Жексенбі, 24 Мамыр 2026 15:54

Дәрігерге деген құрмет әрқашан да бөлек

Адам өмірі мен денсаулығын қорғау жолындағы адал еңбек әрқашан да бағалануы керек.  Дәл осындай құрметке лайық жанның бірі - Туреханова Галима Арыстанқызы.

Галима Арыстанқызы – саналы ғұмырын халық денсаулығын сақтауға арнаған білікті әрі тәжірибелі маман. Бүгінде құрметті зейнеткерлікте. Ол 1965 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Созақ ауданында дүниеге келген. 1989 жылы Целиноград мемлекеттік медициналық институтын инфекционист мамандығы бойынша тәмамдап, еңбек жолын 1991 жылы Шымкент қаласындағы №1 емханада дәрігер-инфекционист ретінде бастады.

Кәсіби қызметі барысында Оңтүстік Қазақстан облыстық СПИД-ке қарсы күрес орталығында еңбек етіп, ВИЧ инфекциясы бойынша диспансерлік бақылау жұмыстарын жүргізді. Өз ісіне деген жоғары жауапкершілігі мен мейірімділігінің арқасында көптеген жанның өмірге деген сенімін нығайтып, сауығып кетуіне ықпал етті.

Мемлекеттік қызметте де Галима Туреханова өзінің жоғары кәсібилігімен ерекшеленді. 2005 жылдан бастап ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша медициналық қызмет сапасын бақылау басқармасында бас маман қызметін атқарып, медициналық қызметтердің сапасын арттыруға елеулі үлес қосты.

Соңғы жылдары Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Шымкент қалалық филиалында бас сарапшы ретінде еңбек етіп, медициналық көмектің сапасын жақсарту бағытында нәтижелі жұмыс жүргізді.

Галима Арыстанқызының көпжылдық еңбегі мемлекет тарапынан лайықты бағаланды. Ол 2009 жылы «Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен, 2017 жылы «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен және өзге де марапаттармен марапатталған.

Әріптестері Галима Арыстанқызын кәсібіне адал, адамгершілігі мол, тәжірибелі тәлімгер ретінде ерекше құрметтейді. Оның еңбек жолы – жас мамандарға өнеге, ал халық денсаулығы жолындағы еселі еңбегі – абыройлы қызметтің айқын үлгісі. Бүгінде «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КеАҚ Басқарма төрағасы Гүлмира Сәбденбектің бұйрығымен ол «Еңбек сіңірген қызметкер» төсбелгісімен марапатталып отыр. 

Оқылды 92 рет