауыт толық құрылымдаудан өткен соң, жылына 150 мың тонна әк өндіріліп, 50 адам қосымша жұмыспен қамтылады деп күтілуде. Биылғы жылы ауданда шағын және орта бизнес нысандарының саны 10167-ге жетіп, оларда 14 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылған.

Сонымен қатар, өңірде осы жылдың алғашқы жартысында ауыл шаруашылығы саласында жалпы құны 3,9 млрд теңгені құрайтын жобалар жүзеге асуда. Олардың қатарында үш жеміс-жидек сақтау қоймасы, 2 алма бау және 1 балық өсіретін шаруашылық бар. Ауданда құрылыс саласында қазіргі таңда 104 пәтерлі бес қабатты тұрғын-үй салынып пайдалануға берілген. Бұдан бөлек, биыл 2 фельдшерлік-акушерлік тіректің құрылысы аяқталып ел игілігіне берілмек. Сондай-ақ, жаңа оқу жылына дейін 5 мектеп күрделі жөндеуден өтетін болады. Айта кетерлік жайт, аймақтағы 59 елді мекен толықтай газ жүйесі және ауыз сумен қамтылған. Осы жылы 5 елді мекендегі жалпы ұзындығы 18 шақырымды құрайтын 18 көшенің жөндеу жұмыстары жүреді. Жергілікті тұрғындардың тұрмыс жағдайын жақсарту мақсатында 13 ішкі көшелерге және үш аудандық жолдарды орташа жөндеу үшін сметалық құжаттар әзірленіп, салалық басқармаға ұсынылған.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 61 рет