Қонақтар сапар барысында алдымен Шаға ауылдық округіндегі өндірістік паркті аралап көрді. Аталған өндірістік аймақта бүгінде бірқатар ірі жобалар іске асырылып жатыр. Мәселен, ауыл шаруашылығына арналған тамшылатып суару жүйелері мен тіркемелі техникалар шығаратын «BNK GROUP LTD» ЖШС-нің жұмысы таныстырылды. Кәсіпорын өнімдерін тек ішкі нарыққа ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ресей және басқа да елдерге экспорттауды көздейді. Сол аумақта орналасқан тағы бір кәсіпорын — «Aqniet Holding» ЖШС мектеп, кеңсе және медициналық жиһаз өндірісімен айналысады.
Делегация Иассы ауылдық округіне қарасты Еңбекші Дихан елді мекенінде орналасқан өндірістік аймақты аралап, ондағы жобалармен танысты. Бұл аумақта 9 гектар жерге 24 жобаны орналастыру жоспарланған. Солардың бірі — «AR Group LLP» ЖШС, кәсіпорын клинкер қасбеттік плиткалар өндірісін жолға қойған. Өнімдер құрылыс саласына қажетті сапалы материалдар қатарын толықтырып отыр.
Келесі кезекте делегация Қарашық ауылындағы 10 гектарлық өндірістік аймақты аралап шықты. Мұнда жалпы 20 жобаны жүзеге асыру көзделген болса, қазіргі таңда 12 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастап кеткен. Сонымен қатар, Жүйнек ауылдық округінде орналасқан «MinPromKaz» ЖШС құрғақ құрылыс қоспаларын, «Asia Brand» ЖШС корпустық жиһаз, «DIVALUX» ЖШС жұмсақ жиһаз өндіретін кәсіпорындар да араланып, жұмыс барысы таныстырылды.
Сауран ауданында өндірістік аймақтарды дамыту — өңір экономикасын әртараптандыру, кәсіпкерлік белсенділікті арттыру және жаңа жұмыс орындарын ашудың нақты тетігі. Аудан және қала әкімдерінің бұл сапары өндірістік нысандарды аралап көру, тәжірибе алмасу арқылы өзара ынтымақтастықты нығайтуға және басқа өңірлерде де осы секілді жобаларды жүзеге асыруға тың серпін берері анық.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат