Аталған көмек түрі МӘМС есебінен қалалық стоматологиялық емханасында көрсетіледі. Мамандар атап өткендей, «қоянжырық пен жырықтаңдай» диагнозымен туылған балаларды ортодонт дәрігеріне уақыт оздырмай, ерте жастан көрсету маңызды.
Емхананың стоматолог-ортодонты Болат Ирисбековтың айтуынша, дәл осы кезеңде тіс пен жақ құрылымын түзету жеңіл әрі нәтижелі өтеді. Ал уақытылы жүргізілген ем болашақта күрделі ақаулардың алдын алуға мүмкіндік береді.
Қаракөз Зербаева 5 жасар қызы Асылымға екі рет ота жасатқан. Қазір ол тіс-жақ аномалияларын түзету емін қабылдап жатыр. Айтуынша, ем нәтижесі көңіл қуантады.
– Қызымның осындай ақауы бар екенін естігенде қатты уайымдадым. Қазір, шүкір, тістері мен жақ-беті түзеліп келеді. Екі жылдан бері қалалық стоматологиялық ем қабылдап жүрміз. Барлық шаралар тегін жүргіззілуде,-дейді Қаракөз Зербаева.
Жалпы, МӘМС жүйесі бойынша тегін стоматологиялық көмек халықтың белгілі бір санаттарына қолжетімді. Жоспарлы көмек балалар мен жүкті әйелдерге көрсетіледі. Ал шұғыл жағдайда 18 жасқа дейінгі балалар, жүкті әйелдер, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, I, II, III топтағы мүгедектігі бар азаматтар, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері, атаулы әлеуметтік көмек алушылар мен зейнеткерлер, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар және айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулары бар науқастар көмек ала алады. Бұдан бөлек, ерекше балаға күтім жасайтын жұмыс істемейтін адамдар мен бала кезінен I топтағы мүгедектігі бар азаматтарға күтім көрсететін тұлғалар да осы қызметпен қамтылады.