Жексенбі, 30 Қараша 2025 13:00

Түркістан облысы: Кентауда газ қазандықтарын шығаратын зауыт іске қосылды

Түркістан облысы, Кентау қаласының арнайы экономикалық аймағында газ қазандықтарын шығаратын өндіріс орны іске қосылды. Жобаны іске асыруға «TURAN Shenhua» ЖШС 2,4 млрд.теңге инвестиция салуда. Кәсіпорынның жалпы ауданы 2500 шаршы метрді құрайды.

Өндіріс орнында жылына 30 мың дана газ қазандықтары шығарылады. Бұл өнімдер нарықта үлкен сұранысқа ие. Жаңа зауыт қаланың 40 азаматын тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Кәсіпорын өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып, экономиканы дамытуға үлес қосары сөзсіз. Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков жаңа зауытты іске қосу рәсіме қатысып, жобаның жұмысына сәттілік тіледі. – Бүгін біз Түркістан облысы үшін ғана емес, жалпы еліміз үшін аса маңызы зор жобаның басталуына куә болып отырмыз. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев шағын және орта кәсіпкерлік саласына инвесторлар тартып, дамытуды тапсырды. Осы бағытта Түркістан облысында нақты жұмыстар қолға алынып, инвесторлармен келіссөз жүргізілді. Соның нәтижесінде, Кентауда газ қазандықтарын шығаратын зауыт ашылып отыр. Осы орайда, жобаны жүзеге асырған инвесторларға алғысымды білдіремін. Жаңа бастамаға сәттілік тілеймін! – деді облыс әкімінің орынбасары.

Айта кетейік, Кентау қаласында арнайы экономикалық аймақ және индустриалды аймақ жұмыс істейді. Одан бөлек, «Қарнақ» шағын өнеркәсіп паркін ашуға 9,3 гектар жер бөлінді. АЭА-ның жер көлемі – 35 гектар. Инфрақұрылыммен қамтылған. Бұл аймақта 2 жоба жүзеге асырылған. Атап айтқанда, «KentauRedStar» ЖШС кірпіш шығару зауыты және «Темір бетон» ЖШС темір бетон бұйымдарын жасау кәсіпорыны толық іске қосылған. Биыл 5 жоба іске асырылады. Нәтижесінде, 150 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Индустриалды аймақтың жалпы ауданы – 43 гектар. Онда 10 жоба жүзеге асырылады. Нәтижесінде, 309 жаңа жұмыс орнын ашу көзделуде. Бұл аймақтарға инвесторлар тарту, өндіріс орындарын ашу жұмыстары жалғасуда.

Кентау қаласында 2025 жылы жалпы құны 10,3 млрд теңгені құрайтын 16 жоба іске асырылады деп жоспарланған болатын. Бұл жобалар нәтижесінде 492 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтіледі. Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында 4 ірі жоба жыл соңына дейін жұмысын бастайды. Сол төрт ірі жобаның екеуі арнайы экономикалық аймақта, қалған екеуі индустриалды аймақта орналасқан. Атап айтар болсақ, «KentauRedStar»ЖШС-і – кірпіш өндірісімен айналысады. 2023 жылы құрылысы басталған нысанның жоба құны - 1,5 млрд теңге. Биыл мамыр айында іске қосылған зауытта 80 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Өндіріс орны жылына 45 млн дана кірпіш өндіруге қауқарлы. Бұдан бөлек, жоғарыда аталған «TURAN Shenhua» ЖШС-і газ қазандықтарын және тұрмыстық техникалаларды өндіруді қолға алып отыр. Сондай-ақ, биыл аяқталуы тиіс жобалар қатарында металл бұйымдарын өндіруге бағытталған «АйдарСтройГрупп» ЖШС-і және «Сапар Құрылыс-С» ЖК металл өндірісі цехы бар.

Айта кетейік, 2025 жылдың алғашқы 5 айында Кентау қаласының өңірлік өнімі 33,1 млрд теңгені құраған. Осы кезеңде негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 5,2 млрд теңге. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 23,6 млрд теңгеге жетіп, Кентау облыста 4-орынға жайғасқан. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің үлесі 20,1 млрд теңгені құраса, ауыл шаруашылығында жалпы өнім көлемі 2,1 млрд теңге болған. Қалаға қарасты аймақтарда туризм саласы да дамып келеді. Жыл басынан бері өңірге келушілер саны 16,6%-ға артқан. Бұл көрсеткішті арттыра түсу үшін Хантағы ауылында 13 гектар аумақта 15 заманауи модульді капсулалармен жабдықталған «KHANTAU» демалыс аймағы салынып жатыр. 400 млн теңге көлемінде бағаланған бұл жоба жыл соңына дейін аяқталады. Сонымен қатар, «Қаратау» мемлекеттік табиғи қорығы аумағында визит-орталық салу көзделген. Жалпы аумағы 300 шаршы метр болатын нысан жылына 100 мың туристі қабылдауға қауқарлы.

Өңірдегі құрылыс саласы да қарқын алып келеді. 2025 жылдың шілдесінде 5 қабатты 60 пәтерлі әлеуметтік-несиелік тұрғын үйдің құрылысы аяқталады. Сондай-ақ, шаһардағы 288 көпқабатты тұрғын үй қазіргі таңда толықтай жаңартылған. Өңірдегі инфрақұрылым саласында да бірқатар жұмыстар атқарылуда. Жалпы бүгінгі таңдағы өңірдің газмен қамтылу көрсеткіші 85%-ға жеткен. Ал, Кентау қаласы мен оған қарасты ауылдар 100% ауыз сумен қамтылған. Сондай-ақ, қала көшелерінің жарықтандырылуы 98%-ды құраса, өңірдегі қанағаттанарлық жағдайдағы жолдар үлесі 87,7%-ға жетіп отырғанын айта кеткен жөн.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 72 рет