Жұма, 12 Қыркүйек 2025 15:58

Түркістан қаласы: салықтық түсімдерге қатысты арнайы жиын өтті

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлының төрағалығымен салықтық түсімдерге қатысты арнайы жиын өтті. Жиынға Түркістан қаласы мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы Ш.Жаңбырбаев, білім бөлімінің басшысы Б.Төлімбет, қалалық полиция басқармасының өкілдері, бөлім басшылары, сондай-ақ мониторинг және жедел әрекет ету орталығының өкілдері қатысты.

Жиын барысында биылғы жылдың үшінші тоқсанына қатысты түйінді индикаторлар бойынша болжамды мәліметтер ұсынылып, бөлімдердің осы бағытта атқарған жұмыстарының есебі тыңдалды. Сала мамандарының айтуынша, 2025 жылдың қаңтар–тамыз айларында Түркістан қаласы бойынша мемлекеттік кірістер жоспары толығымен орындалған. Сонымен қатар, кәсіпкерлік мақсатындағы жылжымайтын мүлікті қайта бағалау нәтижесінде оң өзгерістер байқалады. Бағалаудан өткен 685 нысанның бұрынғы құны 16,9 млрд теңге болса, қайта бағалау нәтижесінде олардың құны 81,9 млрд теңгеге жеткен. Бұл алты есеге артып, жергілікті бюджетке қосымша 366,5 млн теңге мүлік салығының түсуіне мүмкіндік беретінін жеткізді.

Әзімбек Пазылбекұлы қала аумағында заңдылықты қамтамасыз ету және салық базасын кеңейтуге бағытталған бірқатар міндеттемелерді жүктеді. Атап айтқанда, мемлекеттік және жекеменшік мектептер мен балабақшаларда жұмыс істейтін қызметкерлердің, сондай-ақ ауруханалардағы мамандардың тізімін жинақтап, кірістер басқармасына ұсынуды тапсырды. Сонымен қатар, өзге өңірлерде орналасқанымен, Түркістан облысына қарасты мекемелерді қалаға тіркеу және құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан мердігер компанияларды заң аясында есепке қоюды міндеттеді.

Сондай-ақ, қала аумағындағы қонақ үйлердің қызметін талдап, кәсіпкерлік мақсатта пайдаланылып отырған ғимараттардың мемлекеттік қабылдау актілерін қайта зерделеу, заңсыз жұмыс істеп жүрген шетел азаматтарын және рұқсатсыз құрылыс жүргізіп жатқан жеке кәсіпкерлерді анықтап, оларға қатысты заңға сәйкес шара қабылдауды тапсырды. Қала басшысы аталған бағыттағы жұмыстарды қатаң бақылауына алатынын атап өтті.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 85 рет