Сейсенбі, 18 Қараша 2025 17:20

Ордабасылық кәсіпкер жыл сайын 4 гектардан 360 тоннаға жуық сапалы көкөніс алып, нарыққа шығаруда

Ордабасы ауданында соңғы жылдары жылыжай шаруашылығында жаңа серпін қалыптасты. Соның жарқын мысалының бірі ауданға қарасты Шұбарсу елді мекеніндегі – «Алан-Нұр» жылыжай кешені.

«Алан-Нұр» шаруашылығының төрағасы Нұрлан Алимханов жылыжай ісіне 2017 жылы кірісті. Алғашқыда 1 гектар аумақта тәуекелге толы тірлік бастады. Дұрыс жоспарлау мен үздіксіз жұмыстың арқасында шаруашылық жыл сайын кеңейіп, 2025 жылға қарай жер көлемі 4 гектарға жетіп, ірі өндірістік жылыжайға айналды.Бүгінде аумақтың аграрлық әлеуетіне елеулі үлес қосып отыр.

Бұл жолда мемлекет қолдауы да маңызды рөл атқарды. Кәсіпкер өз қаржысына қосымша «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 29,8 млн теңге көлемінде қолдау алып, кәсібіне инвестиция салды. Нәтижесінде заманауи технологиямен жабдықталған тұрақты өндіріс орны құрылды.Жылыжайда негізінен қияр мен қызанақ өсіріледі. Заманауи тамшылатып суару технологиясы еңбек өнімділігін айтарлықтай арттырып, бір гектардан 90 тоннаға дейін өнім алуға мүмкіндік береді.

Жалпы 4 гектардан жыл сайын 360 тоннаға жуық сапалы көкөніс нарыққа шығарылады. Өндіріс көлемінің артуы жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашты. Бүгінде жылыжайда 30 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Бұл бірегей кәсіптің өркендеуі - табанды еңбектің, батыл қадамның жемісі. «Алан-Нұр» жылыжайының жетістігі – жас кәсіпкерлерге үлгі. Қиындықты еңсеріп, заманға сай технологиямен жұмыс істеп, ауылда да табысты бизнес қалыптастыруға болатынын дәлелдейтін нақты мысал.

Осы тұста «Ауыл аманаты» жобасы бойынша берілетін несиенің артықшылығы туралы сөз ете кетсек. «Ауыл аманатының» артықшылығы — берілетін несие пайызының аздығы, әрі ауылдық жердегі үйді кепілдікке қоюға болатыны. Сондай-ақ аталған жобаға кез-келген жұмыссыз ауыл тұрғынының қатыса алатыны. Кездесуге келген шұбарлықтар облыс әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлына, аудан әкіміне жоба және несиелеу шарттарына қатысты өздерін толғандырған сұрақтарын қойды. Облыс әкімінің орынбасарының келесі кездесуі Бадам ауылындағы «Бөрте милка» сүт фермасында өткен болатын. Онда ол бірнеше кооператив төрағаларымен кездесіп, «Ауыл аманаты» жобасының тиімділіктерін түсіндірген еді.

Көпшілікті қызықтырған, пайыздық мөлшерлемесі өте төмен бұл қандай несие? Ауыл халқы бұл несиені қалай алады? Қойылатын талаптары мен шарттары жеңіл ме? Бұл жоба «AMANAT» партиясымен бірлесіп, жүзеге асырылады. «Бұл — ауылдарды көтеруге мүмкіндік беретін нақты қадамдар. «AMANAT» партиясы мен Үкіметтің міндеті — «Ауыл аманаты» жобасын бүкіл елге масштабтау. Жобаның барлық артықшылықтары туралы халықты дұрыс ақпараттандыру маңызды», — деп атап өткен-ді «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов.

Жоба мақсаты — ауыл тұрғындарының әл-ауқатын жақсарту және ауыл азаматтарын жұмыспен қамту. Негізінен бағдарламаның пилоттық жобасы Ақтөбе облысында күзден бастап, ал Жамбыл облысында пилоттық режимде 2019 жылы басталып, сәтті іске асырылды. Биыл оған 100 миллиард теңге бөлінеді. Бұл қаражатқа 17 мың микронесие беріліп, 18 мың ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылмақ.

Ал несиенің шарттары мынадай:

Пайыздық мөлшерлемесі – 2.5 %.

Мерзімі – 5-7 жыл.

Ең жоғарғы қарыз мөлшері – 8.6 миллион теңге.

Коопертивтер үшін – 27.6 миллион теңге.

Қаражатты ісін жаңа бастаған және жұмыс істеп жүрген кәсіпкерлер; зейнеткерлік жасқа толмаған жұмыскерлер; жеке кәсіпкер ретінда тіркелмеген бірақ, тауарларды өндіру немесе өткізумен айналысатын, жұмыстарды орындауды және қызмет көрсетуді дербес жүзеге асыра алатын тұлғалар және еңбекке қабілетті, өз кәсібін бастауға ниетті ауыл мен шағын қала тұрғындары ала алады.

«Бұл несие тек ауылдар мен шағын қала тұрғындарына арналған. Бізге ақпарат сұрап, қала тұрғындары да хабарласып жатады. Бірақ бұл – ауылды дамытуға арналған бағдарлама. Сондықтан бұған көпшілік түсіністікпен қарағаны жөн. Елімізде бұған дейін мұндай бағдарлама болған емес. Бұрын осыған ұқсас бағдарлама болды, онда көпбалалы отбасыларға ғана 4 пайызбен берілген. Ал қазір мұның ауқымы кеңейді. Бұл жоба әр өңірде жергілікті басқару органдары арқылы жүзеге асырылады. Олар қаржы бөлетін операторларды анықтаса болды, ақша дайын тұр», — дейді Ауыл шаурашылығы министрлігінің баспасөз хатшысы Дамир Егізбаев.

Кредит алуға ниетті азамат жергілікті әкімдікке келіп, өтініш береді. Ол өтініш аудандағы оператор – ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне жолданады. Ал кооператив рұқсат берсе болды, мәселе шешілді деген сөз. Негізінен шарттары да оңай. Сұралатын құжаттар да көп емес. Біріншіден кепілдікке қойылатын мүлкің болуы керек. Мәселен, ауылдағы үйің немесе техника, көлік болуы мүмкін. Шыны керек, қазіргі уақытта ауылдағы үйлерді кепілдікке қойып, қандай банк кредит беріп жатыр? Сондықтан да, бұл мүмкіндікті жастар пайдаланып қалуы керек.

Естеріңізде болса, «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов Мемлекет басшысы өзінің сайлауалды бағдарламасында ауылдағы өмір сүру деңгейін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударғанын атап өткен-ді. Таяудағы 7 жылда ауыл тұрғындарының табысын арттыруға 1 триллион теңге бөлу көзделген, бұл ауыл шаруашылығында 350 мыңнан астам сапалы жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендердегі жұмыссыздық пен атаулы әлеуметтік көмек алушылар санын азайту, сонымен қатар өзін өзі қамтушыларды заңдастыру. Бағдарламаның қалай жүзеге асырылатыны және несиелеудің шарттарына тоқталатын болсақ, ең бірінші кезекте жобаны іске асыруда жеке қосалқы шаруашылықтарды кооперативтер негізінде дамытуға басымдылық беріліп жатқанын айтты.

Несие алу үшін ауыл тұрғындары алдымен ауыл әкімдіктеріне өтінім білдіру қажет. Бұл жобаның ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындарын құруға, мал мен құстың санын көбейтуге, шағын кәсіпкерлікті ашу арқылы халықтың табысын арттыруға және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге септігі тиеді деген ойдамын. Шартта көрсетілгендей, несие алушы кем дегенде бір жыл сол жергілікті ауылдың тұрғылықты азаматы болуы керек. Оған қоса, міндетті түрде кепілге қоятын жылжымайтын мүлкі болуы шарт. Егер кепіл болмаған жағдайда туыстардың кепілін пайдалануға болады. Бағдарламада уақыт шектеуі жоқ. Аталған жоба 2023-2025 жылдар аралығында жүзеге асырылады. Микрокредит мерзімі – 5 жыл, мал шаруашылығы жобаларына 7 жылға дейін беріледі. Жылжымайтын кез-келген мүліктің 60 пайызы бағаланады. Бір жылға дейін демалыс қарастырылған.

Бұл ретте Түркістан облысы кәсіпкерлер палатасы облыс бойынша «Жұмысшы топ» құрамымен бірге барлық аудандарды аралап, бағдарламаның концепциясын құруға, басым бағыттарын таңдауға, несие беру ережесіне қатысады. Нақтырақ айтқанда, палатаның қызметі жобаларды сүйемелдейді, бизнес жоспар дайындап береді, құжаттарды жинақтауға көмек береді.

Несие алушыға ауыл тұрғындарының ауыл шаруашылығы кооперативіне кіруіне кеңес береміз. Неге десеңіз, бұл арзан бағамен жем сатып алуға, жер жыртуға, қоқыс шығаруға, арнайы техникаларды арзан бағамен пайдалануға мүмкіндік береді. Қысқасы, кооперативке бірігудің пайдасы көп. Бірінші кезекте сату мәселесі шешіледі. Мәселен, кооперация мүшесі 8,6 миллион, ал төрағасы 27 миллион теңге ала алады.

Айта кету керек, Ордабасы ауданының ауыл шаруашылығы, өндіріс саласын дамыту мәселесі —облыс, аудан басшылығының жіті назарында. Ордабасы ауданында облыс басшысының тікелей тапсырмасымен бірқатар игі істер атқарылып келеді. Шұбарсуда кәсіпкер өз қаражатына 2000 орындық мектеп салды. Заманауи талаптарға сай білім ұясында балалар үшін барлық жағдай жасалған. Мектепте екі ауысымда 4 мыңға жуық оқушының білім алуына мүмкіндік бар. Құрылысты сапалы жүргізу үшін ауылдан 6 цех ашылған. Онда мектептің жиһаздары, терезе және құрылыс материалдары жасап шығарылды. Сондай-ақ, Темірлан елді мекенінде жеке кәсіпкер есебінен 70 гектар жерде 22 тұрғын үй салына бастады. 22 үй «Отбасы банк» арқылы беріледі. 50% банктен, 50% бюджеттен 0,1% қайтарымды негізде қаржыландырылады. Бұл баспана мәселесін шешудің тиімді жолы болмақ.

Ордабасы ауданында жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жоба, алюминий профилін өндіру цехы мен «Александровский сад» – көкөністерді өңдеу цехы іске қосылған. Қазіргі уақытта қосымша газоблок және металл конструкцияларын жасайтын екі цехтың құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылғанда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.

Өндіріс хақында сөз қозғағанда, «Бірыңғай Индустрияландыру картасы» аясында іске қосылған «KARLSKRONA LC AB» машина жасау зауыты туралы да айтпай өтуге болмас. Жоба құны 1,7 млрд. теңгені құрайтын Бадам ауылдық округіндегі кәсіпорында гидравликалық және пневматикалық жабдықтары, шойын, болат және құрылыс металл шығарылады. Болат құю өнімдерін, стандартты емес және электр жабдықтарын өндіруге арналған машина жасау зауыты жылына 5000 тонна өнімді ішкі нарыққа өткізеді.

Алдыңғы жылы көктемде Түркістан облысы әкімінің орынбасары Ермек Кенжеханұлы Ордабасы ауданына жұмыс сапарымен келіп, Шұбар және Бадам ауылдық округінің тұрғындарымен кездескенін, сол кездесуде аталған «Ауыл аманаты» жобасы туралы жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізгенін де естеріңізге сала кетейік. Шұбарлықтармен болған сол кездесуде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміз бойынша іске асырылып жатқан «Ауыл аманаты» жобасы, оның ішінде ауылдағы азаматтардың тұрмысын түзеуге бағытталған жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын жеңілдетілген несие туралы толыққанды ақпарат берілді.

Аталған жоба аясында Ордабасы ауданында Шұбар және Бадам ауылдық округтері пилоттық үлгіде таңдалып алынған. Мысалы, Шұбар ауылдық округінде мал бордақылау бағытына басымдық беріліп отыр. Қазірдің өзінде 70-тен астам шұбарлық азамат тиісті қаржы ұйымына несие рәсімдеу үшін құжаттарын өткізіп үлгерген.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 254 рет