Сенбі, 09 Тамыз 2025 15:42

Ордабасы ауданында алюминий профильдерін өндіретін зауыт ашылды

Ордабасы ауданы, Бадам елді мекенінде алюминий профильдерін өндіретін «CENTRAL ASIA ALUMINUM» ЖШС-нің зауыты ашылды. Бүгін облыс әкімі Нұралхан Көшеров пен компания директоры Сян Гуанжуй зауыттың лентасын қиып, арнайы батырманы басу арқылы нысанды іске қосты. Облыс әкімі көпшілікті жаңа зауыттың ашылуымен құттықтады.

– Бүгін сіздермен ерекше маңызды сәтте жиналып тұрмыз. Өңірімізде заманауи зауыттың құрылысы аяқталып, іске қосылғалы тұр. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев экономиканы әртараптандыру, инвестиция тарту, өндіріс орындарын ашу жөнінде тапсырма берді. Бұл бағытта облысымызда нақты жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгін ашылған «CENTRAL ASIA ALUMINUM» ЖШС-нің алюминий бұйымдарын өндіру зауытының маңызы өте зор. Жаңа зауытта 200-ге жуық жұмыс орны ашылды, өндірілген өнім экспортқа шығарылады. Зауытта заманауи және инновациялық технологиялар қолданылған. Жоба өңірде өнеркәсіп саласын дамытуға және кіріс көздерін ұлғайтуға ықпал етеді. Бұл жобаның жүзеге асырылуы — біздің ортақ жетістігіміз. Менің арманым және мақсатым – Түркістанды дотациялық өңір деңгейінен өз бюджетін қамтитын, өндірісі дамыған облысқа айналдыру. Сондықтан облысымызда, оның ішінде Ордабасы ауданында өндірістік жобаларды көбейтуді жоспарлап отырмыз. Индустриалды аймақтардың жұмысын жандандырып, жаңа жобаларды жүзеге асырамыз. Оған толық мүмкіндігіміз бар. Баршаңызды зауыттың ашылуымен шын жүректен құттықтаймын! Жаңа кәсіпорын ұжымына табыс тілеймін. Облысымыздың дамуына бағытталған жобаларымыз көп болып, халқымыздың табысы арта берсін! – деген облыс әкімі Нұралхан Көшеров жауапты тұлғалар мен кәсіпкерлерге зауыттың жұмысын сапалы үйлестіруді тапсырып, бұл бағытта жан-жақты қолдау болатынын еске салды.

Кәсіпорынның өндіріс қуаттылығы – жылына 20 мың тонна. 200 адам жұмыспен қамтылады. Жобаның алғашқы кезеңіне құйылған инвестиция көлемі 4,4 млрд. теңгені құрайды. Мұндағы өнімдер толық дерлік экспортталады. Заманауи үлгідегі зауыттың құрылыс жұмыстары сапалы орындалып, соңғы үлгідегі технологиялар қолданылған.

Ордабасы ауданында өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Индустриалды аймақ қолайлы аумақта орналасқан. Облыс, аудан басшылығы индустриалды аймақты одан әрі кеңейтіп, кәсіпорындар ашуға күш салмақ ниетте. Инфрақұрылым мәселесі толық шешіліп,инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетін болады.

Бүгінде Ордабасы ауданында «Стандарт Ресурсис» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Өндіріс орнының құрылысы 2020 жылы аяқталған. Жұмысының ІІ кезеңін биылғы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосқан. Жылына 100 мың тонна шикізат өндіреді. Жоғары маркалы бензиннен бастап, бірнеше өнім шығарылады. 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлығы 120-150 мың теңгені құрайды. Көмір-химия зауытының әлеуетін мамандар жоғары бағалап отыр.

Ауданда полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін және синтепон талшығын өндіретін «GREEN TECHNOLOGY INDUSTRIES» зауыты бар. Бадам ауылындағы «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 6800,0 млн. теңге. Жобаның I кезеңі ПЭТ қалдықтарын тазарту және ұсақта турап флекс өнімін алу жобасы 2018 жылы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. 2018 жылдан бері шығарылып жатқан флекс өнімі Ресей федерациясына экспортталуда. Кәсіпкерлікке қолдау бағытындағы жұмыстар жандана түспек. Индустриалды аймақтың кәріз жүйесін реттеу мәселесі маңызға ие.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 502 рет