Түркістан филиалының Жетісай өндірістік учаскесінде ұзындығы 64,9 шақырым болатын каналдар тазартылып жатыр. Бүгінге дейін оның 29 шақырымы тазартылды. Жұмысқа 10-нан астам арнайы техника жұмылдырылған. Атап айтқанда, үш ауылдық округтағы 18,86 мың гектар жерді суару суымен қамтамасыз ететін К-21 каналының 18 км учаскесі тазалануда. Қазіргі уақытта 10 км учаске толық тазаланған. Жұмыстарға пайдаланылып жатқан үш экскаватор тазалауды үздіксіз жүргізуге мүмкіндік беріп отыр. Сондай-ақ 10 мың га суармалы жерді сумен қамтамасыз ететін К-34 каналын механикалық тазарту жүргізіліп жатыр. Нысанның жалпы ұзындығы – 18,5 шақырым. Қазіргі таңда шамамен 4 шақырымы тазартылды.
«Қазсушар» РМК Түркістан филиалы ГНС-1 насос станциясына су беру тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін «Машканал» (Машиналық әдіспен су көтеру каналы) бас құрылысын құм мен лайдан тазарту жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Бұл жұмыстарға 5 арнайы техника жұмылдырылған. Тазарту процесін 10-15 күн ішінде аяқтау жоспарланған. Сонымен қатар ГНС-1 станциясындағы 8 насос агрегатын жөндеуге дайындық жүргізіліп жатыр. Бұдан бөлек, филиал Жетісай ауданындағы ішкі шаруашылық каналдарын да механикалық тазалауды көздеп отыр.
«Вегетация кезеңі барысында осы нысандардың барлығында суды жеткізуге қатысты қиындықтар анықталды. 2026 жылғы суару маусымында осындай мәселелердің алдын алу үшін алдымен тазарту жұмыстары жүргізіліп, кейін жөндеу және бетондау жұмыстары іске асырылады. Тазарту барысын Су ресурстары және ирригация министрлігінің мамандары бақылауда және ведомство ұсынған жаңа техника мен автокөлік белсенді пайдаланылып жатыр», – деді Су ресурстары және ирригация министрлігінің өкілі Нұрмұхаммед Ниязбеков.
Оңтүстікте суармалы суды тиімді және үнемді пайдалану маңызды. Су инфрақұрылымын жөндеу, арналарды тазарту мәселесі өзекті. Аймақта ауыз сумен де проблемалар бар. Барлық міндеттер кезең-кезеңімен шешілуі керек. Бірақ уақытылы жәнесапаға зиян келтірмеуі керек. Қазіргі уақытта Су ресурстары және ирригация министрлігі желісі бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Түркістан облысында ғана ондаған жоба іске асырылып үстінде. Оның ішінде министрліктің шетелдік әріптестерінің қолдауымен жүзеге асып жатқандары да бар.
Жалпы, Түркістан облысында су шаруашылығын дамыту бойынша көптеген жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Су қоймалары мен тоғандарға ағымдағы жөндеулер де жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Мәселен, алдыңғы жылы Ордабасы ауданында орналасқан «Бөген» су қоймасында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Стратегиялық маңызы бар нысандарда жыл сайын арнайы зерттеу жұмыстары жүргізілетіні белгілі. Соған сәйкес, су қоймасында тиісті шаралар қолға алынды. Стратегиялық маңызы бар нысанның жөндеу жұмыстары аса үлкен жауапкершілікті талап етеді. Өңірдің ауыл шаруашылығы үшін су қойманың берері мол. Сондықтан жауаптыларға қойылар талап та күшті. Қауіпсіздікті сақтау – басты мақсат. Жөндеу жұмыстарының әр сатысы жан – жақты әрі тұрақты бақылауда.
Түркістан облысы ауыл шаруашылығының бай аймақтарының біріне жатады. Республикадағы суармалы жерлердің 3/1 бөлігі облысқа тиеселі (548,2 мың гектар) және 70 мың агроқұрылымдарда 180 мыңға жуық адам еңбек етуде. 1967 жылы салынған «Бөген» су қоймасы су шаруашылығы нысандары стратегиялық объектілер тізбесіне жатқызылған. Аумағы – 65 км2, ұзындығы 13 км, ені 6 км, тереңдігі 15 м. Бөген су қоймасының су сыйымдылығы – 370 млн текше метр. Арыс, Бөген өзендерінің суымен толығады.
Сондай-ақ, Сарыағаш ауданында да каналдарды реттеу жұмыстары қарқын алған. Ауданға қарасты Тегісшіл ауылдық округінде ауылдық округ аумағындағы егістік жерлерді ағын сумен қамтамасыз ететін Досқара каналында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Соынмен бірге, Отырар ауданында бүгінгі таңда «Қазсушар» РМК Түркістан филиалы тарапынан Д.Алтынбеков каналының 9 шақырым бөлігіне, «Көкмардан» 13,7 шақырым, «Кенжеалиев» каналының 1 шақырым бөлігіне механикалық тазалау жұмыстары жүргізіген. Сонымен қатар Көксарай ауыл округінен «Көларық» каналының 6 шақырым, «Сулы» каналының 3 шақырым, Балтакөл ауыл округінен «Сумағар» каналының 6 шақырым, «Бақтыбай» 2 шақырым «Қонай» каналының 3 шақырым, «Жайықбек» 2 шақырым, «Қонай» канылының 4 шақырым бөлігін механикалық тазалаудан өткізілді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат