Сенбі, 29 Қараша 2025 16:08

Түркістан облысының әкімі франциялық компанияларды өңірге инвестиция салуға шақырды

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиогемен кездесті. Кездесу барысында әріптестікті нығайту, инвестиция тарту, бірлескен жобаларды жүзеге асыру бағытында келіссөз жүргізілді. Өңір басшысы Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті туралы баяндады. Франциялық танымал компаниялар мен брендтерді Түркістанда жұмыс істеуге шақырды.

– Сізді Түркістан облысында қарсы алғаныма қуаныштымын. Қазақстан мен Франция – маңызды экономикалық серіктестер, ал біздің қарым-қатынасымыз 1992 жылдан бері белсенді дамып келеді. Дәл сол жылы сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі Қазақстан-Франция үкіметаралық комиссиясы құрылған болатын. Елімізде француз капиталы бар 170-ке жуық компания табысты жұмыс істеуде. Ынтымақтастықтың жарқын мысалы – Түркістан облысындағы Мойынқұм және Төртқұдық уран кен орындарын игеріп жатқан «Orano» және «Қазатомөнеркәсіптің» бірлескен KATCO кәсіпорны. Оның жылдық өндірістік қуаты 4 мың тонна уранды құрайды. Түркістанда ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енген аса маңызды тарихи ескерткіш Қожа Ахмет Ясауи кесенесі орналасқан. Биыл Түркістан қаласына ерекше мәртебе берілуі туризм саласына инвестиция тартуда мультипликативтік әсер қалыптастырады. Өңірде тарихи және мәдени ескерткіштер, көркем табиғат ландшафттары және сауықтыру орындары шоғырланған. Түркістан қаласында жылына 3 миллионнан астам жолаушыны қабылдайтын халықаралық әуежай жұмыс істейді. Туристерді шақырамыз. Облыста табиғи ресурстар бар. Қолайлы табиғи-климаттық жағдайлар жыл бойы ауыл шаруашылығымен айналысуға мүмкіндік береді. Біздің өңір елімізде ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру бойынша бірінші орында тұр. Түркістанда қолайлы инвестициялық климат қалыптасқан. Индустриалды және арнайы экономикалық аймақтарымыз бар. Сонымен қатар «Шағын өнеркәсіптік парктер» желісін дамытып жатырмыз. Әріптестікті жаңа деңгейге көтеруіміз керек. Оған толық мүмкіндік бар. Біз француз компанияларымен байланыс орнатып, жобаларды жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға дайынбыз, – деген Нұралхан Көшеров Франция компанияларын Түркістан облысына инвестиция салуға шақырды.

Франция Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Сильван Гиоге мен елшілік өкілдері әріптестікті жан-жақты дамытуға мүдделі екендерін, Түркістан өңірінің әлеуетін франциялық компанияларға таныстыратындарын жеткізді. Жобаларды терең талдап, мәлімет алмасуды ұсынды. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы, туризм, білім, өндіріс, сауда салалары бойынша байланысты нығайтып, жобаларды қарастыру жөнінде уағдаласты.

Бүгінгі тада Түркістан облысында инвестиция тарту, өндіріс орындарын көбейтуге басымдық берілген. Жалпы өңірде 2025-2028 жылдар аралығында жүзеге асатын 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген. Биыл 58 инвестициялық жоба қолға алынып, нәтижесінде 8 250 тұрақты жұмыс орны ашылады. Бүгінде 34 инвестжоба іске қосылып, 4889 адам жұмыспен қамтылды. Сонымен қатар биыл 10 айдың қорытындысымен облыстың капиталына 1 178,4 млрд. теңге көлемінде инвестиция тартылған. Облысқа 2025 жылға 475 млн. АҚШ доллары көлемінде тікелей шетелдік инвестициялар тарту индикаторы бекітілген. II тоқсанның қорытындысымен тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 543,5 млн. АҚШ долларын құрап, жылдық жоспар артығымен орындалды.

Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады.  Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде. Бүгінде Түркістан қаласында шағын және орта кәсіп экономиканың дамуында айрықша рөл атқарып жатқаны аңғарылады. Цифрларды сөйлетсек, атқарылған жұмыстардың нәтижесінде қаланы сипаттайтын басты көрсеткіш — жалпы өңірлік өнім көлемі 222,6 млрд.теңгеге жетіп, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 15% артты. 

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 85 рет