Жексенбі, 19 Қазан 2025 16:38

Сауран ауданындағы 5 өндіріс алаңына 115 цех салу жоспарланып отыр

Сауран ауданында шағын кәсіпорындар саны артып келеді. 2024-2026 жылдар аралығында ауданның бірнеше ауыл округтерінде өндіріс аймақтары құрылуда. Бірінші кезеңде Қарашық, Иассы, Жүйнек, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен 55 гектар жер бөлініп, 5 өндіріс алаңы құрылды. Осы алаңдарға 115 цех салу жоспарланып отыр.

Қазірдің өзінде 60 кәсіпкермен меморандум түзілген, 30 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске асқанда 30 млрд.теңге көлеміндегі инвестиция тартылып, 1 094 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Таяуда облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков осы жұмыстармен танысу мақсатында Сауран ауданына арнайы іссапармен келді. Сапар аясында аудан аумағында ауыл округтерде бой көтеріп жатқан өндіріс аймақтарының жұмысымен танысып, кәсіпкерлермен кездесті.

Сапар кезінде облыс әкімінің орынбасары Иассы және Қарашық өндіріс аймақтарындағы құрылыс жұмыстарын көрді. Ең бірінші кезекте Еңбекші Дихан ауылында орналасқан «Иассы» өндіріс алаңымен танысты. Мұнда 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 24 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 16 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 600-ден астам адам жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы инвестициялық көлемі 6,3 млрд теңгені құрайды.

Қарашық ауылында шағын өндіріс алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 20 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазірдің өзінде 12 кәсіпкермен меморандум түзілген, құрылыс жұмыстары басталды. Жобаның толық іске қосылуы арқылы 170-ке жуық тұрғын жұмыспен қамтылмақ. Өндіріс аймағының жалпы құны — 4,5 млрд теңге.

Сонымен қатар, облыс әкімі Жүйнек ауылдық округінде «ASIA BREND» жиһаз кәсіпорнын аралады. Онда 30 қызметкер тұрақты түрде еңбек етеді. Кәсіпорын жатын бөлмеге, қонақ бөлмеге, балаларға арналған жиһаз түрлерін, ас үй сөрелерін, шкафтар мен шифоньерлерді шығарады. «DIVALUX» жиһаз цехында болды. Цех 2 гектар аумақта 120 адамды жұмыспен қамтып отыр. Қазақстанның әр өңірінен тапсырыс қабылдайтын кәсіпорын айына 500-ге жуық жиһаз түрін шығарады. Өндіріске қажетті шикізат Түркиядан жеткізіледі, ал мамандарды кәсіпорынның өзі оқытып, даярлайды. Кәсіпорын жиһаздың 40-қа жуық түрін әзірлейді.

Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары Талғат Қозбеков аудан аумағында қолға алынған өндірістік аймақтардың құрылысын көріп, кәсіпкерлердің жұмысымен танысты. Ол жобалардың жүзеге асуы өңірдің экономикалық әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарының ашылуына кең жол ашатынын атап өтті.

Сауран ауданы соңғы жылдары даму қарқынын үдетіп келеді. Ауданның жалпы өңірлік өнімі 36,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 43,6%-ға өскен. Негізгі экономикалық салалар – ауыл шаруашылығы (40%), өнеркәсіп (35%), құрылыс (19%) және сауда (6%). Жыл соңына дейін 135 млрд теңгенің өнімі өндірілмек. – Ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды дамыту тоқтамау керек. Сауран ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау қажет. Салықтан жалтарудың жолын кесіп, халықты бұл мәселеде үйретуіміз керек. Қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды. Орта кәсіпті дамытуымыз қажет, осы бағытта нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл бойынша кірістер басқармасымен бірлескен жұмыстарды күшейту қажет, – деді Нұралхан Көшеров.

Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі – 29,5 млрд теңге. Шаға өндірістік аймағында 10 кәсіпорын іске қосылып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін 254 жоба жүзеге асырылып, 4 162 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Облыс әкімі бұл көрсеткіштерді оң бағалап, жұмысты әрі қарай жандандыру қажеттігін атап өтті. “Экономиканы әртараптандыру, инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру – басты міндет. Әкімдер мен басқарма басшыларына салғырттыққа жол беруге болмайды,” – деді Көшеров.

Сауран ауданында туризмді дамыту – облыс әкімінің ерекше бақылауында. Ауданға биылғы 7 айда 65 мыңнан астам турист келген. Атап айтқанда, Сауран қалашығы, Үкаша ата мен Жүсіп ата кесенелері туристердің сүйікті орындарының бірі болып отыр. Ауданға 3,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 7 туристік нысанның құрылысы жүргізілуде. Ақсу шатқалында экотуризмді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және экологиялық жобаларды енгізу жоспарланған. Ауданда инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Құрылыс көлемі 5,4 млрд теңгеге жетіп, 29,2 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы 7 елді мекенге ауыз су желілері тартылуда. Газдандыру деңгейі – 43,3%.

Жеті айдың ішінде 18 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 114,3% өсімді көрсеткен. 45 493 гектар жерге егіс егілген. Қарбыз, қауын және көкөніс өнімдері Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталып отыр. Облыс әкімі кәсіпкерлік саласындағы серпінді жобаларға ерекше назар аударды. Сүт зауыты, тері өңдеу өндірісі – алдағы уақытта іске асырылатын маңызды жобалар қатарында. Бұл жобаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру қарастырылады. Нұралхан Көшеров аймақтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, аудан әкімдігі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақтың экономикалық қарқынын бәсеңдетпей, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесе жұмыс істеу қажеттігі айтылды.

Өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, Сауран ауданының 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 240 рет