Қазақстан–Түркия достығы саябағында өткен акцияға №5 қалалық емхананың жалпы тәжірибелі дәрігерлері мен бейінді мамандары қатысты. Ақ желеңділер тұрғындарға алғашқы медициналық консультациялар беріп, қан қысымын өлшеп, қандағы қант деңгейін тексерді. Сонымен қатар денсаулық жағдайын бағалап, аурулардың алдын алу, салауатты өмір салтын ұстану және профилактикалық тексерулерден уақытылы өту жөнінде кеңес берді.
Шара барысында келушілер өздерін толғандырған медициналық мәселелер бойынша эндокринолог, невропатолог, оториноларинголог және педиатрдың қабылдауында болып, денсаулықтарына қатысты сұрақтарына жауап алды. Қор филиалының өкілдері де азаматтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің мүмкіндіктерін кеңінен түсіндірді. Тұрғындарға жарналарды төлеу тәртібі, сақтандыру мәртебесін тексеру тәсілдері, медициналық қызметтер тізімі және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі шеңберінде медициналық көмек алу мүмкіндіктері туралы айтылды.
"Бүгінде МӘМС жүйесі азаматтарға консультациялық — диагностикалық көмектен бастап жоғары технологиялық емдеуге дейінгі медициналық қызметтердің кең спектріне қол жеткізуге мүмкіндік береді. Сондықтан тұрғындардың өз құқықтары мен мүмкіндіктері туралы толық және сенімді ақпарат алуы маңызды. Мұндай акциялар халықтың медициналық сауаттылығын арттырып қана қоймай, өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауды қалыптастыруға ықпал етеді", — деп атап өтті Шымкент қаласы бойынша ӘМСҚ филиалының бөлім басшысы Ахмет Беден.