Жұма, 22 Мамыр 2026 22:56

МӘМС: Шымкенттік дәрігерлер тіліксіз ем жасады

63 жастағы Құрманғазы Кусалин Шымкент қалалық №1 клиникалық ауруханасы базасында МӘМС аясында екінші рет күрделі отадан өтті. Науқас 16 жылдан бері қант диабетімен ауырады. Дерт салдарынан аяқтағы қан айналымы бұзылып, аяқ жансызданып, жүру қиындаған.

Науқастың негізгі шағымдары – аяқтың тоңуы, сезімталдықтың төмендеуі және жүрген кезде ауырсынудың күшеюі болған. Дәрігерлер жүргізген тексеру нәтижесінде аяқтағы қан тамырларының тарылғаны анықталып, эндоваскулярлы баллонды ангиопластика әдісімен тіліксіз ота жасалды.

Мамандардың айтуынша, операция шамамен екі сағатқа созылған. Ота барысында бітелген тамырлар кеңейтіліп, қан ағымы қалпына келтірілген. Қазіргі таңда науқастың жағдайы жақсарып, өздігінен жүріп-тұруға мүмкіндік алған.

Операция Қан тамырлары және интервенциялық хирургия бөлімі базасында жүзеге асырылды. Аурухананың ангиографиялық операциялық блогы тәулік бойы шұғыл және жоспарлы көмек көрсетеді. Мұнда жыл сайын 600-ге жуық жоғары технологиялық операция жасалады.

Бөлім меңгерушісі, ангиохирург Ерлан Аширбаев эндоваскулярлы баллонды ангиопластика әдісі қан айналымын қалпына келтіріп, жараның тез жазылуына әрі науқастың қалыпты қозғалысқа оралуына мүмкіндік беретінін атап өтті.

— Бұл әдістің басты артықшылығы – тіліксіз жасалуы. Мұндай ота ампутация қаупін азайтып, науқастың өмір сапасын жақсартады, — дейді маман.

Бүгінде аурухананың білікті дәрігерлері атеросклероз, көктамырлардың бітелуі, қолқа тамырының кеңеюі секілді қан тамырлары ауруларына заманауи лазерлік, эндоваскулярлы және ашық хирургиялық оталарды сәтті жүргізіп келеді.

Айта кетейік, МӘМС жүйесі – халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ететін негізгі тетік. 2026 жылы профилактика, скринингтік тексерулер және ауруларды ерте анықтау негізгі басымдық ретінде айқындалмақ.

Халықтың осал топтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі сақталып, амбулаторлық-емханалық көмек көлемі кеңейтіледі, сонымен қатар, созылмалы ауруларды басқару бағдарламалары күшейтіледі.

Оқылды 103 рет