Жексенбі, 11 Мамыр 2025 10:21

Сауран ауданында 5000 бас ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысы жүргізілуде

Сауран ауданына қарасты Бабайқорған ауылдық округінде 20 гектар аумақта ірі қара мал бордақылау алаңының құрылысы бастау алды. Таяуда аудан әкімі Мақсат Таңғатаров құрылыс алаңына барып, жүргізіліп жатқан жұмыстардың барысымен танысты.

Бұл кешенде 5000 бас ірі қара мал бордақыланып, ет, жем өндірісі және тері өңдеу бағыттары бойынша жұмыс жасайтын болады. Нысанның негізін “Мырзахан” шаруа қожалығының басшысы Мырзахан Байтурсынов қалаған. Кешен құрамына бордақылау алаңы, мал сою, тері өңдеу, қан, тұяқ өңдеу алаңы мен мал дәрілеу, ветеринар, шөп жинау, жем жинау, малға жем дайындау, тыңайтқыш өңдеу алаңдары болады.

Құрылыс жұмыстары ағымдағы жылы басталып, 2026 жылдың қазан айында аяқтау жоспарланып отыр. Нысан толық іске қосылғанда, бұл жерде 60-тан астам жергілікті тұрғын жұмыспен қамтылады. Бұл кешен аудандағы ауыл шаруашылығы саласын дамытуға үлкен серпін береді. Мал бордақылау арқылы ет өндірісі көлемі артып, ішкі нарықта жоғары сапалы өнімдер қолжетімді болмақ. Сонымен қатар, тері және тыңайтқыш өңдеу цехтарының іске қосылуы шикізатты толық пайдаланып, қалдықсыз өндіріс жүйесін енгізуге мүмкіндік береді.

Жаңа жұмыс орындарының ашылуы жергілікті тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартып, тұрақты табыс көзін қамтамасыз етеді. Сондай-ақ, өңір экономикасы күшейіп, салық түсімдерінің артуы арқылы ауданның инфрақұрылымын дамытуға қосымша қаржы бөлінеді. Бұл жоба — өңірдің агроөнеркәсіптік кешенін жаңа деңгейге көтеретін маңызды қадам болып табылады.

Сондай-ақ, Сауран ауданына қарасты Үшқайық ауылдық округында да ауыл шаруашылығы саласында тың жобалар қолға алынуда. Өңірдегі кәсіпкерлік белсенділік пен инфрақұрылымдық қолдау арқасында мал бордақылау саласына ерекше көңіл бөлініп, осы бағыттағы ниет білдіруші кәсіпкерлерге жан-жақты көмек көрсетілуде.

Сауран ауданының әкімі Мақсат Таңғатаров Үшқайық ауылдық округінде орналасқан, жалпы аумағы 10 гектарды құрайтын мал бордақылау алаңының да жобасымен танысты. Жоба аясында 13 жеке алаң құрылып, әртүрлі мақсаттағы мал бордақылау қызметтері ұйымдастырылады. Жобаның жалпы инвестиция көлемі – 1,1 млрд теңгені құрайды.

Аудан әкімі құрылыс алаңына барып, кәсіпкерлермен жеке кездесіп, жобаның инфрақұрылымдық талаптарын орындауға және құжаттандыру мәселелерін шешуге қажетті толық қолдау көрсетілетіндігін мәлімдеді. Толық құрылыс жұмыстары аяқталған соң, мал бордақылау алаңы 40-тан астам жергілікті тұрғынды жұмыспен қамтуға мүмкіндік береді.

Жалпы, өткен жылы Сауран ауданында ауыл шаруашылығы саласы айтарлықтай дамып, егістік алқаптарында ауқымды жұмыстар атқарылды. Жыл қорытындысы бойынша 43,6 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Соның нәтижесінде 873,3 тонна өнім өндіріліп, былтырғы жылмен салыстырғанда өнімділік 105,3%-ға артты. Бұл жетістік саладағы өсімнің айқын көрсеткіші.

Биыл аталған көрсеткіштерді одан әрі арттыру мақсатында 44,2 мың гектар жерге егістік дақылдарын орналастыру жоспарланып отыр. Сонымен қатар 1,2 гектар жерге жылыжай өнімдері отырғызылды. Жаңа техникалар кеңінен қолданылып, су үнемдеу технологиялары енгізілуде. Жаңбырлатып және тамшылатып суғару әдістерінің көлемі артып, алқаптарды суарудың тиімділігі артуда.

Ауыл шаруашылығы – экономиканың негізгі тірегі. Осыған орай, егістік алқаптарын ұлғайту, өнімділікті арттыру және агротехнологияларды жетілдіру бағытында кешенді шаралар атқарылуда. Аграрлық сектордың даму қарқыны жоғары, алдағы уақытта одан да жоғары көрсеткіштерге қол жеткізіледі деп күтілуде.

Елімізде шағын және орта бизнеске экономиканың драйвері ретінде мемлекеттік тұрғыдан басымдық беріліп келеді. Сауран ауданында шағын және орта бизнес қарқынды дамуда. Бүгінгі таңда жұмыс істеп тұрған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны  7 мыңға  жетіп, соңғы 2,5 жылда олардың саны 5 мыңға өсті. Осы салада 8 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылып, өткен кезеңмен салыстырғанда 1,5%-ға артты.

Ауыл­дарды дамыту бойынша алға қой­ған жоспарлар көп, соған байланыс­ты біраз жұмыс атқарылып жатыр. Қазір ауыл-аймақтарды дамыту барлық қолданыстағы бағдарламалық құжаттар шеңберінде жүзеге асырылады. Мәселен, Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру үшін Үкімет ауылдық аумақ­тарды дамытудың 2023-2027 жыл­дарға арналған тұжырымдамасы бар. Тұжырымдама ауылдық аумақ­тар­дың географиялық ерекшеліктері мен бәсе­ке­лестік артықшылықтарын ескере отырып, олардың әлеуметтік-эко­но­ми­ка­лық әлеуетін арттыруға бағыт­тал­ған. Тұжырымдаманың аясында ауыл тұрғындарының табысы мен тұрмыс сапасын арттыру бойынша түрлі шаралар қарастырылған. Құжаттағы басты назар «Ауыл – ел бесігі» жобасы арқылы даму әлеуеті жоғары 3,5 мың ауылдық елді мекенді кешенді жаңғыртуда болып отыр. Бұл – жалпы ауылдардың 90%-ға жуығы. Мұндай елді мекендер адамдардың жұмыс істеуі мен тұруы үшін қолайлы жағдайлар жасау есебінен экономикалық өсудің жаңа нүктелеріне айналады.

Ауыл тұрғындарының табысын арттыру үшін агроөнеркәсіптік өндірісті жандандыру, кәсіпкерлікті және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамыту жолымен шешу жоспарда тұр. Осылайша, шағын шаруашылықтарды біріктіру және ауыл шаруашылығы кооперативтерін ұйымдастыру фермерлерге тұқым, тыңайтқыш, жем, агро­техникалық және ветеринариялық қызметтер шығындарын қысқартуға, жер учаскелерін, ауыл шаруашылығы техникасын, ирригациялық және дре­наж­дық жүйелерді бірлесіп пайдалану есебінен өндірілген өнім көлемін арттыруға, сондай-ақ өндірілген тауарларды делдалдарсыз тұрақты өткізуге мүмкіндік береді. Жалпы, мұндай тәсіл бизнес-ортаны дамытуға және ауылда нарықтық, көліктік және логистикалық инфрақұрылымды қалыптастыруға ық­пал етеді.

Жалпы, облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, Сауран ауданы көлемінде 2030 жылға дейін жалпы құны 209,3 млрд. теңгені құрайтын 254 инвестициялық жобаны іске асырып, 4 162 жаңа жұмыс орнын құру көзделуде. Ауыл шаруашылық саласына инвестициялық құны 116,1 млрд теңге құрайтын 68 ірі жобаны іске асыру жоспарланған. Ал, өнеркәсіп саласында 53,1 млрд теңгені құрайтын, 85 жобаны іске асыру көзделіп отыр. Сонымен қатар, 2024 жылы ауданның жалпы өңірлік өнімі 78,7 млрд. теңгені құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда 100,6%-ға артқан. Өңірлік өнімнің 75%-ы - ауыл шаруашылығы, 11,6%-ы - өнеркәсіп, 10,3%-ы - құрылыс және 3,1%-ы сауда саласының үлесінде.

Аудан әкімі Мақсат Асылбекұлының айтуынша, аудан көлемінде өндірістік алаңдар көптеп құрылатын болады. 2024-2026 жылдары ауданға қарасты Шаға, Қарашық, Иассы, Шорнақ және Үшқайық ауыл округтерінен, ал 2026 жылдан бастап қалған 7 ауылдық округте өндірістік алаңдар құрылмақ. Олардың қатарында 13 жиһаз жасау цехы, 19 құрылысқа қажетті материалдар өндіретін цех, 2 тамақ өнімдеріне қажетті материалдар, 1 қолөнер бұйымдарын өндіретін және 1 тігін цехы бар.

Сауран ауданында ауылшаруашылығы саласында 2025 жылдың басынан бері 6,8 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 102 млрд теңгеге жеткізу көзделіп отыр. Осы мақсатта өңірде биыл құны 16,4 млрд теңгені құрайтын 13 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылмақ.

«Ауданға қарасты Шаға ауылдық окугінде келесі жылы «Eco-Chiken» ЖШС жұмысын бастамақ. Ет бағытындағы құс фермасының жоба құны 2,5 млрд теңгеге бағаланып отыр. Өндіріс орны толық іске қосылған соң тек облыс көлемінде ғана емес, еліміздің түкпір-түкпіріне құс етін эспорттауға мүмкіндік туады. Сонымен қатар, «Ақ Сауран» ЖШС-ң құны 1,5 млрд теңгені құрайтын 700 гектар аумаққа жаңбырлатын суару қондырғысын орнату жобасы да жыл соңына дейін аяқталады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бірнеше ірі мал бордақылау алаңдары мен жылыжай кешендері өңірдегі ауылшаруашылығы саласының дамуына өзіндік үлесін қосарына күмән жоқ.

 «WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 6 рет