Сапар барысында аудан басшысы алдымен Бадам индустриалды аймағын таза сумен қамтамасыз ету жағдайын зерделеді. Бұл ретте сусорғы ауыстыру, подстанция құру, қажетті жұмыс күшін қабылдау мәселелері назарға алынды. Аудан әкімі алюминий профильдерін өндіретін зауыттың, балалар ойын алаңына арналған бұйымдар шығаратын кәсіпорынның, сондай-ақ фибробетон бағаналар құятын “Береке” кәсіпорынының жұмысымен танысып, инфрақұрылым мәселелерін талқылады. Бұдан бөлек, құрылысы жүріп жатқан қыш зауытына барып, трансформатор орнату қажеттілігі, құжаттандыру рәсімдерін сүйемелдеу сынды өзекті мәселелерді назарға алды.
Аудан басшысы егін ору науқанына ерекше назар аударып, Бадам өндірістік кооперативінің қырманына арнайы барып, шаруалардың басын қосып, олардың нақты ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жанар-жағар маймен қамтамасыз ету, құрғақшылық салдарынан несие мерзімін ұзарту үшін тиісті анықтамалар алу, Керіш каналын бетондау жұмыстарын жүргізу қажеттігін айтқан шаруаларға нақты қандай қолдау көрсетілетініне тоқталды. Жауапты басшыларға егістік алқаптарына су жеткізу үшін сусорғы орнатып беру қажеттігін тапсырды. Бұл сапар – өндіріс пен ауыл шаруашылығы саласындағы түйткілді мәселелерді көзбен көріп, нақты шешім қабылдау бағытындағы жүйелі жұмыстардың жалғасы болды.
Жалпы, ауданда кәсіпкерлікпен айналысамын дейтін азаматтарға қолдаулар көрсетіліп жүр. Мәселен, былтыр жыл аяғында аудан әкімі Азат Оралбаев «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» көлік дәлізіне іргелес 10 гектар аумақтан өз кәсібін ашуға ниетті аудан кәсіпкерлерімен пікірлесіп, әкімдік тарапынан көрсетілетін қолдау туралы айтып бергені есімізде. «Облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының ұйымдастыруымен Қытайға сапарымызда ондағы аудан-қалалар іргесінде шоғырланған шағын өндіріс ошақтарымен танысқан болатынбыз. Сол жобаны ауданның шарт-жағдайына сәйкес жүзеге асыру үшін Шұбар ауылдық округі аумағынан 10 гектар аумақты арнайы өндіріс аймағы ретінде белгіледік. Ендігі мақсат – өндіріспен айналысуға қажетті жобасы мен қаржысы бар азаматтарға сол аумақтан тегін жер телімін беру арқылы жергілікті тауар өндірушілердің қатарын көбейтіп, жұмыссыздық деңгейін төмендету, – деген болатын аудан әкімі.
Ордабасы ауданындағы басқа да атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтап өтер болсақ, аудандағы су нысандарының су өткізу қабілеттілігін арттыру үшін 7,2 млрд. теңге бөлініп, 9 каналды күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар Қараспан су торабымен (құны – 1,2 млрд. теңге), Қараспан магистралді каналына (құны – 3,5 млрд. теңге) күрделі жөндеу жұмыстары басталған. Былтыр 2 нысанның жөндеу жұмыстары аяқталды. Қалған каналдарды биылғы жылы пайдалануға беру жоспарланып отыр. Былтыр сондай-ақ, 21 каналдың 44,5 шақырымына механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді.
Былтырғы жылдың соңына дейін ауданда инвестициялық құны 10,8 млрд. теңгені құрайтын 8 жоба іске асырылып, 328 жаңа жұмыс орны ашылды. Былтыр бірінші жарты жылдықта 1,2 млрд. теңгеге 2 жоба іске қосылып, 72 жұмыс орны ашылды. Ал, екінші жартыжылдығында құны 9,6 млрд. теңгенің 6 жобасы іске қосылды. Ауданда жаңа өндірістік кәсіпорындарды ашу үшін 27 гектарды құрайтын инфрақұрылыммен қамтылған индустриялды аймақ құрылған. Индустриялды аймақта 1 млрд. теңгені құрайтын 2 инвестициялық жобаның құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Бұл жобалар іске асырылған жағдайда ауданға 1,7 млрд. теңге инвестиция тартылып, құрылған жұмыс орындарының саны 150-ден асады.
Халықты қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар қарқынды атқарылуда. Соңғы 3 жылда 685 гектар жер жаңа үйлерді салу үшін инфрақұрылыммен қамтылып (ауыз су, электр желісі), 1 851 жер телімі бөлінді. Темірлан елді мекеніндегі 70 гектар аумақта инженерлік инфрақұрылым жүйелерінің (ауыз су, электр желісі) құрылысы жүргізілді (жалпы құны 234,3 млн. теңге). Былтырғы жылдың қыркүйек айында нысанның құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Нәтижесінде, жер кезегінде тұрған 261 адамға жер берілді. Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін көшелерді түнгі жарықтандыру жұмыстары жүргізілді.
Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде қанағатты жағдайдағы жолдардың үлесін 55 пайызға жеткізу жоспарлануда. 2025 жылы аудан тұрғындары таза, сапалы ауыз сумен 100% қамтылады. Аудан бойынша 25 елді мекеннің газ жүйесінің құрылыстарына биыл 3,8 млрд.теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Былтыр жыл соңына дейін 17 елді мекен газға қосылды. Тағы 15 нысанға жобалау-сметалық құжаттама әзірленді.«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында Қажымұқан ауылындағы С.Ысмайлов мектебі күрделі жөндеуден өтіп, пайдалануға берілді. «Жайлы мектеп» пилоттық ұлттық жобасы әзірленді. Жоба шеңберінде ауданда жаңадан 5 мектептің құрылысы жоспарлануда.
Сондай-ақ, Бадам-Шұбар автожолының бойында, Батыс Еуропа – Батыс Қытай автодәлізінен 500 метр қашықтықта орналасқан аумақта инфрақұрылым тартылады деп жоспарланып отыр. Қуаттылығы 25 МВТ қосалқы станция, 1,5 шақырым электр жүйесі, 2,1 шақырым су жүйесі, 0,7 шақырым газ жүйесі, ұңғыма құрылысы жүргізілуі тиіс.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат