Сенбі, 18 Қазан 2025 14:21

Сауран ауданы: жаңа жоба ауыл шаруашылығын тек экономикалық сала ретінде емес, әлеуметтік қолдау құралы ретінде де пайдалануға болатынын көрсетуде

Сауран ауданының Майдантал ауылдық округінде аудан әкімдігінің бастамасымен қолға алынған «Әлеуметтік бақша» жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жоба аясында арнайы бөлінген 0,6 гектар аумаққа картоп пен қызанақ егілген. Бүгінгі таңда алғашқы өнім жиналып, тұрғындар күзгі терімге атсалысты. Жиналған көкөністер ауылдағы әлеуметтік жағынан аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға тегін таратылуда. Бұл шара күнделікті тұрмыстық қажеттілікті өтеуге елеулі көмек болып отыр.

Жобаның негізгі мақсаты – ауыл шаруашылығы әлеуетін тиімді пайдалана отырып, қоғамдағы әлжуаз топтарға нақты қолдау көрсету. Сонымен қатар, бұл бастама ауыл тұрғындарының бірлігін арттырып, әлеуметтік жауапкершілік мәдениетін нығайтуға бағытталған. Аудан әкімдігі жобаны іске асыру арқылы ауыл шаруашылығын тек экономикалық сала ретінде емес, әлеуметтік қолдау құралы ретінде де пайдалануға болатынын көрсетуде. «Әлеуметтік бақша» жобасы алдағы уақытта да жалғасын табады. Осы тәжірибе ауданның басқа ауылдық округтерінде де кезең-кезеңімен енгізіледі.

Бұл жоба бойынша Майдантал ауылдық округінің әкімі: «Әлеуметтік бақша» жобасы биыл алғаш рет жүзеге асырылды. Алғашқы нәтиже жаман емес – тұрғындар өнімін жинап, оны мұқтаж жандарға жеткізуге мүмкіндік алуда. Алдағы уақытта егіс алқабының көлемін арттырып, көкөніс түрлерін көбейтуді жоспарлап отырмыз. Бұл ауыл тұрғындарына да, әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға да үлкен көмек болатынына сенімдімін»-дейді Жандос Досболов.

Биылғы жылы «Әлеуметтік бақша» жобасы Сауран ауданында пилоттық негізде іске қосылды. Алдағы уақытта жобаның тәжірибесі облыстың басқа аудандарына таралады деп жоспарлануда. Бұл өз кезегінде Түркістан облысындағы әлеуметтік осал топтарды қолдау жүйесін нығайтып, ауылдық аймақтардағы өзін-өзі жұмыспен қамту деңгейін арттыруға мүмкіндік береді. Жоба аясында әлеуметтік дүкендер мен жәрмеңкелер тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған. Әрбір жаңа дүкен – ауылдық экономикаға қосылған үлес, ал тұрғындарға ұсынылатын өнімдер – сапалы және қолжетімді болуымен ерекшеленеді. Сонымен қатар бұл бастама жастарды кәсіпкерлікке тартудың тиімді жолы болып отыр.

Сауран ауданындағы «Әлеуметтік бақша» жобасы – өңірдегі аз қамтылған отбасыларға арналған тиімді әлеуметтік бастамалардың бірі. Жоба тұрғындарға өз өнімін нарыққа шығарып, экономикалық белсенділігін арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға және жергілікті экономикаға қолдау көрсетуге ықпал етеді. Жалпы, әлеуметтік осал топтарды қолдау, өз өнімін сату мүмкіндігін беру және ауылдық жерлерде өзін-өзі жұмыспен қамтуды арттыру бағытындағы шаралар Түркістан облысының әлеуметтік саясатындағы басты басымдықтардың бірі болып отыр. «Әлеуметтік бақша» жобасы тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға, ауылдық экономика мен кәсіпкерлікті дамытуға жаңа серпін беретін маңызды бастама ретінде бағалануда.

Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  7 мыңға  жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты.

Ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.

Сауран ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді. Сонымен қатар қызмет ба­ғыт­­тарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орын­­дары пайда болады, осылайша ауыл­дан жас кадрлардың кетуі азаяды.

Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданы көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 млрд. теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылық саласына инвестициялық құны 116,1 млрд теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 млрд теңгені құрайтын, 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2024 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,7 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 100,6%-ға артқан. Өңірлік өнімнің 75%-ы - ауыл шаруашылығы, 11,6%-ы - өнеркәсіп, 10,3%-ы - құрылыс және 3,1%-ы сауда саласының үлесінде.

Сауран ауданында ауылшаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 135 рет