Сәрсенбі, 16 Шілде 2025 20:10

Ордабасы: аудан әкімінің төрағалығымен инвест штаб отырысы өтті

Бүгін Ордабасы ауданы әкімі Азат Оралбаевтың төрағалығымен «Инвест штаб» отырысы өтті. Инвест штабта аудан аумағында іске асырылып жатқан инвестициялық жоба иелерін және жобаларын іске асыруға ниетті инвесторлардың ұсыныс-пікірлері зерделенді.

Мәжіліс барысында аудан басшысы тиісті сала орынбасары мен қызметкерлеріне әкімшілік кедергілердің орын алуына жол бермеу, рұқсат беру құжаттарын рәсімдеу, шағын және орта кәсіпкерліктің дамуына мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер мен қолдау тетіктері жайлы дер кезінде ақпараттандыру және оны пайдалануды сүйемелдеу бойынша нақты тапсырмалар жүктеді.

Айта кетсек, аудан аумағында отандық және шет ел инвесторлары арқылы 2025-2026 ж.ж. аралығында құны 18,2 млрд.тг құрайтын 810 жаңа жұмыс орны бар 10 жоба іске қосылады. Іске асырылған жобалардың есебінен 2025 жылдың 6 айында тартылған инвестиция көлемі 25,8 млрд. теңгені құрап, жылдық жоспар 48,6 пайызға орындалды. Ал, алдағы іске асатын жобалар ауданның өндірістік әлеуетін дамытуға үлкен үлес қосары сөзсіз.

Жалпы, Ордабасы ауданында өндірісті дамытуға мүмкіндік мол. Индустриалды аймақ қолайлы аумақта орналасқан. Облыс, аудан басшылығы индустриалды аймақты одан әрі кеңейтіп, кәсіпорындар ашуға күш салмақ ниетте. Инфрақұрылым мәселесі толық шешіліп,инвесторлар мен кәсіпкерлерге қолдау көрсетілетін болады.

Бүгінде Ордабасы ауданында «Стандарт Ресурсис» ЖШС-нің мұнай өңдеу зауыты жұмыс істеп тұр. Өндіріс орнының құрылысы 2020 жылы аяқталған. Жұмысының ІІ кезеңін биылғы жылдың екінші жартыжылдығында іске қосқан. Жылына 100 мың тонна шикізат өндіреді. Жоғары маркалы бензиннен бастап, бірнеше өнім шығарылады. 200-ге жуық адам жұмыспен қамтылған. Олардың орташа айлығы 120-150 мың теңгені құрайды. Көмір-химия зауытының әлеуетін мамандар жоғары бағалап отыр.

Ауданда полиэтилен бұйымдарын қайта өңдейтін және синтепон талшығын өндіретін «GREEN TECHNOLOGY INDUSTRIES» зауыты бар. Бадам ауылындағы «Бадам» индустриялды аймағында орналасқан зауыттың инвестициялық құны – 6800,0 млн. теңге. Жобаның I кезеңі ПЭТ қалдықтарын тазарту және ұсақта турап флекс өнімін алу жобасы 2018 жылы «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» мемлекеттік бағдарламасы аясында іске қосылды. 2018 жылдан бері шығарылып жатқан флекс өнімі Ресей федерациясына экспортталуда. Кәсіпкерлікке қолдау бағытындағы жұмыстар жандана түспек. Индустриалды аймақтың кәріз жүйесін реттеу мәселесі маңызға ие.

Ордабасы ауданында «Бірыңғай индустрияландыру картасы» аясында 2022-2025 жылдары жалпы инвестициялық құны 105,7 млрд. теңге болатын және барлығы 1060 жаңа жұмыс орнын құратын 6 жобаны іске асыру жоспарланған. Биыл 3 жоба іске қосылды. Ал, «Бадам» индустриалдық аймағында жалпы құны 21 млрд. 234 млн. теңгені құрайтын 6 жоба орналасқан.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 26 рет