Сейсенбі, 14 Қазан 2025 15:29

Сауран ауданы: облыс әкімі аудан экономикасына серпін беретін жобалармен танысты

Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Сауран ауданына жұмыс сапармен барып, кәсіпорындар мен әлеуметтік нысандардың құрылыс жұмыстарын бақылады. Аудан экономикасын дамытуға серпін беретін жобалармен танысып, тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсарту бағытындағы игі бастамаларға қашан да қолдау болатынын жеткізді. Кәсіпкерлермен жүздесіп, құрылыс сапасына немқұрайлы қарамай, бастаған істі жауапкершілікпен аяқтауды тапсырды.

– Сауран ауданы – облыс көлемінде даму қарқыны артып келе жатқан аймақтардың бірі. Өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, және де өндіріс салалары ұдайы дамып келеді. Аудан халқының әлеуетін көтеру мақсатында атқарылып жатқан ауқымды жобалар облысымыз үшін де үлкен жетістік. Мұндағы басты мақсат – инвестиция тартуға бағытталған жобаларды көбейтіп, аймақтың даму сапасын одан әрі жетілдіру. Жаңа технологияларды пайдалана отырып, әрбір істі уақытында әрі сапалы орындауды ескертемін деді – Нұралхан Көшеров.

Облыс әкімі Бабайқорған ауылдық округінде орналасқан «Мырзахан» шаруа қожалығының 10 мың басқа арналған мал бордақылау алаңын аралады. Нысан 20 гектар аумақта орналасқан. Жоба құны 8 млрд теңгені құрайды. Мұнда 600-ге тарта жаңа жұмыс орны ашылады. Сонымен қатар бордақылау алаңында ет сақтау қоймасы, мал сою бекеті, тері, қан және тұяқ өңдеу зауыттары, ветеринарлық қызмет көрсету, жем, шөп жинау, мал азығын дайындау және тыңайтқыш өңдеу алаңдарының қызметтері іске қосылады. Сондай-ақ, Түркістан облысының әкімі Жібек Жолы ауылдық округіндегі «БИНЭКС» ЖШС-нің кірпіш өндіру зауытының жұмысымен танысты. Кәсіпорында күніне 20 мыңнан астам кірпіш өндіріледі. Ал жылына 3,5 млн. дана кірпіш шығаруға қауқарлы. Мұнда 32 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Нысан 5 гектар аумақта орналасқан. Өндірілетін кірпіш көлемі – 25х12. Жоба құны 500 млн. теңгені құрайды. Кәсіпорын заманауи технологиямен жабдықталған.

Іссапар Шорнақ елді мекенінде құрылысы жүріп жатқан спорт кешенінде жалғасты. Облыс әкімі спорт ғимаратын толық аралап, атқарылған жұмыстармен танысты.Нысан 2023 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында бой көтеріп, биыл пайдалануға беріледі деп күтілуде. Жобаға қажетті қаржы қаралып, құрылыс жұмыстарын «ДОС и К СЕРВИС» ЖШС мердігер мекемесі жүргізуде. Нысан 300 адамға шақталған. Мұнда футбол, баскетбол, бокс, күрес және дене шынықтыруға бағытталған жаттығу залдары қарастырылған. Өңірде әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсарту мен тұрғындардың сапалы өмір сүруі үшін қолайлы жағдай қалыптастыру мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылып келеді. Бұл бағыттағы жұмыстар облыс әкімінің жіті бақылауында.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданның даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 млрд. теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 млрд. теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 млрд. теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 млрд. теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.

Бүгінде Сауран ауданында Президент тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты басты назарда тұр. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары. Сауран ауданында өндірістік аймақтар құрылып жатыр. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді. Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады. Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.

Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.

Жалпы, жиһаз өндірісі кәдімгідей жолға қойылған Сауран ауданында Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес ішкі есіктер шығарылуда. Кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар өндіріс цехын осы жылы іске қосқан. Аталмыш цехта 60 маман жұмыс істейді. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді.

Сауран  ауданында еңбек етемін деген тұрғындарға, яғни қос қолға бір күрек табылады. Шағын кәсіп, ауылшаруашлығымен айналысу, туризм бағытында қызмет көрсету бойынша да ауданның әлеуеті жоғары. Сондықтан, мемлекет қолдап тұрғанда, жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасау жергілікті билікке парыз десек те болғандай.

Бүгінде Сауран ауданындағы өндірістік паркінде 10 кәсіпорын өз жұмысын бастады. Сонымен қатар тағы 29 жаңа өндіріс орны жыл соңына дейін іске қосылып, онда 1 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Туризм саласында 254 инвестициялық жоба іске қосылып, мұнда 4162 жаңа жұмыс орны құрылады деп көзделуде. Айта кетсек, мұнда 54 тарихи нысан бар, өткен жылдың көрсеткішімен ауданға келуші туристер саны 100 мыңға жуықтаған. Сауран ауданының өндірістік әлеуеті жоғары. Ауданға қарасты 5 елді мекеннен өндірістік алаңдар ашу көзделуде. Сауран ауданының негізгі даму драйвері – ауыл шаруашылығы саласы. Биыл өлкеде сүт фермалары, мақта өңдеу зауыты, мал бордақылау алаңы, көкөніс сақтау қоймалары сынды бірқатар ірі жобалар іске асқан.

Қарашық ауылдық округіндегі өндірістік аймақта 9 кәсіпкер өз жобаларын бастап кеткен. Жоспар бойынша, аумақта жиһаз өндірісі, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін өңдеу сынды бағыттар қамтылады. Жобалар іске қосылған соң, отандық өнімдер ішкі нарыққа шығарылып, тұтынушыларға қолжетімді әрі сапалы тауар ұсынылатын болады. Өндірістік аймақтың іске қосылуы — жаңа жұмыс орындарының ашылуына, шағын және орта бизнестің жандануына, сондай-ақ аудан экономикасының дамуына елеулі үлес қоспақ. Жергілікті билік тарапынан инженерлік инфрақұрылым тарту, жол, су, электр жүйесімен қамтамасыз ету бағытында тиісті жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Сауран ауданында ауылшаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Бұл жайында Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров таяуда БАҚ өкілдерімен өткен брифингте мәлімдеді.

«Ауданға қарасты Шаға ауылдық окугінде келесі жылы «Eco-Chiken» ЖШС жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Өндіріс орны толық іске қосылған соң тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін эспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-ң құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірдегі ауылшаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосарына күмән жоқ»- деді өңір басшысы.

Сонымен қатар, Мақсат Асылбекұлы өңірлік өнім көлемін артыру мақсатында, ауданның 2030 жылға дейін 3 бағыт бойынша даму жоспары әзірленгенін жеткізді. Жоспарға сәйкес, аталған мерзімге дейін жалпы құны 209,3 млрд теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделген. Ал, 2025 жылдың соңына дейін медициналық жиhаз, тұрмыстық химиялық өнімдер, құрылыс материалдарын, тамақ өнімдерін шығару және басқа да тауарлар өндіретін 30 өндірістік орын ашылады. Салынатын инвестиция көлемі 100 млрд.теңгені құрап, 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Аудандағы тарихи нысандарға келуші туристер де жыл санап артып келеді. Өткен жылдың қорытындысымен өңірде қонақ болғандар саны 100 мың адамға жуықтаған. Жалпы Сауран ауданында 54 тарихи нысан орналасқан. Оның ішінде, 3 нысан республикалық маңызға ие. Саланы әрмен қарай дамыту мақсатында биыл жалпы құны 5,3 млрд теңгені құрайтын 9 инвестициялық жоба жүзеге асады. Нәтижесінде 164 адам жұмыспен қамтылмақ. Сонымен қатар, Үшқайық ауылдық округіндегі минералды су көздерін тиімді пайдалану мақсатында емдік сауықтыру және демалыс аймағын құруға 20 гектар жер телімі белгіленді. Алдағы уақытта 14 жоба іске асырылып, 5 млрд теңге инвестиция тартылады.

Аудандағы инфрақұрылым саласындағы оң өзгерістерге де тоқтала кетсек,бүгінгі таңда ауданға қарасты 33 елді мекеннің 32-сі ауыз су құбырларымен қамытылған. Өткен жылы 14 елді мекеннің ауыз су жүйелеріне ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілсе, биыл Ескі Иқан, Жүйнек, Қазақстанның 30 жылдығы, Егізқара елді мекендерінің ауыз су жүйелері ретке келтіріп, 24 сағат ауыз сумен қамтылатын болады. Ал, электр жүйесімен қамту бағытында 2024 жылы жергілікті бюджет есебінен 56 дана трансформаторлар ауыстырылған.

Сондай-ақ, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 17 шақырымды құрайтын электр желілері ауыстырылып, 4 дана трансформатор орнатылды. Биыл бюджет есебінен қосымша 12 трансформатор орнатылады. Ал, «Оңтүстік Жарық Транзит» ЖШС-і есебінен 5 трансформатор орнатылса, 13 шақырым электр желілері ауыстырылады. Өңірдегі табиғи габен қамту көрсеткіші 43,3 пайызға жеткен. Жыл соңына дейін қосымша 1 790 абонент қосылып, 45,6 пайыз аудан тұрғындары көгілдір отынды тұрақты пайдалануға мүмкіндік алады.

Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Кәсіпкерлердің өндірістік қуатын қолдауға бағытталған Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық жобасы мемлекеттік бағдарламасы аясында жеңілдетілген 7-8% несиемен қамтамасыз етілді. Атап айтар болсам банк несиелерін субсидиялау бойынша 19 жобаға 1 990,5 млн.теңге жұмсалды. Банк несиелерін кепілдендіру бойынша 11 жобаға 625,2 млн.теңге бөлінді.Сондай-ақ «Ауыл аманаты» бағдарламасымен 2,5% несиелендіру бойынша «ЫРЫС» микроқаржы ұйымынан 191 адам 1 267,3 млн.теңге несие алған.

Тау кен өндіру өнеркәсібінде 465,0 млн.теңге өнімі өндірілген. Кең таралған пайдалы қазбаларды өндіретін бүгінгі таңда 32 жер қойнауын пайдаланушылар бар болса, олардың 13 келісім-шарт бойынша және 19 лицензиямен жұмыс жасауда.
Өңдеу өнеркәсібінде 8,1 млрд.теңгенің өнімі өндірілді. Ауданда тамақ өнімдерін өндіру саласында екі өндіріс орны жұмыс жасайды. Өнім көлемі 549,6 млн.теңгеге жеткізілді. «Тұран» шаруа қожалығы сүт өнімдерін шығарса, «Яссы Құс» шаруа қожалығы жұмыртқа өндіреді. Өзге де бейметалл минералдық өнімдерін өндіру саласында 8 өндіріс орны жұмыс жасайды. Өнім көлемі 5,4 млрд.теңге құрады.

Бүгінгі таңда «Нұр-Строй ЛТД» ЖШС-не тиесілі кірпіш зауытының жұмысы уақытша тоқтап тұр. Алдағы уақытта өндіріс орнын іске қосу бойынша инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде. Ауданда құрылыс саласында «Бинэкс» ЖШС күйдірілген кірпіш шығарады. «Әзірет Жол» ЖШС, «Яссы құрылыс» ЖШС, «Тас жол» ЖШС асфальт төсейді. «Ныш-Ер» ЖШС стандартты құрылыс кірпішін шығаруға бейімделген. «Фахри Стройбетон» ЖШС, «Досан-Ата» ЖШС, «Euro Beton STD» ЖШС тауарлы бетон өндіреді. Сауран ауданында соңғы жылдары жиһаз өндіру саласында өнім көлемі 752 млн теңге, ең ірілерін атап айтсам «Так Мебель» ЖШС, «DIVALUX» ЖШС, ЖК «Хабибулла Ата», ЖК «SEM-BRAND» жиһаздарын қазақстандық тұрғындар ғана емес, алыс-жақын шетелдердің зор сұранысына ие. Олардың бірқатары республикалық, халықаралық көрмелерде топ жарып жүр.

Іске асырылған жобалардың ең ірілеріне ерекше тоқталып кетуге болады. Үшқайық ауылдық округінен «Иманқұл ата» шаруа қожалығы – балық шаруашылығын дамытуға 600 млн.теңге жұмсады. Осылайша он жұмыс орны ашылды. Қарашық ауылынан «Тұран» шаруа қожалығы – мектеп құрылысы, жобаның құны – 1440,0 млнт.теңге бөлді. Онда 30 адам жұмыспен қамтылды. Шаға ауылынан «БНК АГРО» ЖШС сүт тауарлы ферма құрылысы және өндіру ғимарат құрылысын бастап кетті. Жобаның құны 840,0 млн.теңге тұрады. Ескі Иқан ауылынан «Tемір ата» шаруа қожалығы мал бордақылау алаңын салуда. Жобаның құны – 450,0 млн.теңге тұрады.

Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер «Sauran Plast» қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу өндірістік кешенін құрылысын бастады. Жобаның құны – 675 млн.теңге тұрады. Ескі Иқан ауылынан жеке кәсіпкер «Абдусаттаров» — Сапар орталығын баттандырды. Бұл жобаның құны – 97 млн.теңге тұрады. Шорнақ ауылынан жеке кәсіпкер «Байжанова» — техникалық және жол сервисі орталығының құрылысын жүргізуде. Жобаның құны – 150,0 млн.теңге болады. Иассы ауылдық округінен жеке кәсіпке «ӨЗЕН» — Демалыс аймағы бөлініп, жобаның құны – 101 млн.теңгеге бағаланып отыр.

Шаға ауылынан «Turkistan Fruit» ЖШС — 400 гектарға қара өріктен жеміс шырынын тікелей сығу өндірісін жүзеге асырады. Жоба құны — 8,5 млрд.теңге тұрады. Жоба 2022-2026 жылдары жалғасын табады. Шорнақ ауылынан ЖК «Sauran Plast» — Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу арқылы қоқыс қалтасын шығаратын өндірістік кешенін бастайды. Жоба құны — 500 млн.теңге тұрады. Өндіріс іске қосылған кезде 15 адам жұмыспен қамтылады. Шыпан ауылынан ЖК «ASIABRAND» — Отбасылық, тұрмыстық жиһаз жасау өнеркәсібін бастайды. Жоба құны — 800 млн.теңгеге жоспарланып отыр. Өндіріс жұмысын бастаған кезде 20 жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылатын болады. Теке ауылынан ЖК «ND PLAST TURAN» — тұрмыстық қатты қалдықтарды қайта өңдеу жобасына 300 млн.теңге жұмсамақ.

Шойтөбе ауылынан «ІDEAL TURKESTAN» ЖШС — Жұмсақ жиһаз өнеркәсібіне құны — 500 млн.теңге жұмсап, 50 адамды жұмыспен қамтуды көздеп отыр. . Бостандық ауылынан «Ныш Ер» ЖШС — Демалыс орны және қонақ үй құрылысын бастайды. Жоба құны — 2,2 млрд.теңге тұрады. Еңбекші Диқан ауылынан ЖК «ӨЗЕН» — Демалыс орны. Жоба құны — 350,0 млн.теңге болады. Жоба іске асқан кезде 35 жұмыс орындары ашылады. Қаражон ауылынан ЖК «Ердаулет» демалыс орнын бастамақ. Жоба құны — 350 млн.теңге тұрады. Демалыс орны іске кіріскен кезде 85 адам жұмыс орындарымен қамтылады. Шорнақ ауылынан «Sayazhai» ЖШС — Жол бойындағы «Бауырсақ» қызмет көрсету орталығын ашты. Жоба құны 424 млн.теңге тұрады. Мұндай 20 адам жұмыспен қамтылған. Абай ауылынан «SAKETAU Resort» ЖШС — Отбасылық демалыс орнын бастамақ. Жоба құны — 150 млн.теңге тұрады. Шойтөбе ауылынан «HEVEL KAZAKHSTAN» ЖШС — 20 МВт күн электр станциясының құрылысын бастайды. Жоба құны — 8 млрд.теңге тұрады.

Қазір көптеген дамыған мемлекеттер туризм саласына барынша дамыту арқылы, сервистік қызмет түрлерін жақсарту, жаңғырту арқылы мол пайдаға кенеліп отыр. Сауран ауданында туризм саласын дамыту оның әлеуетін арттыру әрі туристерге тартымды ету бүгінгі күннің басты талаптарының бірі болып табылады. Сауран ауданының аумағында 52 тарихи-мәдени нысандар бар. Оның барлығы Мәдениет және туризм басқармасының теңгерімінде тіркелген. Бұл нысандардың ішінде туристер қызығушылық танытып, көптеп келетін Имам Мархозы, Меңдуана кесенесі, Ерқоян батыр кесенесі, Құрышхан ата, Шаш ана кесенелері бар.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Осыған орай, егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде. Жалпы, өткен жылы Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамып, егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл қорытындысы бойынша 43,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Соның нәтижесінде 873,3 тонна өнім өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділік 105,3%-ға артты. Бұл жетістік саладағы өсімнің айқын көрсеткіші.

Ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді.

Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданы көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 млрд. теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылық саласына инвестициялық құны 116,1 млрд теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 млрд теңгені құрайтын, 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 49 рет