Жексенбі, 30 Қараша 2025 14:03

Түркістан: облыс әкімінің орынбасары Келес ауданындағы инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты

Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Келес ауданына арнайы іссапармен барып, маңызды инфрақұрылымдық нысандардың жұмысымен танысты. Сапар барысында аудан әкімі Жәнібек Ағыбаев өңірдегі ең ірі транзиттік нүктелердің бірі – Бауыржан Қонысбаев кеден бекетінің қызметімен таныстырып, ондағы өзекті мәселелерді ортаға салды.

Кеден бекетінде көрсетілетін сервисті жетілдіру, жүк көліктері мен тұрғындардың кедергісіз өтуін қамтамасыз ету, инфрақұрылымды жаңғырту бағытындағы жұмыстар жан-жақты талқыланды. Сонымен қатар бекет маңында заңсыздықтардың алдын алу және құқықтық тәртіпті күшейту мәселесіне ерекше назар аударылды. Құқық қорғау органдарының өкілдеріне заңсыз әрекеттермен күресті күшейту жөнінде нақты тапсырмалар жүктелді. Жүк көліктерінің ұзын-сонар кезегін болдырмау мақсатында автотұрақ инфрақұрылымын дамыту, көлік ағымын реттеу бойынша қосымша шаралар қабылдау қажеттігі де айтылды. Бұл бағыттағы жобалар алдағы уақытта кезең-кезеңімен іске асырылатын болады. Кеден инфрақұрылымын жетілдіру, қызмет сапасын арттыру және көлік логистикасын оңтайландыру бағытындағы жұмыстар жалғасады.

Сондай-ақ, Түркістан облысы әкімінің бірінші орынбасары Зұлпыхар Жолдасов Сарыағаш ауданына да іссапармен барып, жұмысшы топтың қатысуымен арнайы кеңес өткізді. Жиында Қазақстан мен Өзбекстан шекарасындағы қоғамдық-саяси ахуалдың алдын алу және екі ел арасындағы өзара сенімге нұқсан келтірмеу мәселелері талқыланды. Сонымен бірге, Үкіметтік селекторлық жиында көтерілген кеден бекеттерінің маңындағы жеке автотұрақтардағы келеңсіз жағдайлар да қаралды. Кеңесте Түркістан облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің құрылымына кіретін 8 кеден бекеті және 2 бақылап-өткізу пунктінің жұмысын дамыту ұсыныстар айтылды.

Зұлпыхар Сансызбайұлы жиын соңында тиісті сала өкілдеріне нақты тапсырмалар жүктеп, қатаң қадағалауда болатынын жеткізді. Кеден бекеттерінде тәртіпті қамтамасыз етіп, бекеттер аумағында санитарлық тазалықты күшейту тапсырылды. Заңсыз ақша алып, көмектесетін тұлғалардың әрекеттерін болдырмау шаралары қолға алынады. Көліктер кезегін ақысыз электронды жүйе арқылы реттеп, өткізу уақытын қысқарту қатаң бақыланады. Іссапар барысында облыс әкімінің бірінші орынбасары Сарыағаш ауданындағы Қазығұрт және Қабланбек кеден бекеттерін, Келес ауданындағы Бауыржан Қонысбаев кеден бекетін, Мақтаарал ауданындағы Атамекен кеден бекетін аралап, жұмысымен танысты. Құзырлы органдармен бірге өзекті мәселелердің шешу жолдарын қарастырды.

Осы тұста айта кетер болсақ, Түркістан облысы Қазақстан мен Өзбекстан елдері арасындағы алтын көпірге айналған. Бүгінгі таңда қос мемлекет арасындағы «Қапланбек» және «Қазығұрт» кеден бекеттеріне жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Сәйкесінше, кеден бекеттеріне кіреберіс жолдарды да кеңейту жұмыстарын жүргізу мақсатында жоба әзірленіп жатыр. Аталған жобалар көліктік инфрақұрылымды дамытып, транзиттік әлеуеттің артуына оң әсер етеді.

Биыл облыс аумағындағы автомобиль жолдары саласында құрылыс-жөндеу жұмыстарымен жалпы 1 103,3 шақырым жол мен көшелер қамтылады деп күтілуде. Жыл қорытындысымен 547 шақырым жол пайдалануға берілмек. Оның ішінде, облыстық маңызы бар 291,1 шақырым жолға құрылыс-жөндеу жұмыстарын жүріп, 111,8 шақырым жол пайдалануға берілетін болады. Сондай-ақ аудандық маңызы бар 159,5 шақырым жолға күрделі және орташа жөндеу жұмыстары жүріп, жыл қорытындысымен 142,1 шақырымын пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар, елді мекендердегі 652,7 шақырым жол жөндеуден өтіп, биыл 293,1 шақырымы пайдалануға беріледі. Оның ішінде, «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы бойынша 140 елді мекенде 347 көше қамтылып отыр. Ал, жыл соңына дейін 130,1 шақырым көше пайдалануға беріледі. 2025 жылдың қорытындысымен жергілікті маңызы бар жолдардың жақсы және қанағатты жағдайдағы үлесін 93,7%-дан 95%-ға жеткізу жоспарланған.

Түркістан облысы бойынша автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 17 692 шақырымды құрайды. Оның 678 шақырымы республикалық маңызы бар жол болса, 3983 шақырымы облыстық маңызы бар жол саналады. Ал, 1726 шақырымын аудандық маңызы жол құраса, 11 305 шақырым елді мекен көшелері бар. Бұл орайда, Түркістан облысында транзиттік әлеуетті арттыру мақсатында бірқатар ауқымды жоба қолға алынып отыр. Атап айтар болсақ, бүгінде Түркістан-Шәуілдір бағытындағы 64,1 шақырым жолды кеңейту жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатыр. Биыл аталған жолдың 52,7 шақырымы пайдалануға берілмек. Жоба 2026 жылы толық аяқталады деп жоспарланып отыр. Сонымен қатар Кентау қаласынан тікелей Жамбыл облысы мен Созақ ауданына және Түркістан халықаралық әуежайы мен Шымкент қаласына қатынайтын айналма жолдың құрылысы аяқталып, ел игілігіне берілген.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 77 рет