Бейсенбі, 27 Қараша 2025 16:14

Түркістан облысы: салалық тапсырмалардың орындалу барысы сараланды

Түркістан облысында маусымаралық тұтыну кестесі ұсынылды. Сондай-ақ биыл «Фермерлік жылыжайларға қойылатын жалпы техникалық талаптар» мемлекеттік стандарты бекітіліп, қазіргі уақытта 801 жылыжай арнайы сертификаттаудан өтті. Таяуда Түркістан облысы әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков өзі жетекшілік ететін салалар бойынша берілген тапсырмалардың орындалу барысын саралады. Кеңесте жауапты басқарма басшылары өз бағыттары бойынша есеп беріп, өзекті мәселелер мен оларды шешу жолдары талқыланды.

Атап айтқанда, «Тұран су» мекемесі жалпы ұзындығы 1063,1 шақырым болатын 71 каналдың құжаттандыру жұмыстарын жүргізуде. Шардара ауданында 425,7 шақырым қашыртқының құжаты толық рәсімделген. Сауран ауданында 91,4 шақырым канал құжаттары мемлекеттік тіркеуге жолданды. Ал Ордабасы, Бәйдібек аудандары мен Арыс қаласында құжаттау жұмыстары жалғасуда. Облыста ветеринариялық қызметті цифрландыру бағытында жасанды интеллект жүйесін енгізу жұмыстары басталды. Сонымен қатар Мақтаарал, Ордабасы, Бәйдібек, Сауран, Созақ, Түлкібас аудандарында 8 мал қорымы жасақталды. Келес, Арыс, Қазығұрт, Сарыағаш, Сауран және Созақ аудандарында ұсақ малды шомылдыруға арналған жасанды су қоймалары (хауыздар) салынды.

Жұмыс тобы 2024 жылы субсидия алған 10 310 шаруа қожалығының салықтық міндеттемелерін тексеріп, оның ішінде 2 476 қожалықтың салық төлемегенін анықтаған. Қабылданған шаралардың нәтижесінде 1 390 шаруашылық берешегін өтеді. Бұл бағыттағы жұмыс әрі қарай жалғаспақ. Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы Шардара ауданындағы балық тұқымбақтарын қайта іске қосу бойынша ақпарат берді. Бүгінде облыста 212 шаруашылық тауарлы балық өсірумен айналысады. Сонымен қатар күзгі ағаш отырғызу науқанына дайындық барысы да пысықталды. Облыстағы 22 тұқымбақ арқылы көшет босату жоспары аудан-қалалардың климаттық жағдайы мен топырақ құнарлылығына сәйкес бекітілген.

Облыс әкімінің орынбасары Нұрбол Тұрашбеков механикалық тазалауды қажет ететін каналдарды саралау, ағымдағы және күрделі жөндеуді қажет ететін су нысандарын нақтылау, шегіртке зиянкесіне қарсы 2026 жылға жоспарланған шараларды пысықтау және қатты отын тасымалын бақылау секілді бірқатар тапсырмалар жүктеді.

Сондай-ақ, Түркістан облысы Келес ауданында биыл 86,9 шақырымды құрайтын 32 канал мен қашыртқыны механикалық тазалаудан өткізу көзделген болатын. Бүгінде 8 нысан, яғни 27,3 шақырымға механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Атап айтқанда, Ошақты ауылдық округінде 16,5 шақырым, Қошқарата ауылдық округінде 6,8 шақырым, Алпамыс батыр ауылдық округінде 4 шақырым канал тазартылған. «Келес ауданы су шаруашылығы» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының теңгерімінде жалпы ұзындығы 1 051,2 шақырымды құрайтын 148 канал және 144 қашыртқы бар. Сонымен қатар аудан аумағынан ағып өтетін Келес өзені бойында «Қазсушар» РМК Түркістан филиалына қарасты Ошақты, Бесабдал, Оймауыт су бөгеттері мен сыйымдылығы 25 млн текше метрді құрайтын «Ақылбексай» су қоймасы орналасқан. Қазіргі таңда мұнда 10,9 млн текше метр су бар, ал су бөгеттері қалыпты жағдайда жұмыс істеуде.

Осы аудандағы Саңырау каналының жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған. Жобаның құны 2,5 миллиард теңгені құрайды. Күрделі жөндеу аяқталған соң 1 850 гектар жер қайта айналымға қосылып, жалпы 3 900 гектар егістік жерге ағын су жеткізу мүмкіндігі артады. Игілік каналының да жобалық құжаттамасы әзірленген. Құны 1,3 млрд теңге болатын жоба мемлекеттік сараптамадан өтуде. Шошым каналы да жаңғыртудан өтпек. Жалпы ұзындығы 27,2 шақырым болатын бұл каналдың Келес ауданы аумағына тиесілі бөлігі 11,5 шақырымды құрайды. Жобаның құны 5,2 млрд теңге. Бүгінгі таңда бұл канал арқылы 725 гектар егістік суарылып отыр. Жобаны іске асыру аяқталғаннан кейін қосымша 682 гектар жер қайта айналымға қосылып, жалпы 1 407 гектар егістік жерге су жеткізіледі. Оған қоса тағы 10 каналдың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге облыстық бюджеттен қаржы қаралып, тамыз айында конкурстық жұмыстар жүргізілді. Бұл жобалар жүзеге асқан жағдайда 4 068 гектар жер қайта айналымға қосылып, 11 621 гектар егістік жерге су беру сапасы жақсарады деп күтілуде.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

 

Оқылды 96 рет