Жұма, 17 Қазан 2025 16:21

Сауран ауданында мақта жинау науқаны басталды

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров мақта терімі жүріп жатқан алқаптарды аралап, шаруалардың жұмысымен танысты. Ағымдағы жылы аудан көлемінде 11 975,6 гектар жерге мақта дақылы орналастырылған.

Оның басым бөлігі Ескі Иқан ауылдық округінде егілсе, қалған аумақ Жүйнек, Қарашық, Шаға, Жібек Жолы, Шорнақ, Жаңа Иқан, Иассы, Оранғай және Үшқайық ауылдық округтерінде орналасқан. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 1 054 гектарға артық. Шаруашылықтарда өнімділікті арттыру мақсатында тамшылатып суғару әдісі кеңінен енгізілуде. Бұл тәсіл суды үнемдеуге, жер құнарлылығын сақтауға және мақтаның сапасын жақсартуға мүмкіндік беріп отыр. 2024 жылы аудан бойынша орташа түсім 31,2 центнерді құрап, 34 174 тонна мақта жиналған болатын. Биыл бұл көрсеткішті жақсартып, жалпы 38 320 тонна өнім алу жоспарлануда. Қазіргі таңда шаруалар 4 434 гектардан өнім жинап үлгерді. Орташа түсім 37 центнерді құрап, барлығы 11 963 тонна мақта қамбаға құйылды.

Мақта қабылдау жұмыстарын «Goldеn Cotton» ЖШС, «Қазақстан мақта» ЖШС, «Нұр Агро-73» ЖШС , «Картекс» АШӨК және «Казтекс» ЖШС жүзеге асырады. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров шаруалармен пікірлесіп, агроөнеркәсіп саласында мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдауларға тоқталып, еңбеккерлердің қажырлы еңбегіне табыс тіледі. Сондай-ақ өнімділікті арттыру және жиналған мақтаны дер кезінде өткізу бойынша жауапты мекемелерге нақты тапсырмалар берді.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Осыған орай, егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде.

Осы тұста тағы бір айта кетерлігі, Сауран ауданында өнеркәсіптен бөлек, ауыл шаруашылығына ірі инвестиция тартылып, мақта өндірісіне жаңа технология енгізілмек. Шетелдік инвестор «Turkistan Golden Cotton Ageralular technology Co.Ltd» компаниясы жергілікті «ИС Жангир» ЖШС-мен бірлесіп, жер телімдерін ортақ пайдалану туралы келісім жасады. Көктемде аудан әкімі Мақсат Таңғатаров шетелдік инвесторлармен жер телімінің басында кездесіп, олардың алдағы жоспарларын тыңдағаны белгілі. Жоба аясында мақта егісі заманауи тамшылатып суғару әдісімен жүзеге асырылатын болады делінген болатын. Жалпы жоба құны – 7 млрд теңге. Алғашқы бес жыл ішінде мақта өсіруге арналған жер көлемін 1000 гектардан 12 мың гектарға дейін ұлғайту жоспарланған. Өндірістік қуаттылығының бірінші кезеңінде 50 мың тонна мақта өнімін шығару көзделіп отыр.

Қазіргі уақытта екі тарап келісімшартқа қол қойып, іске кірісіп кетті. Мақта өсіру базасына жұмысшыларға арналған контейнерлер жеткізілді, ал жер өңдеу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл жоба аймақтың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға және мақта өндірісінің сапасын арттыруға үлкен серпін бермек.

Орай келгенде айта кетерлігі, өткен жылы облыс әкімдігі мақта-тоқыма кластерін салу жобасын әзірледі. Ол толық іске асырылған жағдайда өңірде 75 зауыт, кәсіпорын және фабрика салу есебінен 9 мақта тоқыма кластері құрылатын болады. Күтілетін нәтиже – 40 мыңнан астам жаңа жұмыс орны, бюджетке жыл сайын шамамен 26,2 миллиард теңге түсім. Жобаны толық іске асыру үшін инвестициялық субсидиялар қажет. Өзбекстанмен екіжақты ынтымақтастықты дамыту аясында Global Textile компаниясымен тоқыма кластерін құру жөніндегі бірлескен жоба іске асырылуда. Компания облыста тоқыма бұйымдарын өндіруді жолға қоюға ниетті. Сондай-ақ отандық тоқыма кәсіпорындарын қолдау үшін әкімдік мемлекеттік сатып алу шеңберінде отандық қамту үлесін 70 пайызға дейін арттыруды ұсынды. Содан кейін қорғаныс, білім беру, медициналық, теміржол және басқа салалардан тоқыма өнімдеріне сұраныс отандық өнімдермен қамтамасыз етілуі мүмкін.

Елде тоқыма, тігін өнеркәсібімен қатар жергілікті тұқым шаруашылығын дамыту да мақта саласын толыққанды дамыту үшін қажет. Жергілікті тұқым шаруашылықтары мақта өсірушілердің қажеттіліктерінің тек 55 пайызын тұқыммен қамтамасыз етеді. Бұдан басқа, тауар өндірушілерді жергілікті өндірістің тұқымымен толық қамтамасыз ету үшін облыс аумағында орналасқан аграрлық саланың ғылыми мекемелерін әкімдіктің басқаруына беру ұсынылады.

Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  7 мыңға  жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты. Ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 90 рет