Іскерлік байланыс орнатып, ынтымақтастықты одан әрі нығайту үшін ұйымдастырылған шарада жалпы сомасы 70 млн АҚШ долларынан асатын төрт құжатқа қол қойылды. Екі ел компаниялары арасында екіжақты B2B және G2B кездесулері өтті. Сондай-ақ, Исламабад қаласында екі ел арасындағы достық пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайту мақсатында қолөнершілер қаласы атанған Түркістан қаласы мен Пәкістанның рухани және мәдени астанасы атанған Лахор қаласы бауырластық қатынастарды орнату туралы меморандумға қол қойды.
Лахор қаласы – Пәкістанның рухани және мәдени астанасы ретінде бүкіл әлемге танымал. Мұндағы халық саны бүгінде 13 миллионнан асады.Қала аумағында бүгінге дейін жеткен Пәкістан халқының ғана емес, барша адамзаттың ортақ құндылығы саналатын бірегей сәулет өнері ескерткіштері, әлемдік мәдени мұра тізіміндегі тарихи нысандар бар.
Қазақстанның рухани орталығы, түркі әлемінің киелі ордасы, 1500 жылдан астам тарихы бар, Халықаралық деңгейде Қолөнершілер қаласы атанған Түркістан қаласы осыған дейін Әзербайжан Республикасының Шуша қаласымен, Түркия Республикасының Мальтепе, Үскідар, Зейтинбурну муниципалитеттерімен, Тәжікстан Республикасының Худжант қаласымен, Қытай Халық Республикасының Юэцин қаласымен бауырластық қатынас орнатқан болатын.
Сондай-ақ, Өзбекстан Республикасының Самарқанд қаласымен, Қытай Халық Республикасының Чженчжоу, Ляочин, Линьань, Вэйнань қалаларымен достық ынтымақтастық қатынас бар. Ресми кездесу барысында Түркістан қаласы әкімінің орынбасары Мекенхан Қырықбаев пен Лахор қаласының комиссары Саед Муса Раза алдағы уақытта жүзеге асатын мәдени-гуманитарлық, экономикалық және туристік салалардағы жобаларды талқылап, бұл келісімдер екі қаланың арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге көтеретініне сенім білдірді.
Жалпы, соңғы жылдары Түркістан қаласында инвесторлардың қатары күн санап артып келеді. Еліміздің түкпір-түкпірінен қызығушылық танытып отырған азаматтар Түркістан қаласында, жалпы, облыста кәсіп ашуға жасалған жағдайдың қолайлы екенін алға тартады. Кәсіпкерлер автосалон, жекеменшік емхана, сауықтыру кешендері мен спорт кешендерін салуға қызығушылық танытып отыр.
Қала экономикасының өсім драйвері инвестиция тартымдылығы - соңғы 4 жылда негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 1,3 трлн.теңгені құрап, оның ішінде 46 пайызы жеке инвестиция есебі көрсеткішіне жеткен. Бүгінде Түркістан қаласында жалпы аумағы 310 га құрайтын 2 өндірістік аймақ бар. Оның ішінде 1 арнайы экономикалық аймақ аумағы 180 га, бүгінгі таңға жалпы құны 126 млрд.теңгені құрайтын, 3050 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік беретін 15 жоба қарастырылып отыр.
Сондай-ақ, жалпы аумағы 190 га құрайтын 1 индустриалды аймақ жұмыс істейді, бүгінгі күнде аймақта жалпы құны 10,5 млрд.теңгені құрайтын 21 жоба іске асырылған. Алдағы жылдары құны 15,8 млрд.теңге болатын және 525 адамды жаңа жұмыс орнымен қамту мүмкіндігі бар 19 жоба іске асыру жоспарлануда.
Түркістанда алдағы 6 жылда бірқатар жобалар іске асырылмақ. Жоспарлы кезеңде 541 млрд .теңгені құрайтын 7 мыңнан асатын жаңа жұмыс орнымен 192 инвестициялық жобаның пулы жасақталған. Жергілікті түсім 44,2 млрд. теңге немесе 2,2 есе өсіп, 81,2 млрд. теңгені құрайды деп жоспарлануда. Сонымен қатар жұмыссыздық деңгейін 4,7%-ға төмендетіп, 22 мыңға жуық жұмыс орындарын ашу көзделуде. Баспанамен қамту бойынша 2411 мың шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр.
Сала мамандары былтыр инвестиция саласы бойынша көрсеткіште оң динамика қалыптасқанын айтады. Яғни, негізгі капиталға тартылған инвестиция көлемі 245,8 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 23,3% артқан. Оның ішінде: жеке инвестиция көлемі 154,6 млрд. теңгені құрап, тиісті кезеңімен салыстырғанда өсім 55% құрады. «Соңғы бес жылдағы өзгерістер қала дамуына жаңа мүмкіндіктер ашқанын ерекше атап өткен жөн. Халық табысының өсуіне және олардың әл-ауқатына оң әсерін тигізетін жобаларды жүзеге асыруға облыс орталығында барлық жағдайлар қарастырылған. Сол себепті, қазір жекеменшік секторды нығайтуға арналған ауқымды реформаларды жүзеге асыруға басымдық беріліп отыр. Бұл өз кезегінде бәсекелестікті арттыруға, жалпы, экономиканың өсуіне ықпал етері сөзсіз.
Бүгіне Түркістан қаласындағы «Әкімшілік-іскерлік орталығы» мен мәдени-рухани орталық маңындағы барлық жобалар тұрақты бақылауда. Мәселен, бір кәсіпкер Түркістан қаласында автосалон салуға ниетті. Жоба іске асқан жағдайда 120 адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер араға уақыт салып, кәсібін ұлғайтуды көздейді. Енді бір жоба – сауықтыру орталығы. Кәсіпкер оның сыртқы келбетіне ерекше мән беріп, абаттандыруына атсалысатын болды.
Жалпылай айтқанда, Түркістан облысына инвестиция тарту бағытында ауқымды жұмыс жүріп жатыр. Жауапты басқарма басшысы мен аудан, қала әкімдері Қытай мен Өзбекстан мемлекеттеріне іссапармен барып, өндірісті дамыту бағытында тәжірибе жинады. Алдыңғы жылы және былтыр жыл басынан бері облыс басшылығы 10 елдің 80-ге жуық өкілімен кездесті. Атап айтқанда, Түркия, Қытай, Өзбекстан, Ресей, Германия, Италия, Жапония, Корея, Чехия, Грузия өкілдерімен келіссөздер жүрген. Оның ішінде инвестиция тарту бағытында сыртқы байланыстарды орнату мақсатында 30 шетелдік инвестормен және 10 ресми делегациялармен кездесулер өткен. Қытай Халық Республикасына іссапар аясында екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту және қытайлық инвесторларды облысқа тарту мақсатында 11 компаниямен 2,6 трлн. теңгені құрайтын келісімдерге қол қойлыған. Облыстың кәсіпкерлері Қытайдан инвестиция тартып, жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын бастап кеткен.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін дамытуға мүмкіндік беретін бірнеше маңызды жобаларды іске асыру жоспарланып отыр. Өңдеу өнеркәсібінде жалпы құны 30,2 млрд теңге болатын 20 жоба іске асырылып, 594 жұмыс орны ашылады деп жоспарланған. Бүгінде 384 жаңа жұмыс орнымен жалпы құны 11 млрд теңге 10 жоба іске қосылды. Бұл бағытта жұмыстар жалғасады. Өңірде ірі жобаларды іске асыру есебінен өзіндік кірістерді алдағы 5 жылда қосымша 100 млрд теңгеге көбейту көзделіп отыр. Сондай-ақ өңдеу өнеркәсібінде 20 жобаны жүзеге асыру жоспарланса, бүгінгі таңда 10 жоба іске қосылды (11 млрд теңге, 384 жұмыс орны).
Экономикаға тартылған инвестиция көлемі 1,4 есе артып, 751 млрд теңгеден асты. Тікелей шетелдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Жалпы құны 3,3 трлн теңге болатын 194 инвестициялық жобалардың пулы қалыптасты. Олар 2023-2026 жылдар аралығында іске қосылып, 16 467 жұмыс орны ашылады деп жоспарланып отыр.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат