Бейсенбі, 28 Тамыз 2025 15:57

Түркістан қаласында микрокристалды тас және декоративті қаптама материалдары өнідірісі іске қосылмақ

Бүгін Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы «Караван-Темір» ЖШС компаниясының өкілдерімен кездесті. Жиын барысында қаладағы құрылыс индустриясын дамытуға бағытталған маңызды инвестициялық жобаларды талқылап, микрокристалды тас пен декоративті қаптама материалдарын өндіретін кәсіпорын ашу мәселесі қаралды.

Қала әкімі инвесторларға Түркістанның инвестициялық мүмкіндіктері мен туристік әлеуеті жөнінде кеңінен сөз қозғап, бизнес жүргізу үшін қолайлы жағдай жасалғанын және жергілікті билік тарапынан жан-жақты қолдау көрсетілетінін атап өтті. Қала әкімдігі мен «Караван-Темір» ЖШС жалпы құны 6,4 млрд теңгені құрайтын өндіріс орнын ашу бойынша келіссөздер жүргізуде.

Жоспар бойынша кәсіпорын жылына 120 мың шаршы метрге дейін микрокристалды тас және 150 мың шаршы метр декоративті қаптама материалдарын шығаруға қауқарлы. Жаңа зауыт «TURAN» арнайы экономикалық аймағында орналасып, 80-нен астам жаңа жұмыс орны ашылмақ. Кездесу соңында тараптар өзара ынтымақтастықты нығайтуға және жобаның сәтті жүзеге асуына қажетті шаралар қабылдайтындықтарын жеткізді.

Жалпы, Түркістан шаһарында алдағы 6 жылда бірқатар жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Жоспарлы кезеңде 541 млрд. теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жалпы өңірлік өнім көлемі 2,8 есе өсіп, 1,1 трлн. теңгеге, ал тартылатын инвестиция көлемі 3 есе өсіп, 1,2 трлн. теңгеге ұлғаяды. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Келетін сыртқы туристер саны 2 есе өсіп, 20 мың адамға артады.  Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.

Алдағы жылдары өңдеу өнеркәсібі өнімінің көлемі арттыру мақсатында жалпы өнеркәсіп саласында құны 142 млрд. теңгені құрайтын, 3 575 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін, 34 жоба қарастырылуда. Арнайы экономикалық аймағының жалпы аумағы – 180 га. Онда жалпы құны 126 млрд. теңгені құрайтын және 3 050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жобаны іске асыру көзделуде.

Расында, халық табысының өсуі үшін көптеген жағдайлар жасалғандықтан, Түркістан қаласында кәсіпкерлікпен айналысатын адамдар саны артып келеді. Кәсіпкерлікті жүргізу үшін өңірде қолайлы бизнес климат қалыптасқан. Бизнес үшін қаржылай қолдау шаралары қолжетімді. «Бизнестің жол картасы 2025» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламалары кәсіпкерлерге айтарлықтай ықпалын тигізіп жатыр. Осы бағдарламалар арқылы кәсіпкерлер 17 млрд. теңгеге жеңілдетілген несиелерді пайдаланды. Жалпы, бағдарламаларды орындау бойынша өңір республикада алғашқы үштіктің қатарында келеді. Бұдан басқа жергілікті деңгейде жас кәсіпкерлер және стартап жобаларды қолдау үшін қажетті бағдарламалар қабылданған. Мәселен, кәсіпкерлер жаңадан құрылған «Атамекен-Түркістан» микроқаржы ұйымы арқылы жеңілдетілген 6%-бен несие ала алады. Бүгінде бұл мүмкіндікті кәсіпкерлер ұтымды пайдаланып, 1,8 млрд. теңгеге қаржыланып отыр.

Осы орайда облыс орталығы Түркістан қаласында кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетіліп, көптеген бағдарламалар қолданысқа еніп, кәсіп иелерінің игілігіне жаратылуда. Мұның барлығы өнеркәсіп, шағын және орта бизнес, бөлшек сауда, ауыл шаруашылығы саласында көрініс табуда. Түркістан қаласы әкімдігіне қарасты тиісті сала мамандарының айтуынша, өз кәсібін ашамын деушілерге бүгінде мол мүмкіндіктер берілген. Қазіргі таңда өнеркәсіпте, шағын және орта бизнес түрлерінде жетістіктерге жетіп жатқан азаматтар аз емес.

Түркістан қаласын Түркі әлемінің орталығына айналғалы жүйелі жұмыстар нәтижесінде шаһардың инвестициялық климаты жақсарып келеді. Соңғы 6 жылда қалаға тартылған инвестицияның көлемі 8,5 есеге өсіп, былтыр 304 млрд. теңгені құрады. Биыл қала экономикасына 350 млрд. теңге инвестиция тарту жоспарланып отыр. Түркістан қаласындағы халықаралық әуежайдан Ыстамбул және Кувейт бағытына тікелей рейстер ашылды. Қазіргі уақытта Мәскеу, Анталья, Дубай, Тбилиси, Ташкент және Самарқандқа рейстер ашуға ұсыныс берілген. Астана мен Алматыға рейстер санын көбейту бойынша жұмыстар атқарылып жатыр. Осы жұмыстар нәтижесінде 2018 жылмен салыстырғанда Түркістанға келушілер мен туристер саны 4 есе артқан.

Түркістан қаласының экономикасын дамыту перспективасы өнеркәсіптің тамақ өнеркәсібі, жеңіл өнеркәсіп, құрылыс индустриясы, ауыл шаруашылығы машиналарын жасау әлеуметтік-экономикалық даму сынды базалық салаларын қамтиды. Бұл орайда тамақ өнеркәсібі Түркістан қаласы экономикасындағы әлеуеті ең жоғары сала болып табылатыны айта кеткен жөн. Түркістан қаласының азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және елдің басқа өңірлеріне азық-түлік өнімдерін жеткізу шартымен бұл сала жалпы өңірлік өнімнің жартысынан астамын қалыптастыра алады. Қаланың екі көлік дәлізінің қиылысында орналасуы өнімді кез келген өңір мен елдерге жіберуге мүмкіндік береді. Қаланың жеңіл өнеркәсібін елдің киім-кешек пен арнайы киімге деген ішкі қажеттіліктерін қамтамасыз ету, "TURKISTAN" АЭА орналасқан фабрикаларға шикізат пен материалдар жеткізу, кейіннен оларды экспорттай отырып, мақта мен аң терісін өңдеу арқылы, яғни үш бағыт бойынша дамытуға болады.

Түркістан қаласында биылғы жылдың 1-ші жарты жылдығында өнім шығарылымының көлемі 149,9 млрд.теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырға 167,7%-ға өскен. Салада жұмыспен қамтылғандар 32016 адамға жетіп, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда 104,2%-ды құрады. Шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің өнім шығару көлемі жалпы өңірлік өнім көлеміндегі үлесі 65%-ды құрайды.  Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында 17,8 млрд.теңгеге жалпы 1 454 жоба қаржыландырылды. Өнеркәсіптік жобаларды қолдау мақсатында 450 млн.теңгеге 2 жоба қаржыландырылып 270 млн.теңгеге қосымша 3 жоба (қаржыландырылды. Сондай-ақ, бөлшек салықтың арнаулы салық режимін қолдану кезінде бөлшек салық мөлшерін 4%-дан 2%-ға төмендетілді.

Түркістан қаласында еңбек индикаторындағы негізгі міндет жұмыссыздық деңгейін төмендету бойынша біраз жұмыстар атқарылып нәтижесінде жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады. 2024 жылы «Еңбек» бағыты бойынша 10 096 азаматты белсенді шараларға тартылып, жұмыс орындары құрылды. Сонымен қатар кәсіпкерлікті қолдау және еңбек нарығын дамыту бағыты бойынша 143 азаматқа мемлекеттік гранттар берілді, «Бастау бизнес» жобасы аясында 746 адам, кәсіпкерлік негіздеріне оқыту бойынша 117 адам сертификат алды, сұранысқа ие дағдылар бойынша онлайн оқытумен 369 адам қамтылды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 213 рет