Сейсенбі, 18 Қараша 2025 15:50

Ордабасы ауданында қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр станциясын салу жоспарлануда

Ордабасы ауданында жаңартылатын энергия көздерін дамыту бағытында ауқымды жоба жүзеге аспақ. Атап айтқанда, «ASIA ENERGY Co» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі тарапынан қуаттылығы 50 МВт болатын күн электр станциясын салу жоспарланып отыр.

Бүгін жобаны іске асыру мақсатында аудан әкімі Азат Оралбаев және жоба иесі — Қытай Халық Республикасының инвесторы Чен Жянфенг арасында екіжақты ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Құжат тараптар арасындағы іскерлік байланыстарды, жобаға қажетті қолдаулар мен инфрақұрылымдық жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған ортақ міндеттемелерді айқындайды..

Алдағы уақытта инвестор тарапынан техникалық-экономикалық негіздеме дайындалып, инженерлік іздестіру жұмыстары жүргізіп, инфрақұрылым тарту, электр желілеріне қосу, жерді дайындау сияқты ұйымдастыру шаралары кезең-кезеңімен атқарылмақ. Жоспарланып отырған қуаттылығы 50 МВт күн электр станциясының жобасы — ауданның энергетикалық әлеуетін арттырып, экономикаға оң әсер ететін, энергия көздерін дамыту бағытындағы стратегиялық маңызы бар жаңа бетбұрыс болып табылады.

Ордабасы ауданында бизнес-климатты жақсарту бойынша атқарылған жұмыстардың және ірі жобаларды іске асыру нәтижесінде ауданға 27,9 млрд. теңге инвестиция бағытталып, өсім 22,5 пайызды құрады. Бірыңғай индустрияландыру картасына аудан бойынша 111 млрд. теңгені құрайтын 13 инвестициялық жоба енгізілд.і Аталған жобалар толығымен 2025 жылдың соңына дейін іске асырылады деп күтілуде.  Нәтижесінде, 1 305 жаңа жұмыс орны құрылады. Былтыр 1,2 млрд. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 71 жұмыс орны ашылды.

Атап айтқанда: «Батсу Водоканал» компаниясы темір бетон бұйымдарын өндіреді, құны 1 млрд. теңге, 61 жұмыс орны ашылды. «Ордабасы Арт» спорт клубы құны 200 млн. теңге, 11 адам жұмыспен қамтылды. Оған қоса, «Gold Aluminium» компаниясы алюминий бұйымдарын өндіру жоспарлап отыр.Жобаның құны 3 млрд. теңгені құрайды, 100 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Сондай-ақ, «RZN» компаниясы автоклавталған газоблок өнімдерін өндіру жоспарлап отыр.Жобаның құны 1,5 млрд. теңге, 40 жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Іске асатын жобалар ауданның өндірістік әлеуетін дамытуға септігін тигізері сөзсіз. Жыл соңына дейін 26 млрд. теңгеге 20 жобаның жүзеге асырылуы жоспарлануда. Нәтижесінде, 540 жаңа жұмыс орны құрылады. Жұмыспен қамту мәселесі басты назарда.

Ордабасы ауданының экономикасының негізін ауыл шаруашылығы саласы құрайды.  Ауыл шаруашылығында 55,9 млрд. теңгенің өнімі өндіріліп, өткен жылмен салыстырғанда 2 пайызға артты.  Жалпы, 71,6 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Ауданда 105,1 гектарда жылыжайлар орналасқан, (оның ішінде ағымдағы жылы іске қосылғаны 10,1 гектар), егістік жерлерді игеруде 501 гектарға тамшылатып суғару, 530 гектарға жаңбырлатып суғару жүйелері қолданылуда. Ағымдағы жылы қосымша  гектарға жылыжайлар салынып, жалпы алаңы 1 мың 577 гектардан асты, 117 мың тонна өнім өндірілді.

«Бадам» индустриалды аймағында инвестициялық құны 21 млрд 234 млн теңге құрайтын 439 жұмыс орны бар 6 кәсіпорын орналасқан. Былтыр жыл соңында тағы 2 жоба іске қосылды. Оның бірі «Gold Aluminum» ЖШС – алюминий профильдерін өндіру жобасы. Бұл жобаның инвестициялық құны 3 млрд теңгені құрайды. Кәсіпорында қосымша 100 жаңа жұмыс орны іске қосылған. Сондай-ақ, «RZN» ЖШС – автоклавталған газоблок бұйымдарын өндіру жобасы. Былтыр желтоқсан айында 25 жұмыс орнымен іске қосылды. Бұл жобаның инвестициялық құны – 1,5 млрд теңге. Сондай-ақ, инвестициялық құны 400 млн теңгені құрайтын тағы 2 жобаның құжаттары рәсімделуде. Сондай-ақ, Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан аумақта инфрақұрылым тартылады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы 25 МВТ қосалқы станция, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.

Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілуде (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Былтырғы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер берілді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілген. Алдыңғы жылы жалпы құны 150 млн. теңгеге 11 ойын, спорт алаңшалары пайдалануға берілді.

Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылдың аяғына дейін аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына былтыр 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жыл соңында 17 елді мекен газға қосылды. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленуде. «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда. Жалпы, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін, оның ішінде турникет жүйесімен, бейне-бақылаумен, дабыл кнопкасымен, күзетпен қамту үшін 293 млн. теңге бөлінді. Ыстық тамақпен 1-4 сыныптарының оқушыларын қамтамасыз ету үшін 425 млн. теңге бөлінді. Яғни, биыл бірінші рет осы мақсатта 718 млн. теңге бөлініп, оқушылардың денсаулығы мен қауіпсіздігін сақтауға бағытталып отыр.

Былтыр екі елді мекенде медициналық пункттер ашылды. Төрт ауылда фельдшерлік-акушерлік пункттер салынды. «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдары Ордабасы ауданында 3 медициналық нысан салынды. Әкімшілік-аумақтық бөлініс бойынша Ордабасы ауданында 10 ауылдық округ (Бадам, Бөржар, Бөген, Жеңіс, Қажымұқан, Қараспан, Қарақұм, Төрткөл, Шұбар, Шұбарсу), 57 ауылдық елдімекен орналасқан. Аудандағы ең үлкен су қоймасы – Бөген су қоймасы. Бөген су қоймасының сыйымдылығы — 37 миллион текше метр. Ол Бөген, Арыс өзендерінің суларымен толығып отырады. Бұдан бөлек ауданда Бөржар, Теспе су қоймалары бар.Аудандағы жерасты суларының қоры ретінде Бөген жер асты су көздерін атауға болады, Қайнар, Визит, Бекзат бақ, Темірлан минералды суларына арнайы рұқсатпен пайдалануға берілген.

Ордабасы ауданы бойынша ірі қара 60600, қой және ешкі 351076, жылқы 20008, түйе 478 басқа жетті. Жұртшылық шаруашылық малдарына қызмет көрсететін ветеринариялық-санитарлық объектілер: ветеринариялық станциялар-8, ұсақ малдарды шомылдыру орындары-24, жасанды ұрықтандыру пунктері-14, биотермиялық шұңқырлар саны-7. Ордабасы ауданында жалпы жайылымдық жер 103992 гектарды құрайды, Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің 2015 жылдың 14 сәуірдегі № 3-3/332 «Жайылымның жалпы алаңы жүктемесінің, шекті рұқсат етілетін нормасын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес, мал басына шаққандағы жайылымды есептей келе барлығы 1 284 725 гектар жайылым жер учаскесі қажет екендігі анықталды. Аудан бойынша барлығы 431684 бас (60600 ірі қара, 20008 жылқы, 351076 уақ мал, 478 түйе) көлемі 103992 гектар жайылымды пайдаланады, осы көрсетілген малдардың ішінде барлығы 17603 бас (5869 ірі қара, 1697 жылқы, 10037 уақ мал) мал бір орында, қоралық жағдайда ұсталалып, бордақыланады.

Жоғарыда көрсетілгендердің негізінде Ордабасы ауданында жалпы 431684 бас малға көлемі 1 180 733 гектар жайылым жер жеткіліксіз екендігі байқалады. Ордабасы ауданындағы жайылымдық жердің жеткіліксіздігін шешу үшін, жайылымдық жерлерге түсетін жүктемені азайтып, мал өсіруді жайылымдық-қоралық жүйеден жайылымды қажет етпейтін мал өсіру жүйесіне (қорада ұстап бағу, бордақылау) ауыстыру қажет. Алдыңғы жылы қазан айында аудан әкімі жергілікті кәсіпкерлермен Қытай Халық Республикасына іс-сапарға барды. Іс-сапардың басты мақсаты – экономикалық дамуы бойынша тәжірибе алмасып, облыс аумағында зауыт-фабрикалар ашу, халықтың әл-ауқатын арттыру. Іс-сапар барысында Ордабасы ауданы бойынша өңдеу өнеркәсібі саласында кәсіпорындарын құру мүмкіндігі талқыланды.

Сонымен қатар, Мемлекет басшысының «10 мың тұрғынға 100 тұрақты жұмыс орындарын ашу» жөніндегі тапсырмасының аясында 1 102 жұмыс орындары ашылды. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының тапсырмасы негізінде, жастар арасында кәсіпкерлік бастамаларын қолдау мақсатында биыл жасқа несие беру көзделді.Несие жеңілдетілген 2,5 пайызбен 5 млн. теңгеге дейін беріледі. Бүгінгі таңда, комиссияда жастың жобасы мақұлданып, кәсіпкерлігін дамытуға қолдау тапты. Халықтың табысын арттыруға бағытталған жұмыстар өз жалғасын табатын болады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 295 рет