Сенбі, 14 Маусым 2025 17:37

Сауран: Жібек жолы ауыл округінде 5 гектар жерге өндірістік аймақ, 10 гектар аумақта мал бордақылау алаңы ашылмақ

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Жібек жолы ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізіп, ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуы, инфрақұрылым жағдайы және алдағы жоспарлар бойынша пікір алмасты. Ашық диалог форматында өткен кездесуде тұрғындар өзекті мәселелерін ортаға салып, ауыл тіршілігін жақсартуға қатысты ұсыныстарын жеткізді.

Ағымдағы жылдың қаңтар–мамыр айларында ауылдық округте 22,76 млн теңге бюджет қаржысы игеріліп, салықтық түсімдер 4,96 млн теңгені құрады. Ауыл шаруашылығы саласында 1505 гектар жерге егіс егілді. Мал басы 12 мыңнан асып, 59 шаруа қожалығы тіркелді. Өндірілген өнімдерді облыстық, қалалық және шетелдік нарыққа шығару жоспарлануда. Сонымен қатар, округте 5 гектар жерге өндірістік аймақ құру және 10 гектар аумақта мал бордақылау алаңын ашу бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл жобалар кәсіпкерлікті дамыту мен жаңа жұмыс орындарын ашуға жол ашады.

Аудан әкімі ауылдың даму әлеуетіне тоқталып, тұрғындардың көтерген мәселелері назардан тыс қалмайтынын айтты. Ол Жібек жолы ауылдық округінде инфрақұрылымды дамыту, ауыл шаруашылығын қолдау, білім, медицина, тазалық пен абаттандыру салаларында жоспарлы жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Кездесуде тұрғындар жол, ауыз су, әлеуметтік нысандарды жөндеу, жұмыспен қамту және санитарлық тазалық мәселелерін көтеріп, нақты ұсыныстарын жеткізді. Аудан басшысы барлық көтерілген сұрақтар бойынша жауап беріп, алдағы уақытта оларды кезең-кезеңімен шешу жоспарларын ұсынды.

Сонымен қатар, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Бабайқорған ауылдық округі тұрғындарымен де кездесу өткізді. Кездесу барысында округ әкімі Жасұлан Мыңтаев 2025 жылдың қаңтар–мамыр айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері туралы есеп берді. Ауылдық округтің бюджеті 112,6 млн теңге көлемінде бекітіліп, оның 48,5 млн теңгесі 5 айда игерілді. Салықтық түсімдер жоспары 222%-ға артық орындалып, 12,3 млн теңге өндірілді. Мал шаруашылығында 4050 ірі қара, 33 356 ұсақ мал, 2067 жылқы тіркелсе, ауыл шаруашылығы мақсатында 2220 гектар жерге түрлі дақылдар егілді. Инфрақұрылымды дамыту бағытында 15 аялдама абаттандырылып, тротуарлар төселді, балалар және спорт алаңшалары орнатылды.

Кездесу барысында ауыл тұрғындары өзекті мәселелер мен ұсыныстарын жеткізді. Әсіресе, ауыл шаруашылығына қатысты нақты қадамдар күтілетіні айтылды. Жиын қорытындысында аудан әкімі мен ауыл әкімі тұрғындар көтерген мәселелерді назарға алып, алдағы жұмыс жоспарларына енгізетінін атап өтті.

Мұнымен қоса, Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров осы күні Шорнақ ауылдық округінің тұрғындарымен кездесу өткізді. Кездесу барысында Шорнақ ауылдық округінің әкімі Бердалы Баймұратов жылдың негізгі нәтижелері мен атқарылған жұмыстар туралы халық алдында есеп берді. Бердалы Баймұратов өз сөзінде ауылдың әлеуметтік-экономикалық жағдайы, инфрақұрылымдық мәселелер мен тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында қолға алынған бастамаларды баяндады.

Атап айтқанда, ауыл шаруашылығына 1,8 млрд теңгеге жуық инвестиция тартылып, жаңбырлатып суғару технологиялары енгізілді, техникалар жаңартылды. Салықтық түсімдер жоспардан асыра орындалып, 51 отбасыға әлеуметтік және демеушілік көмек көрсетілді. Қосмезгіл, Шорнақ, Аша елді мекендерінде тас төсеу, жарықтандыру, спорт және ойын алаңдарын жөндеу, көшет отырғызу, санитарлық тазалау жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, округ бойынша 374 жас әскер қатарына шақырылып, олардың бір бөлігі әскери борышын өтеуге аттанды.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров округтің жетістіктеріне оң бағасын беріп, алдағы уақытта да тұрғындар өмір сапасын жақсартуға бағытталған жұмыстар жалғасатынын атап өтті. Кездесу соңында тұрғындар өз ұсыныстарын білдіріп, аудан басшысы оларды жүзеге асыру үшін барлық мүмкіндіктер қарастырылатынын жеткізді.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаровтың айтуынша, ауданның даму жоспарында ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп және туризм басым бағытқа ие. Ауданда жиһаз өнеркәсібі, құрылыс материалдарын өндіру ісі жақсы дамыған. 2030 жылға дейін құны 174,6 млрд. теңгені құрайтын 151 жобаны іске асыру жоспарлануда. Ауыл шаруашылығы бойынша 52 жоба (жоба құны – 107 млрд. теңге, 390 жұмыс орны), өнеркәсіп саласында 85 жоба (жоба құны 53,1 млрд. теңге, 2 427 жұмыс орны), туризм саласында 14 жоба (жоба құны 14,5 млрд. теңге, 250 жұмыс орны) жүзеге асады. Жалпы 3 067 жаңа жұмыс орны ашылады. Нәтижесінде жалпы өңірлік өнім көлемі 321,5 млрд. теңгеге жетіп, 2,4 есе артады деп күтіліп отыр. Сонымен бірге өндірістік аймақтарды кеңейту, тоқыма өнеркәсібі, жиһаз жасау, пластмасса өнімдерін өндіру жобалары жүзеге асады. Су үнемдеу технологияларына 17,6 млрд. теңге инвестиция тартылады. 14 жобаны жүзеге асыру көзделген. Мал, құс, балық, егін және мақта шаруашылығы да дами түседі.

Қазіргі таңда Сауран ауданында Мемлекет басшысының тапсырмасын жүзеге асыру бағытында нақты іс-шаралар жоспары нақтыланып, тиісті жұмыстар атқарылып келеді. Жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту үшін жаңа өндіріс орындарын ашу, ауданға инвестициялық жобаларды тарту, шағын және орта бизнесті дамыту бағыты басты назарда тұр. Сауран ауданының туристік әлеуеті де өте жоғары.

Сауран ауданында 2024-2026 жылдар аралығында өндірістік аймақтар құрылмақ. Нақтырақ айтқанда, І кезеңде Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ІІ кезеңде 2026 жылдан бастап қалған 7 ауыл округінде өндірістік алаңдар салу жұмыстары қолға алынды. Қазіргі уақытта Шаға ауылдық округінде орналасқан «Өндірістік парк» жобасының құрылысы қарқынды жүргізілуде. 30 гектар жерге 29 жобаны іске асыру жоспарланған. Бүгінде парк аумағында 10 браунфилдтің құрылысы аяқталды. Индустриалды аймақ құру үшін қосымша 70 гектар жер бөлініп, қажетті инфрақұрылыммен қамтамасыз ету бойынша құжаттандыру жұмыстары жүргізілуде.

Сонымен қатар, Қарашық ауылынан шағын өндірістік алаңын құру үшін 10 гектар жер бөлініп, 21 кәсіпкермен меморандум түзілді. Атап айтқанда, жиһаз жасайтын 9 цех, құрылысқа қажетті материалдар өндіретін 10 цех, 1 тігін цехы және 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін цех ашылмақ. Қазіргі уақытта кәсіпкерлер цех құрылыстарын бастап кетті. Өндіріс алаңына қажетті электр желісі тартылып, жолға тас төсеу жұмыстары жүргізілді.

Еңбекші Дихан ауылынан «Иассы» өндірістік алаңына 9 гектар жер учаскесі бөлініп, 18 жобаны іске асыру жоспарлануда. Бүгінгі таңда 9 кәсіпкермен меморандум түзіліп, 2 кәсіпкер құрылыс жұмыстарын бастады. Мұнда жиһаз жасайтын, құрылысқа және тамақ өнімдеріне қажетті материалдар өндіретін цехтар ашылады. Одан бөлек, Шорнақ ауылынан 8 гектар жерге өндірістік алаң құрылып, 1 гектар аумаққа жиһаз жасау цехының құрылысы басталды. Бұл аймақта 10 браунфилд салынады. Жобаны жүзеге асыру 2024-2030 жылдар аралығына жоспарланған.

Аудандағы Теке ауылынан «Үшқайық» өндірістік алаңы жобасының құрылысын жүргізуге 18 гектар жер бөлінді. Мұнда 2025-2030 жылдар аралығында 37 жобаны іске асыру жоспарлануда. Қазіргі таңда өндіріс алаңында құрылысқа қажетті материалдар өндіретін, сүт өңдейтін және тігін цехтарын салу үшін меморандум түзілді. Өндірістік алаңына басқа да жобаларды орналастыру үшін инвесторлармен келіссөздер жүргізу жұмыстары жалғасады.

Жалпы, жиһаз өндірісі кәдімгідей жолға қойылған Сауран ауданында Ресейдің сапалы есіктерінен кем емес ішкі есіктер шығарылуда. Кәсіпкер ағайындылар Азизбек пен Бахадир Абдужалиловтар өндіріс цехын осы жылы іске қосқан. Аталмыш цехта 60 маман жұмыс істейді. Бүгінде облыс және ауданның тұрғын үйлері мен ғимараттарға заманауи түрлі үлгідегі және әртүрлі көлемдегі есіктер сатылуда. Заманауи құрылғылармен жабдықталған цех өнімі сапалы, бағасы да қолжетімді.

Сауран  ауданында еңбек етемін деген тұрғындарға, яғни қос қолға бір күрек табылады. Шағын кәсіп, ауылшаруашлығымен айналысу, туризм бағытында қызмет көрсету бойынша да ауданның әлеуеті жоғары. Сондықтан, мемлекет қолдап тұрғанда, жастардың өсуіне көмек көрсетіп тұрғанда, қолдан келгеннің бәрін жасау жергілікті билікке парыз десек те болғандай.

Бүгінде Сауран ауданындағы өндірістік паркінде 10 кәсіпорын өз жұмысын бастады. Сонымен қатар тағы 29 жаңа өндіріс орны жыл соңына дейін іске қосылып, онда 1 500-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарлануда. Туризм саласында 254 инвестициялық жоба іске қосылып, мұнда 4162 жаңа жұмыс орны құрылады деп көзделуде. Айта кетсек, мұнда 54 тарихи нысан бар, өткен жылдың көрсеткішімен ауданға келуші туристер саны 100 мыңға жуықтаған. Сауран ауданының өндірістік әлеуеті жоғары. Ауданға қарасты 5 елді мекеннен өндірістік алаңдар ашылады деп жоспарланған.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 28 рет