Қарашық, Иассы, Үшқайық, Шорнақ және Жүйнек ауылдық округтерінде шағын өндірістік алаңдардың құрылысы басталып, қазіргі таңда олардың инфрақұрылымы қалыптастырылуда. Бұл алаңдарға арнайы жер телімдері бөлініп, кәсіпкерлерге рәсімдеу бойынша қажетті ұсыныстар берілді. Мұндай қадам әр саладағы кәсіп иелерін бір орталыққа шоғырландырып, өндіріс орындарының жұмысын жүйелі жолға қоюға, сондай-ақ өнімдерді бірлесе нарыққа шығаруға мүмкіндік береді.
Аудан әкімі өз сөзінде: – «Кәсіпкерлікті дамыту – аудан экономикасының тірегі. Біз әрбір кәсіпкерге қолайлы жағдай жасап, өндірістік алаңдардан жер телімдерін бөліп берумен қатар, толыққанды инфрақұрылыммен қамтамасыз етеміз. Бұл қадам кәсіпкерліктің өркендеуіне, жаңа жұмыс орындарының ашылуына және аудан экономикасының нығаюына ықпал етеді», – деді.
Кездесуде кәсіпкерлер тарапынан ұсыныстар тыңдалып, олардың шешімін табуға қатысты нақты тапсырмалар берілді. Алдағы уақытта Бабайқорған, Ескі Иқан, Жаңа Иқан және Майдантал ауылдық округтерінде де осындай өндірістік алаңдар салу жоспарланып отырғаны атап өтілді. Бұл өз кезегінде аудан көлемінде кәсіпкерлік аясын кеңейтіп, жаңа өндіріс орындарын ашуға жол ашпақ.
Сауран ауданы соңғы жылдары даму қарқынын үдетіп келеді. Ауданның жалпы өңірлік өнімі 36,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 43,6%-ға өскен. Негізгі экономикалық салалар – ауыл шаруашылығы (40%), өнеркәсіп (35%), құрылыс (19%) және сауда (6%). Жыл соңына дейін 135 млрд теңгенің өнімі өндірілмек. – Ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды дамыту тоқтамау керек. Сауран ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау қажет. Салықтан жалтарудың жолын кесіп, халықты бұл мәселеде үйретуіміз керек. Қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды. Орта кәсіпті дамытуымыз қажет, осы бағытта нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл бойынша кірістер басқармасымен бірлескен жұмыстарды күшейту қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі – 29,5 млрд теңге. Шаға өндірістік аймағында 10 кәсіпорын іске қосылып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін 254 жоба жүзеге асырылып, 4 162 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Облыс әкімі бұл көрсеткіштерді оң бағалап, жұмысты әрі қарай жандандыру қажеттігін атап өтті. “Экономиканы әртараптандыру, инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру – басты міндет. Әкімдер мен басқарма басшыларына салғырттыққа жол беруге болмайды,” – деді Көшеров.
Сауран ауданында туризмді дамыту – облыс әкімінің ерекше бақылауында. Ауданға биылғы 7 айда 65 мыңнан астам турист келген. Атап айтқанда, Сауран қалашығы, Үкаша ата мен Жүсіп ата кесенелері туристердің сүйікті орындарының бірі болып отыр. Ауданға 3,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 7 туристік нысанның құрылысы жүргізілуде. Ақсу шатқалында экотуризмді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және экологиялық жобаларды енгізу жоспарланған. Ауданда инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Құрылыс көлемі 5,4 млрд теңгеге жетіп, 29,2 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы 7 елді мекенге ауыз су желілері тартылуда. Газдандыру деңгейі – 43,3%.
Жеті айдың ішінде 18 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 114,3% өсімді көрсеткен. 45 493 гектар жерге егіс егілген. Қарбыз, қауын және көкөніс өнімдері Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталып отыр. Облыс әкімі кәсіпкерлік саласындағы серпінді жобаларға ерекше назар аударды. Сүт зауыты, тері өңдеу өндірісі – алдағы уақытта іске асырылатын маңызды жобалар қатарында. Бұл жобаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру қарастырылады. Нұралхан Көшеров аймақтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, аудан әкімдігі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақтың экономикалық қарқынын бәсеңдетпей, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесе жұмыс істеу қажеттігі айтылды.
Өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, Сауран ауданының 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге инвестиция тартылады.
Туризм саласында 14 жоба енгізілсе, оның 4-еуі биыл ашылмақ. Емдік-сауықтыру және демалыс аймақтары салынады. Аудандағы тарихи орындардың туристік әлеуетін көтеру бағытында да жұмыстар жүргізілмек. Жалпы Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен бой көтерген өндірстік парктің мүмкіндігін толық пайдаланып, индикаторларды еселеу маңызды. Өзіндік кіріс көздерін молайтып, жұмыс орындарын көбейту басты мақсаттардың бірі.
Қарашық өндірістік аймағында 10 гектарға 20 жоба жоспарланып отыр. Бұл жерде есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабын, пластикалық ыдыстар, тігін және жиһаз цехтары бой көтереді. Құрылыс жұмыстарының белсенді жүргізіліп жатқаны байқалып, 12 кәсіпкер жобаларын бастап кеткен. Жобалардың жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрап, 170 жұмыс орны ашылмақ.
Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» компаниясы құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған өндірісін іске қосуға дайындалуда. 5 гектар аумақты қамтитын кәсіпорында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның жүзеге асуымен жылына 300 тонна өнім шығарылып, 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
«ASIA BREND» және «DIVALUX» атты жиһаз өндірістері өз өнімдерін еліміздің түрлі аймақтарына жеткізіп, кең ауқымды нарыққа шығып отыр. Бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам жұмыс істейді, олардың барлығы жергілікті жерде арнайы оқытылып, кәсіби біліктілігі арттырылуда. Материалдар Түркиядан жеткізіледі, бұл өңірдің халықаралық өндірістік байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Шорнақ ауылында 8 гектар жерге индустриалды аймақ салынуда, онда жиһаз цехтары ашылады. Үшқайық ауылдық округінде 18 гектарға 37 жоба іске асырылады, бұл жобалардың жүзеге асу мерзімі 2025-2030 жылдарды қамтиды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да инвестициялық жобалар қатар жүзеге асуда, бұл өңірдің өндірістік қуатын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді.
Сауран ауданындағы өндірістік аймақтардың дамуы өңірдің кәсіпкерлік саласын жаңа деңгейге көтеріп, Түркістан облысының экономикалық картасында маңызды орын алуға мүмкіндік береді. Жобалардың іске асуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыспен қамтылуына және экономикалық тұрақтылыққа ықпал ететін үлкен фактор болып табылады. Бұл бастамалар өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін арттыруға да ықпал етіп, Түркістан облысының жалпы даму стратегиясына үлес қосуда.
Облыс әкімінің тапсырмасымен өндірістік аймақтардың инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі жеделдетіліп, заманауи талаптарға сай абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, бұл аймақтардың экологиялық тазалығы мен көгалдандырылуы да назарға алынып, тұрғындар үшін қолайлы еңбек және тұрмыс ортасы қалыптастыру көзделуде. Сауран ауданының индустриалды даму бағытындағы стратегиялық жобалары облыс экономикасының дамуына серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына үлкен үлес қосып отыр. Инвестициялар мен инновациялар негізінде кәсіпкерлік пен өндірістің дамуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы – Сауран ауданының тұрақты әрі ұзақ мерзімді өсуінің кепілі болмақ.
Сауран ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.
Іске асырылған жобалардың ең ірілеріне ерекше тоқталып кетуге болады. Үшқайық ауылдық округінен «Иманқұл ата» шаруа қожалығы – балық шаруашылығын дамытуға 600 млн.теңге жұмсады. Осылайша он жұмыс орны ашылды. Қарашық ауылынан «Тұран» шаруа қожалығы – мектеп құрылысы, жобаның құны – 1440,0 млнт.теңге бөлді. Онда 30 адам жұмыспен қамтылды. Шаға ауылынан «БНК АГРО» ЖШС сүт тауарлы ферма құрылысы және өндіру ғимарат құрылысын бастап кетті. Жобаның құны 840,0 млн.теңге тұрады. Ескі Иқан ауылынан «Tемір ата» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын салуда. Жобаның құны – 450,0 млн.теңге тұрады.
Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер «Sauran Plast» қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірістік кешенін құрылысын бастады. Жобаның құны – 675 млн.теңге тұрады. Ескі Иқан ауылынан жеке кәсіпкер «Абдусаттаров» — Сапар орталығын баттандырды. Бұл жобаның құны – 97 млн.теңге тұрады. Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер «Байжанова» — техникалық және жол сервисі орталығының құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 150,0 млн.теңге болады. Иассы ауылдық округінен жеке кәсіпке «ӨЗЕН» — Демалыс аймағы бөлініп, жобаның құны – 101 млн.теңгеге бағаланып отыр.
Шаға ауылынан «Turkistan Fruit» ЖШС — 400 гектарға қара өріктен жеміс шырынын тікелей сығу өндірісін жүзеге асырады. Жоба құны — 8,5 млрд.теңге тұрады. Жоба 2022-2026 жылдары жалғасын табады. Шорнақ ауылынан ЖК «Sauran Plast» — Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоқыс қалтасын шығаратын өндірістік кешенін бастайды. Жоба құны — 500 млн.теңге тұрады. Өндіріс іске қосылған кезде 15 адам жұмыспен қамтылады. Шыпан ауылынан ЖК «ASIABRAND» — Отбасылық, тұрмыстық жиһаз жасау өнеркәсібін бастайды. Жоба құны — 800 млн.теңгеге жоспарланып отыр. Өндіріс жұмысын бастаған кезде 20 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Теке ауылынан ЖК «ND PLAST TURAN» — тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жобасына 300 млн.теңге жұмсамақ.
Шойтөбе ауылынан «ІDEAL TURKESTAN» ЖШС — Жұмсақ жиһаз өнеркәсібіне құны — 500 млн.теңге жұмсап, 50 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. . Бостандық ауылынан «Ныш Ер» ЖШС — Демалыс орны және қонақ үй құрылысын бастайды. Жоба құны — 2,2 млрд.теңге тұрады. Еңбекші Диқан ауылынан ЖК «ӨЗЕН» — Демалыс орны. Жоба құны — 350,0 млн.теңге болады. Жоба іске асқан кезде 35 жұмыс орындары ашылады. Қаражон ауылынан ЖК «Ердаулет» демалыс орнын бастамақ. Жоба құны — 350 млн.теңге тұрады. Демалыс орны іске кіріскен кезде 85 адам жұмыс орындарымен қамтылады. Шорнақ ауылынан «Sayazhai» ЖШС — Жол бойындағы «Бауырсақ» қызмет көрсету орталығын ашты. Жоба құны 424 млн.теңге тұрады. Мұндай 20 адам жұмыспен қамтылған. Абай ауылынан «SAKETAU Resort» ЖШС — Отбасылық демалыс орнын бастамақ. Жоба құны — 150 млн.теңге тұрады. Шойтөбе ауылынан «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС — 20 МВт күн электр станциясының құрылысын бастайды. Жоба құны — 8 млрд.теңге тұрады.
Қазір көптеген дамыған мемлекеттер туризм саласына барынша дамыту арқылы, сервистік қызмет түрлерін жақсарту, жаңғырту арқылы мол пайдаға кенеліп отыр. Сауран ауданында туризм саласын дамыту оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып табылады. Сауран ауданының аумағында 52 тарихи-мәдени нысандар бар. Оның барлығы Мәдениет және туризм басқармасының теңгерімінде тіркелген. Бұл нысандардың ішінде туристер қызығушылық танытып, көптеп келетін Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесенелері бар.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат