Сәрсенбі, 09 Шілде 2025 18:04

Сауран ауданында ірі мал бордақылау алаңдары іске қосылуда

Күні кеше Сауран ауданына арнайы жұмыс сапарымен келген Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Қайрат Балабиев Ескі Иқан ауылдық округінде болып, өңірдегі агроөнеркәсіптік бағыттағы ірі жобалардың бірі – мал бордақылау алаңдарының құрылыс барысымен танысты.

Іс-шараға Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров, Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішев, облыстық мәслихат депутаты Жанар Темірбекова, «AMANAT» партиясының Сауран аудандық филиалының төрағасы Сағынбек Асылбеков қатысты. Қайрат Рахымұлы Ескі Иқан ауылдық округінде орналасқан “Түркістан Ет өнімдері” ЖШС-нің мал бордақылау алаңының құрылыс жұмысын аралап көрді. Аудан әкімі Мақсат Таңғатаров бұл нысанның аймақтың агроэкономикалық әлеуетін көтеруге ықпал ететінін атап өтті.

– Қазіргі таңда Сауран ауданына қарасты 12 ауылдық округтің аумағынан жалпы көлемі 185 гектар жер телімі бөлініп, 292 мал бордақылау алаңының құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 30 бордақылау алаңы Ескі Иқан ауылдық округінде бой көтеруде. Соның 25-і құрылыс жұмыстарын бастап кетті. Жоба толық іске қосылғанда, кемінде 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады, – деді аудан басшысы.

Бұл жобаның басты ерекшелігі – мал бордақылау алаңдарының бір жерде шоғырлануы. Мұндай тәсіл инфрақұрылымды тиімді пайдалануға, шығындарды азайтуға және жұмысты жүйелі ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Санитарлық, ветеринарлық талаптар бір орталықта қатаң бақыланып, ет өнімінің сапасы мен көлемі артады. Сонымен қатар, сервистік қызметтерді орталықтандыру арқылы кәсіпкерлерге қолдау көрсетіледі. Ең маңыздысы – жаңа жұмыс орындары ашылып, ауылдық жерлердің экономикалық белсенділігі артады.

Кездесу барысында Мәжіліс депутаты Қайрат Балабиев ауданда жүзеге асып жатқан жобаның ауқымдылығы мен құрылымына оң баға берді. Ол мал шаруашылығын дамыту – ауылдық жерлерде жұмыспен қамту, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өңірлік экономиканы әртараптандырудың маңызды тетігі екенін атап өтті.

– Ел Президенті ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп отыр. Сол бағыттағы нақты бастамалар осындай жобалар арқылы жүзеге асуы қажет. Бұл – елді мекендердегі еңбекке қабілетті азаматтардың тұрмыс сапасын арттыруға мүмкіндік беретін тиімді модель. Бастама жүйелі іске асатын болса, Сауран ауданы мал шаруашылығы бойынша облыста алдыңғы қатарға шығары сөзсіз, – деді Қайрат Рахымұлы.

Жергілікті тұрғындар мен жеке кәсіп иелерімен кездесу кезінде депутат жобаның іске асырылуына орай ұсыныс-пікірлерін тыңдап, кәсіпкерлерге мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау тетіктері жөнінде ақпарат берді.

Осы тұста айта кетсек, Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде жыл басында 20 гектар аумақта ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысы бастау алған болатынБұл кешенде 5000 бас ірі қара мал бордақыланып, ет, жем өндірісі және тері өңдеу бағыттары бойынша жұмыс жасайтын болады. Нысанның негізін “Мырзахан” шаруа қожалығының басшысы Мырзахан Байтурсынов қалаған. Кешен құрамына бордақылау алаңы, мал сою, тері өңдеу, қан, тұяқ өңдеу алаңы мен мал дәрілеу, ветеринар, шөп жинау, жем жинау, малға жем дайындау, тыңайтқыш өңдеу алаңдары болады.

Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталып, 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Нысан толық іске қосылғанда, бұл жерде 60-тан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Бұл кешен аудандағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен серпін береді. Мал бордақылау арқылы ет өндірісі көлемі артып, ішкі нарықта жоғары сапалы өнімдер қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, тері және тыңайтқыш өңдеу цехтарының іске қосылуы шикізатты толық пайдаланып, қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізуге мүмкіндік береді. Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрақты табыс көзін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, өңір экономикасы күшейіп, салық түсімдерінің артуы арқылы ауданның инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаржы бөлінеді. Бұл жоба — өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болып табылады.

Сондай-ақ, Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округында да ауыл шаруашылығы саласында тың жобалар қолға алынуда. Өңірдегі кәсіпкерлік белсенділік пен инфрақұрылымдық қолдау арқасында мал бордақылау саласына ерекше көңіл бөлініп, осы бағыттағы ниет білдіруші кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетілуде. Үшқайық ауылдық округінде де жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын мал бордақылау алаңы салынып жатыр. Жоба аясында 13 жеке алаң құрылып, әртүрлі мақсаттағы мал бордақылау қызметтері ұйымдастырылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 1,1 млрд теңгені құрайды. Аудан әкімі көктемде құрылыс алаңына барып, кәсіпкерлермен жеке кездесіп, жобаның инфрақұрылымдық талаптарын орындауға және құжаттандыру мәселелерін шешуге қажетті толық қолдау көрсетілетіндігін мәлімдеген болатын. Толық құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мал бордақылау алаңы 40-тан астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, өткен жылы Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамып, егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл қорытындысы бойынша 43,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Соның нәтижесінде 873,3 тонна өнім өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділік 105,3%-ға артты. Бұл жетістік саладағы өсімнің айқын көрсеткіші.Биыл аталған көрсеткіштерді одан әрі арттыру мақсатында 44,2 мың гектар жерге егістік дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 1,2 гектар жерге жылыжай өнімдері отырғызылды. Жаңа техникалар кеңінен қолданылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Жаңбырлатып және тамшылатып суғару әдістерінің көлемі артып, алқаптарды суарудың тиімділігі артуда.

Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  7 мыңға  жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты.

Ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді.

Сауран ауданында ауылшаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-ң құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірдегі ауыл шаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосады деген үміт бар.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 35 рет