Сауран ауданы соңғы жылдары даму қарқынын үдетіп келеді. Ауданның жалпы өңірлік өнімі 36,9 млрд теңгеге жетіп, өткен жылмен салыстырғанда 43,6%-ға өскен. Негізгі экономикалық салалар – ауыл шаруашылығы (40%), өнеркәсіп (35%), құрылыс (19%) және сауда (6%). Жыл соңына дейін 135 млрд теңгенің өнімі өндірілмек. – Ауыл шаруашылығы саласы мен кәсіпкерлікті, инфрақұрылымды дамыту тоқтамау керек. Сауран ауданының экономикалық даму әлеуетін толық пайдалана отырып, тұрғындар үшін барлық жағдай жасау қажет. Салықтан жалтарудың жолын кесіп, халықты бұл мәселеде үйретуіміз керек. Қаржылық сауаттылықты арттыру маңызды. Орта кәсіпті дамытуымыз қажет, осы бағытта нақты әрі жүйелі жұмыс жүргізуіміз керек. Бұл бойынша кірістер басқармасымен бірлескен жұмыстарды күшейту қажет, – деді Нұралхан Көшеров.
Аудан экономикасына тартылған инвестиция көлемі – 29,5 млрд теңге. Шаға өндірістік аймағында 10 кәсіпорын іске қосылып, 500-ге жуық адам жұмыспен қамтылды. Жыл соңына дейін 254 жоба жүзеге асырылып, 4 162 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Облыс әкімі бұл көрсеткіштерді оң бағалап, жұмысты әрі қарай жандандыру қажеттігін атап өтті. “Экономиканы әртараптандыру, инвестициялық жобаларды сапалы әрі уақтылы жүзеге асыру – басты міндет. Әкімдер мен басқарма басшыларына салғырттыққа жол беруге болмайды,” – деді Көшеров.
Сауран ауданында туризмді дамыту – облыс әкімінің ерекше бақылауында. Ауданға биылғы 7 айда 65 мыңнан астам турист келген. Атап айтқанда, Сауран қалашығы, Үкаша ата мен Жүсіп ата кесенелері туристердің сүйікті орындарының бірі болып отыр. Ауданға 3,8 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, 7 туристік нысанның құрылысы жүргізілуде. Ақсу шатқалында экотуризмді дамыту, инфрақұрылымды жақсарту және экологиялық жобаларды енгізу жоспарланған. Ауданда инфрақұрылымдық мәселелер кезең-кезеңімен шешімін табуда. Құрылыс көлемі 5,4 млрд теңгеге жетіп, 29,2 мың м² тұрғын үй пайдалануға берілген. Ағымдағы жылы 7 елді мекенге ауыз су желілері тартылуда. Газдандыру деңгейі – 43,3%.
Жеті айдың ішінде 18 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, бұл өткен жылмен салыстырғанда 114,3% өсімді көрсеткен. 45 493 гектар жерге егіс егілген. Қарбыз, қауын және көкөніс өнімдері Ресей мен Беларусь елдеріне экспортталып отыр. Облыс әкімі кәсіпкерлік саласындағы серпінді жобаларға ерекше назар аударды. Сүт зауыты, тері өңдеу өндірісі – алдағы уақытта іске асырылатын маңызды жобалар қатарында. Бұл жобаларға мемлекет тарапынан жеңілдетілген несие беру қарастырылады. Нұралхан Көшеров аймақтың әлеуеті жоғары екенін атап өтіп, аудан әкімдігі мен басқарма басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді. Аймақтың экономикалық қарқынын бәсеңдетпей, халықтың әл-ауқатын арттыру жолында бірлесе жұмыс істеу қажеттігі айтылды.
Өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, Сауран ауданының 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленген. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге инвестиция тартылады.
Сонымен қатар аудандағыинфрақұрылым саласындағы оң өзгерістерге де тоқтала кетсек. Бүгінгі таңда ауданға қарасты 33 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырларымен қамытылған. Өткен жылы 14 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы, Егізқара елді мекендерінің ауыз су жүйелері ретке келтіріп, 24 сағат ауыз сумен қамтылатын болады. Ал, электр жүйесімен қамту бағытында 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 56 дана трансформаторлар ауыстырылған. Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 17 шақырымды құрайтын электр желілері ауыстырылып, 4 дана трансформатор орнатылды. Биыл бюджет есебінен қосымша 12 трансформатор орнатылады. Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 5 трансформатор орнатылса, 13 шақырым электр желілері ауыстырылады. Өңірдегі табиғи габен қамту көрсеткіші 43,3 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін қосымша 1 790 абонент қосылып, 45,6 пайыз аудан тұрғындары көгілдір отынды тұрақты пайдалануға мүмкіндік алады.
Сауран ауданының даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм саласы басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 млрд. теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 млрд. теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 млрд. теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 млрд. теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.
Туризм саласында 14 жоба енгізілсе, оның 4-еуі биыл ашылмақ. Емдік-сауықтыру және демалыс аймақтары салынады. Аудандағы тарихи орындардың туристік әлеуетін көтеру бағытында да жұмыстар жүргізілмек. Жалпы Сауран ауданының әлеуеті өте жоғары. Облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен бой көтерген өндірстік парктің мүмкіндігін толық пайдаланып, индикаторларды еселеу маңызды. Өзіндік кіріс көздерін молайтып, жұмыс орындарын көбейту басты мақсаттардың бірі.
Қарашық өндірістік аймағында 10 гектарға 20 жоба жоспарланып отыр. Бұл жерде есік-терезе, желдеткіш құбырлар, резеңке жабын, пластикалық ыдыстар, тігін және жиһаз цехтары бой көтереді. Құрылыс жұмыстарының белсенді жүргізіліп жатқаны байқалып, 12 кәсіпкер жобаларын бастап кеткен. Жобалардың жалпы құны 4,5 млрд теңгені құрап, 170 жұмыс орны ашылмақ.
Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» компаниясы құрғақ құрылыс қоспаларын өндіруге маманданған өндірісін іске қосуға дайындалуда. 5 гектар аумақты қамтитын кәсіпорында құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жобаның жүзеге асуымен жылына 300 тонна өнім шығарылып, 300 адам тұрақты жұмыспен қамтылатын болады.
«ASIA BREND» және «DIVALUX» атты жиһаз өндірістері өз өнімдерін еліміздің түрлі аймақтарына жеткізіп, кең ауқымды нарыққа шығып отыр. Бұл кәсіпорындарда 150-ге жуық адам жұмыс істейді, олардың барлығы жергілікті жерде арнайы оқытылып, кәсіби біліктілігі арттырылуда. Материалдар Түркиядан жеткізіледі, бұл өңірдің халықаралық өндірістік байланыстарын кеңейтуге мүмкіндік береді.
Шорнақ ауылында 8 гектар жерге индустриалды аймақ салынуда, онда жиһаз цехтары ашылады. Үшқайық ауылдық округінде 18 гектарға 37 жоба іске асырылады, бұл жобалардың жүзеге асу мерзімі 2025-2030 жылдарды қамтиды. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында да инвестициялық жобалар қатар жүзеге асуда, бұл өңірдің өндірістік қуатын арттырып, азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға септігін тигізеді.
Сауран ауданындағы өндірістік аймақтардың дамуы өңірдің кәсіпкерлік саласын жаңа деңгейге көтеріп, Түркістан облысының экономикалық картасында маңызды орын алуға мүмкіндік береді. Жобалардың іске асуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жұмыспен қамтылуына және экономикалық тұрақтылыққа ықпал ететін үлкен фактор болып табылады. Бұл бастамалар өңірдің өзін-өзі қамтамасыз ету әлеуетін арттыруға да ықпал етіп, Түркістан облысының жалпы даму стратегиясына үлес қосуда.
Облыс әкімінің тапсырмасымен өндірістік аймақтардың инфрақұрылымдық қамтамасыз етілуі жеделдетіліп, заманауи талаптарға сай абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен бірге, бұл аймақтардың экологиялық тазалығы мен көгалдандырылуы да назарға алынып, тұрғындар үшін қолайлы еңбек және тұрмыс ортасы қалыптастыру көзделуде.
Сауран ауданының индустриалды даму бағытындағы стратегиялық жобалары облыс экономикасының дамуына серпін беріп, өңірдің әлеуметтік-экономикалық жағдайының жақсаруына үлкен үлес қосып отыр. Инвестициялар мен инновациялар негізінде кәсіпкерлік пен өндірістің дамуы, жаңа жұмыс орындарының ашылуы – Сауран ауданының тұрақты әрі ұзақ мерзімді өсуінің кепілі болмақ.
Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 7 мыңға жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты.
Ауылдарды дамыту бойынша алға қойған жоспарлар көп, соған байланысты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдама ауылдық аумақтардың географиялық ерекшеліктері мен бәсекелестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыруға бағытталған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.
Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді.
Сауран ауданында ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агротехникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дренаждық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ықпал етеді. Сонымен қатар қызмет бағыттарын кеңейту есебінен жаңа жұмыс орындары пайда болады, осылайша ауылдан жас кадрлардың кетуі азаяды.
Жалпы, Сауран ауданында жыл өткен сайын өндіріс орындарының қатары артып келеді. Мәселен, биыл «AVATAR AGRICULTIRAL TECHNOLOGY DEVELOPMENT» компаниясы өндіріс орнын ашу үстінде. Бұл компаниямен жыл басында ауыл шаруашылығы дрондарын шығаратын зауыт ашу бойынша келісім жасалған болатын. Жобаның болжамдық құны – 5 млн. АҚШ доллары. Қуаттылығы айына – 600 дана. Бүгінде қытайлық инвестор ғимаратты өндіріске бейімдеп, арнайы құрал-жабдықтарын жеткізе бастады. Жұмыстың басым бөлігін негізінен роботтар атқарады деп күтілуде. Аталған зауыт ашылған соң елімізді ауыл шаруашылығы дрондарымен қамтуды көздеп отыр.
Осы тұста айта кетер болсақ, осыдан шамалы уақыт бұрын ғана Сауран ауданындағы шағын өнеркәсіптік парк аумағында «UBC» халықаралық компаниясының тоңазытқыш шығаратын «JASYL SUYQ QAZAQSTAN» зауыты іске қосылған болатын. Зауыттың ашылу салтанатына Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров, «UBC Group» президенті Игорь Гуменный, өндіріс жөніндегі вице-президент Игорь Бурдыленко, коммерция жөніндегі вице-президент Александр Гуменный, «UBC Group» холдингінің зауыттары мен бөлімшелерінің басшылары, шет мемлекеттердің және еліміздің серіктес компанияларының жетекшілері қатысқан еді.
Салтанатты іс-шарада Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров құттықтау сөз сөйлеп, зауыттың жұмысына сәттілік тілеген. – Бүгін біз тек облысымыз үшін ғана емес, бүкіл ел үшін тарихи оқиғаның куәсі болып отырмыз. Әлемдік деңгейдегі үздік компанияның зауыты Түркістан облысында іске қосылуда. «UBC Group» компаниясының тынымсыз еңбегі мен осы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан команданың жұмысының нәтижесінде жаңа өнеркәсіптік тоңазытқыштар зауытын ашып отырмыз. Бұл бастамалар тікелей Мемлекет басшысының қолдауымен жүзеге асуда.
Мұндай заманауи өндіріс орнын ашу – Түркістан облысы үшін тек маңызды экономикалық қадам ғана емес, сонымен қатар өңірдің инновациялар және заманауи технологияларға дайын екендігінің көрсеткіші. Кәсіпорын жаңа жұмыс орындарын құруға, өңірімізге қосымша инвестициялар тартуға мүмкіндік бермек. Бұл бастама – шет елдермен ынтымақтастықтың жарқын көрінісі. Біз жаңа жобаларға, жаңа инвесторларға ашықпыз және қолдау көрсетуге дайынбыз. Сіздерді Түркістан облысына инвестиция құюға шақырамын. «UBC Group» басшылығы мен ұжымына осындай маңызды жобаны жүзеге асыру үшін Түркістан облысын таңдап, көрсеткен сенімдері үшін алғыс айтамын. Жаңа зауыт Түркістан облысының жаңа мүмкіндіктер, инновациялар және тұрақты дамуының символына айналсын! – деген болатын Нұралхан Оралбайұлы.
«UBC Group» басшысы Игорь Гуменный 2023 жылы өндірістік алаңдарын Қазақстанда орналастыру туралы шешім қабылдап, жаңа зауыт салу үшін бірқатар аймақтың арасынан Түркістан облысы таңдалғанын айтты. Көрсетілген жан-жақты қолдау үшін алғысын жеткізіп, тоңазытқыштар өндірісі жобасының сәтті жүзеге асатынына сенім білдірді. Екі ел арасындағы бірлескен жүйелі жұмыстардың нәтижесінде қысқа мерзімде компания барлық қажетті құжаттарды рәсімдеп, зауыттың құрылысын бастады. Жобаға сәйкес, бір шаңырақ астында өндірістік цехтар, қоймалар, әкімшілік және кеңсе ғимараттары орналасатын заманауи кәсіпорын бой көтереді. Бұл жобаға салынатын инвестиция көлемі 30 миллион еуроға дейін жетеді.
Жоба бірнеше кезеңмен жүзеге асырылады. Алғашқы кезеңде зауыт жылына 40 мың дана сауда тоңазытқышын шығаруды жоспарлап отыр. Қазірдің өзінде мұнда 350-ге жуық адам жұмыспен қамтылып отыр. Жоба толық іске қосылғанда 1000-ға жуық жаңа жұмыс орны ашылады. Өндіріс орнының ашылу рәсімінен кейін қонақтарға зауыт аумағына экскурсия ұйымдастырылды. Өндіріс барысы көрсетіліп, жаңа зауытта өндірілген өнімдер таныстырылды.
Сондай-ақ, 100-ден аса отандық және шет мемлекеттің бизнес өкілдерінің қатысуымен ауқымды бизнес-форум өтті. Халықаралық форумға қатысушылар қатарында Украина, Түркия, Грузия, Қытай, Әзербайжан, Өзбекстан және еліміздің ірі компания иелері мен өкілдері бар. Айта кетейік, UBC Group – тоңазытқыш жабдықтарын өндіру саласында жұмыс істейтін және сәтті дамып келе жатқан Украинаның ең ірі өнеркәсіптік холдингтерінің бірі. Компанияның тұтынушылары әлемнің түкпір-түкпіріндегі танымал брендтер мен ірі корпорациялар.
Соңғы жылдары Сауран ауданына инвестиция тарту мақсатында аудан әкімі бірнеше елге барып, бірлескен жобаларды жүзеге асыру мақсатында келіссөздер жүргізіп, меморандумдар жасасып келеді. Мәселен, былтыр жыл соңына қарай Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың бастамасымен арнайы делегация Түркия Республикасына іссапармен барып қайтқан болатын. Конья қаласының Қаратай ауданында болып, бауырлас қала ретінде меморандумға қол қойылды. Онда бірлескен жобаларды жүзеге асыру бойынша келіссөздер жүргізді.
Сол кездегі облыс әкімі Дархан Сатыбалдының тапсырмасына сәйкес, шет елден инвестиция тарту, өндіріс орындарын құру және жаңа технологиялар бойынша алдағы уақытта тәжірибе алмасады делінген. Делегация Конья қаласының Қаратай ауданында сауда және өнеркәсіп, іскерлік бизнес өкілдерімен кездесіп, Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, түркі мемлекеттер ұйымы арасындағы сауда-экономикалық байланысты нығайту үшін құрылған «Turan» арнайы экономикалық аймағының мүмкіндіктері таныстырылды. Экономикалық аймақтарда жұмыс істейтін кәсіпорындармен қатар, делегация бірқатар өндіріс орындарының технологияларымен танысты. Алдағы уақытта меморандум негізінде екіжақты байланыстарды нығайтып, қант өнімдерін өндіру, ауыл шаруашылығы, жиһаз жасау және текстиль өндіру бағытында әріптестік орнату негізінде кездесулер өтеді.
Естеріңізде болса, Мемлекет басшысы Жолдауында халықтың әл-ауқатын арттыру басты мақсат екендігін атап өткен болатын. Түркістан облысының әкімі аудан, қала әкімдеріне инвестиция тарту арқылы жаңа жұмыс орындаруын құру бағытында нақты тапсырмалар жүктеп келеді. Осы тапсырманы негізге ала отырып, Сауран ауданы әкімдігінің бастамасымен бизнес өкілдерінен құралған делегациясы былтыр қазан айының соңына таман Қытай Халық Республикасына арнайы іс-сапармен барған-ды. Сапардың негізгі мақсаты – облысқа инвестиция тарту, екі жақты сауда мен экономикалық ынтымақтастықты арттыру және жергілікті кәсіпкерлермен тәжірибие алмасу болып табылады.
Саурандық кәсіпкерлер бірінші кезекте сол тұста сапарын Чыңду ауданының Шиньжин қаласындағы «СITICO» өндірістік зауытының жұмысымен танысудан бастады. Онда зауыттың әлеуеті таныстырылып, барлық мәліметер ұсынылды. Әлем бойынша ең табысы мол бизнестің түрі болып табылатын балық шаруашылығына қажетті өнімдер өндірілуде. Атап өтетін болсақ, зауытта 60-тан астам балық жемдерін әзірлеуде. Аталмыш нысанның қуаттылығы жылына 500 мың тонна балық жемдерін өндіреді. Ішкі нарықта сұраныс жоғары болғандықтан өнімдерін импорттаумен қатар шет ел мемлекеттеріне де эспорттауда.
Қазіргі таңда Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты басты назарда тұр. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат