Сенбі, 29 Қараша 2025 12:40

Түркістан: шетелдік компания өкілдері өндірістік парктердің жұмысымен танысты

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтың тапсырмасымен өңірде ауқымды инвестициялық жобалар мақұлданып, іске асыру жұмыстары тұрақты жалғасып келеді. Облыс экономикасын әртараптандыру, инвестициялық әлеуетті арттыру және шетелдік компаниялармен ынтымақтастық орнату бағытындағы жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылуда. Осы орайда, ҚХР-дың Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлинь бастаған ресми және бизнес делегация облыс орталығындағы өндірістік аймақтарды аралады.

Түркістан облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Нұржігіт Мырзахметов пен Түркістан облысының өнеркәсіп және индустриалды-инновациялық даму басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қанат Шонбасов және сала мамандары шетелдік компания өкілдеріне өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырды. Алдымен жұмыс тобы «Түркістан» индустриалды аймағы мен «Turan» арнайы экономикалық аймақтарында болды. Өндіріс алаңдарында орналасқан «Түркістан Текстиль» ЖШС-нің мақта-тоқыма кластері, құбыр шығаратын зауыт және бір реттік ыдыс өндіретін «Dala pack» кәсіпорнының жұмысымен танысты. Кәсіпкерлер зауыттардың құрылыс мүмкіндіктерін қарап, жұмыс жүйесін оң бағалады.

Аралау жұмыстары Түркістан маңындағы шағын өндірістік паркінде жалғасты. Мұнда инвесторларға өндіріс аймағының мүмкіндіктері таныстырылды. Оның ішінде жиһаз зауыттары, тоңазытқыш шығаратын кәсіпорын, есік және дрон шығаратын өндірістердің жұмыс барысы мен инфрақұрылым жүйесі көрсетілді. Сонымен қатар көкөніс сақтау қоймасы мен тамшылатып суару жүйелерінің жұмысы баяндалды. Инвесторларға жасалатын қолдау көрсету мүмкіндіктері де талқыланды. Айта кетейік, әлемдік деңгейдегі компания өкілдері Түркістанда өткен халықаралық инвестициялық форумға қатысты. Форумда өңірдің дамуына серпін беретін бірнеше жобалар аясында ынтымақтастық меморандумдары жасалып, инвестициялық жобаларды жүзеге асыру бағыттары талқыланды.

Бұл форумның басты мақсаты – Түркістан облысының инвестициялық әлеуетін таныстырып, шетелдік компаниялармен экономикалық байланыстарды нығайту, өндіріс орындарын көбейту және кәсіпкерлік саласын дамыту болды. Биыл жыл басынан бері 90-нан астам шетелдік компаниямен кездесулер өтіп, ҚХР, Иран және Өзбекстан елдеріне ресми сапарлар ұйымдастырылды. Жалпы облыста 2025-2028 жылдар аралығында 111 инвестжобалар пулы қалыптасқан. Жоба толық іске асқан жағдайда 23 915 жаңа жұмыс орнын ашу көзделген.

«TURAN» АЭА-да тіркелген, ашылған және енді ашылатын ең ірі өндіріс орындарына тоқталсақ, олардың қатарында «BASPOLYMER» ЖШС-нің полимерлі құбырлар, пластмасса бұйымдары, тамшылататын таспалар шығаратын ірі зауыты, «QazEcoPack» ЖШС-нің бастапқы және қайталама полиэтилен шикізатынан орау материалдарын (скотч, стрейч-пленка, полиэтилен, көпіршікті пленка) өндіретін кәсіпорны, «PSI Mineral Technologies» ЖШС-нің тау-кен металлургия кешеніне арналған ауыр техника шығаратын зауыты, «АЛТЫН ДАЛА МАҚТА» ЖШС-нің біріктірілген қоймасы бар ПВХ құбырларын шығаратын зауыты, «KZ_Unicol» ЖШС-нің әртүрлі жарықтандыру құрылғыларының сэндвич-панельдерін шығаратын зауыты, «ER-QAN GROUP» ЖШС-нің орамдағы полиэтилен пакеттер және бір рет қолданылатын пластик ыдыстар (тамақ өнімдері үшін) шығаратын зауыты бар.

«Silk Way International» ЖШС-нің ауыл шаруашылығы машиналары мен бөлшектерін өндіру және құрастыру зауытын, «Kazakhstan Lihua» ЖШС-нің толық циклді тоқыма өнімдерін өндіруге арналған мақта агроөнеркәсіптік кешенін, «Qaz Natural Laminat» компаниясының ағаштан және тығыннан жасалған бұйымдарды өндіру, сабан бұйымдары мен тоқыма материалдарын өндіру кәсіпорнын ашу да көзделген. Айта кетейік, жыл басынан облыс экономикасы жоғары қарқынмен дамып келеді. Қысқа мерзімді экономикалық индикатор бойынша 6 ай қорытындысымен өсім 118%-ды құрап, облыс республика көлемінде бірінші орынға шықты.

Түркістан қаласының экономикасының өсім драйвері инвестиция тартымдылығы - соңғы 4 жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн.теңгені құрап, оның ішінде 46 пайызы жеке инвестиция есебі көрсеткішіне жеткен. Бүгінде Түркістан қаласында жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр. Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 171 рет