Жексенбі, 06 Шілде 2025 20:02

Ордабасы ауданында жүзеге асырылатын ірі жобалар таныстырылды

Бүгін Ордабасы ауданында маңызды әрі мазмұнды брифинг ұйымдастырылды. Іс-шараға аудан әкімдігі, БАҚ өкілдері инвесторлар және кәсіпкерлер қатысып, өңірдегі бірқатар ірі жобалар кеңінен таныстырылды.

Іс-шара барысында қонақтар аудан экономикасына серпін беріп жатқан бірқатар маңызды нысандардың жұмысымен танысты. Сонымен қатар, ауданның инвестициялық ахуалын жақсарту және жаңа жобаларды жүзеге асыру арқылы аймақтың тұрақты дамуына серпін беруге бағытталған нақты қадамдар айтылды.

Алдымен, Бадам ауыл округінде орналасқан «CENTRAL ASIA ALUMINUM COMPANY» ЖШС-нің өндірістік алаңына барып, алюминий профильдерін өндіру үдерісімен танысты. Бұл кәсіпорын қазіргі таңда аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан ірі инвестициялық жобалардың бірі болып табылады. Сапар аясында қонақтар Ордабасы тауында орналасқан «Бірлік» монументіне барып, ел тарихындағы маңызды орындардың бірі саналатын қасиетті мекенмен танысты. Бұл – үш жүздің басы қосылған тарихи орын.

Бұдан кейін делегация Қажымұқан ауыл округі, Темірлан ауылындағы «Этно ауыл» аллеясына ат басын бұрып, туризм саласындағы 2 ауқымды жобамен танысты. Атап айтқанда, «Темірші» демалыс аймағы мен «AirCraft» жобасы таныстырылып, олардың туристік әлеуеті мен болашақтағы маңызы туралы кеңінен баяндалды.

Күн тәртібіндегі маңызды шаралардың бірі – аудан әкімі Азат Оралбаевтің БАҚ өкілдері алдындағы брифингі болды. Брифинг аудандық мәдениет үйінде өтіп, онда ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен алда тұрған міндеттері кеңінен баяндалды. Іссапар соңында қонақтар Темірлан ауылында ұйымдастырылған кешкі асқа қатысып, еркін форматта пікір алмасып, бірқатар БАҚ өкілдері марапатталды.

Жалпы, Мемлекет басшысының стратегиялық жоспарына сәйкес өңір басшысы жаңа жұмыс орындарын ашу, инвестиция тарту және өнеркәсіп саласын күшейтуді тапсырған болатын. Осы орайда Ордабасы ауданында кезекті бірнеше маңызды жобалар жүзеге аспақ. Атап айтқанда, мал жүнін бастапқы өңдеу және қазақы нақыштағы кілем тоқу жобасы қолға алынуда. Аталған жоба үшін аудан аумағынан 1 гектар жер телімі қарастырылған.

Сонымен қатар, ауданда жүзім шаруашылығын дамыту жобасын іске асыру да жоспарланып отыр. Бұл мақсатқа 50 гектар жер телімі белгіленген.Аталған жобаларды жүзеге асыруға Иран Ислам Республикасынан келген шетелдік инвестор – «Талифа» ЖШС ниетті. Бұл жобаларға Қажымұқан және Қарақұм ауыл округтері аумағынан қажетті жер телімдерін бөлу мәселесі қаралып, құжаттары Түркістан әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы рәсімделмек.

Аудан әкімі Азат Оралбаев шетелдік инвесторлармен арнайы кездесу өткізіп, олардың жоспарларымен танысты. Кездесу барысында ауданның даму бағыты мен әлеуеті таныстырылып, екі тарап өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Аталған жобалар жүзеге асқанда, өңдеу өнеркәсібі саласында өнімнің жаңа түрлері өндіріледі. Бұл өз кезегінде өнеркәсіптің және аудан экономикасының дамуына серпін беретін болады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 26 рет