Қазіргі таңда ауданға қарасты 12 ауылдық округ аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 30 нысан Ескі Иқанда бой көтеруде. Бүгінгі күнге дейін 25 алаңның құрылысы басталып кеткен. Жоба толық іске қосылғанда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады деп күтілуде.
Бұл бастаманың басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір орталықта шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға әрі жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ санитарлық және ветеринарлық талаптар бірыңғай бақылауда ұсталып, ет өнімдерінің сапасы мен көлемін арттыруға жол ашады. Сонымен қатар, сервистік қызметтерді орталықтандыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Ең бастысы – ауылдық жерлерде жаңа жұмыс орындары ашылып, халықтың табысын арттыруға, өңірдің экономикалық белсенділігін көтеруге ықпал етпек.
Мал шаруашылығын дамыту – ауылдық жерлерде жұмыспен қамту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірлік экономиканы әртараптандырудың маңызды тетігі екені белгілі. Ел Президенті ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп отыр. Сол бағыттағы нақты бастамалар осындай жобалар арқылы жүзеге асуы қажет екені айтпаса да түсінікті. Бұл – елді мекендердегі еңбекке қабілетті азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беретін тиімді модель. Бастама жүйелі іске асатын болса, Сауран ауданы мал шаруашылығы бойынша Түркістан облысында алдыңғы қатарға шығары сөзсіз дейді мамандар. Жергілікті тұрғындар мен жеке кәсіп иелерімен кездесу кезінде аудан әкімі мен әкімдіктің тиісті сала мамандары жобаның іске асырылуына орай ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері жөнінде ұдайы ақпарат беріп келеді.
Осы тұста айта кетсек, Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде жыл басында 20 гектар аумақта ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысы бастау алған болатын. Бұл кешенде 5000 бас ірі қара мал бордақыланып, ет, жем өндірісі және тері өңдеу бағыттары бойынша жұмыс жасайтын болады. Нысанның негізін «Мырзахан» шаруа қожалығының басшысы Мырзахан Байтурсынов қалаған. Кешен құрамына бордақылау алаңы, мал сою, тері өңдеу, қан, тұяқ өңдеу алаңы мен мал дәрілеу, ветеринар, шөп жинау, жем жинау, малға жем дайындау, тыңайтқыш өңдеу алаңдары болады.
Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталып, 2026 жылдың қазан айының аяғына дейін аяқтау жоспарланып отыр. Нысан толық іске қосылғанда, бұл жерде 60-тан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Бұл кешен аудандағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен серпін береді. Мал бордақылау арқылы ет өндірісі көлемі артып, ішкі нарықта жоғары сапалы өнімдер қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, тері және тыңайтқыш өңдеу цехтарының іске қосылуы шикізатты толық пайдаланып, қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрақты табыс көзін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, өңір экономикасы күшейіп, салық түсімдерінің артуы арқылы ауданның инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаржы бөлінеді. Бұл жоба — өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болып табылады.
Сондай-ақ, Сауран ауданына қарасты Үшқайықауылдық округында да ауыл шаруашылығы саласында тың жобалар қолға алынуда. Өңірдегі кәсіпкерлік белсенділік пен инфрақұрылымдық қолдау арқасында мал бордақылау саласына ерекше көңіл бөлініп, осы бағыттағы ниет білдіруші кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетілуде. Үшқайық ауылдық округінде де жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Жоба аясында 13 жеке алаң құрылып, әртүрлі мақсаттағы мал бордақылау қызметтері ұйымдастырылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 1,1 млрд теңгені құрайды. Аудан әкімі көктемде құрылыс алаңына барып, кәсіпкерлермен жеке кездесіп, жобаның инфрақұрылымдық талаптарын орындауға және құжаттандыру мәселелерін шешуге қажетті толық қолдау көрсетілетіндігін мәлімдеген болатын. Толық құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мал бордақылау алаңы 40-тан астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.
Жалпы, өткен жылы Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамып, егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл қорытындысы бойынша 43,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Соның нәтижесінде 873,3 тонна өнім өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділік 105,3%-ға артты. Бұл жетістік саладағы өсімнің айқын көрсеткіші. Биыл аталған көрсеткіштерді одан әрі арттыру мақсатында 44,2 мың гектар жерге егістік дақылдарын орналастырылған болатын. Сонымен қатар 1,2 гектар жерге жылыжай өнімдері отырғызылды. Жаңа техникалар кеңінен қолданылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Жаңбырлатып және тамшылатып суғару әдістерінің көлемі артып, алқаптарды суарудың тиімділігі артуда.
Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 мыңға жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты. Ауылдарды дамыту бойынша алға қойған жоспарлар көп, соған байланысты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады.
Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді.
Сауран ауданында ауылшаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-ң құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат