Инвестор аудандағы мал шаруашылығының қарқынды екенін ескере отырып, ішек-қарын қалдықтарын қайта өңдеу арқылы үй жануарларына арналған азық өндіретін зауыт салу жобасын ұсынды. Бұл жоба Арыс ауылдық округіндегі Агроиндустриалды аймақта жүзеге асырылмақ. Аталған жоба мал қалдықтарын тиімді өңдеуге, экологияны жақсартуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді. Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиев бұл бастаманы толық қолдайтынын, жобаны жүзеге асыру үшін жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Сондай-ақ, аудан әкімі жауапты бөлім басшыларына шетелдік инвесторларға қажетті көмекті көрсету бойынша нақты тапсырмалар берді.
Сондай-ақ, Түркістан қаласында өткен халықаралық инвестициялық форум Сайрам ауданы үшін жаңа мүмкіндіктердің есігін ашты. Форум аясында аудан мен Қытай Халық Республикасының инвесторлары стратегиялық маңызы жоғары екі меморандумға қол қойды. Алғашқы келісім — “KUZOV KARABULAK” және DAYUN AVTO CENTRAL ASIA LIMITED арасында жасалды. Бұл жоба ауыр жүк көліктеріне арналған тіркемелер (прицептер) өндіретін жаңа өндіріс алаңын құруды көздейді. Өңір үшін ауқымы үлкен бұл бастама — тек экономикалық инвестиция ғана емес, сонымен қатар жергілікті 500 азаматты жұмыспен қамтымақ. Жоба құны – 2,5 млрд теңге.
Екінші меморандум — “Qazaq Air Tecnology” ЖШС мен Қытайдың “Huankun Industrial Investment Limited” компаниясы арасында бекітілді. Жоба заманауи технологиялар негізінде сапалы кірпіш өндіретін өндірісті іске қосуды қамтиды. Құны – 1 млрд теңге. Құрал-жабдықтар орнатылғаннан кейін зауыт ай сайын 2,5 миллион дана кірпіш шығаруға мүмкіндік береді. Бұл өндірісте 30-дан астам адам тұрақты жұмыспен қамтылмақ.Бұл екі келісім — Сайрам ауданының өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, өңірдің экономикалық дамуына тың серпін беретін маңызды қадам. Инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи өндірістерді енгізу – ауданның болашақ дамуының берік тірегі болмақ.
Сайрам ауданы - Түркістан облысының әлеуеті жоғары аудандарының бірі болып саналады.Сайрам ауданы бүгінде ауыл шаруашылығы мен индустриалды-инвестициялық даму бағытында тың серпінмен дамып келеді. Табиғи-климаттық жағдайының қолайлылығы, тығыз орналасқан еңбекке қабілетті халқы, тиімді логистикалық мүмкіндіктері және мемлекеттік қолдаулардың нәтижесінде аудан экономикасы жаңа биіктерге көтерілуде.Сайрам ауданы – ауыл шаруашылығына бейім, табиғи ресурстары мол өңір. Аудан халқының басым бөлігі дәстүрлі егіншілік пен мал шаруашылығымен айналысады. Бұл салаларда заманауи технологияларды енгізу, өңдеуші кәсіпорындарды құру және өнім экспорты көлемін арттыру жұмыстары қарқынды жүргізілуде.
Облыс көлеміндегі экспорт көлемінің 96%-ын Сайрам ауданы қамтамасыз ететінін айта кеткен жөн. Ауданда қой, ірі қара, жылқы, құс және ара шаруашылығы қатар дамуда. Әсіресе, етті және сүтті бағыттағы ірі қара өсіру басымдыққа ие.Мал шаруашылығын дамыту мақсатында мемлекеттік қолдау құралдары кеңінен қолданылуда. «Сыбаға», «Алтын асық», «Құлан», «Ауыл аманаты» сынды бағдарламалар арқылы шаруаларға жеңілдетілген несиелер мен субсидиялар берілуде. Сонымен қатар, облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың бастамасымен «Trade-In» бағдарламасы іске қосылып, шаруалар ескі техникаларын жаңасына ауыстыру мүмкіндігіне ие болуда.
Сайрам ауданындағы агроөнеркәсіптік кешенді сапалы деңгейге көтеру бағытында «Сайрам Агро» индустриалды аймағы құрыла бастады. Арыс ауылдық округінен 587 гектар жер бөлініп, инфрақұрылым тарту жұмыстары қолға алынды. Бұл индустриалды аймақта100 мың бас мал бордақылау алаңы, мал сою және өңдеу цехтары, сүт фермалары, биоотын өндіру кешендері, салқындатқыш қоймалар сияқты ауқымды жобалар кезең-кезеңімен 2026–2028 жылдар аралығында іске асырылмақ. Логистикалық орналасуының артықшылығы – Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық дәлізі мен А2 автомагистраліне жақын орналасуы, өндірілген өнімді ішкі және сыртқы нарықтарға жылдам жеткізуге мүмкіндік береді.
Сайрам ауданында ауыл шаруашылығы өнімдерін тек өндірумен шектелмей, оны терең өңдеу арқылы қосымша құн қалыптастыруға баса назар аударылуда. Бұл бағытта ет, сүт, тері, жүн сияқты өнімдерді қайта өңдеу зауыттары ашылып, аймақтың өндірістік әлеуеті кеңейе түсуде. Осындай жобалардың нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, жергілікті бюджеттің табысы артады, халықтың өмір сапасы жақсарады. Бұл – әлеуметтік тұрақтылықтың негізі.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат