Жұма, 22 Мамыр 2026 20:10

Шаһар басшысы Шымкенттегі медициналық мекемелерді аралады

Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбеков кезекті қаланы аралау барысында «Камея Pharm Group» ЖШС-нің жұмысымен және материалдық-техникалық базасымен танысты. Медициналық мекеме бір ауысымда 300–500 адам қабылдауға қауқарлы және 36 мыңнан астам тұрғынға қызмет көрсетеді.

Аралау барысында отбасылық денсаулық орталықтарының, жалпы тәжірибелік бөлімдердің, диагностикалық қызметтің, мамандандырылған бөлімшелердің және ситуациялық орталықтың жұмысы мен цифрландыру деңгейі қаралды.

Сонымен қатар Shymkent City шағынауданында орналасқан «Шымфарм» ЖШС-нің жаңа филиалының қызметімен танысты. Алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған мекеме тәулігіне 100–120 адам қабылдай алады.

Филиалда 3 025 тұрғын бекітілген екі жалпы дәрігерлік тәжірибе учаскесі жұмыс істейді. Мұнда негізгі бағыттар бойынша қабылдау жүргізіліп, диагностикалық зерттеулер жасайтын зертхана қызмет көрсетеді.

Шымкент қаласы әкімі денсаулық сақтау басқармасына міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне тіркелмеген азаматтарды қамту жұмыстарын күшейтуді тапсырды.

Айта кетейік, МӘМС жүйесі – халықтың сапалы медициналық көмекке қолжетімділігін қамтамасыз ететін негізгі тетік. 2026 жылы профилактика, скринингтік тексерулер және ауруларды ерте анықтау негізгі басымдық ретінде айқындалмақ.

Халықтың осал топтары үшін медициналық көмектің қолжетімділігі сақталып, амбулаторлық-емханалық көмек көлемі кеңейтіледі, сонымен қатар, созылмалы ауруларды басқару бағдарламалары күшейтіледі. Пациент құқығын қорғау және кері байланыс тетіктері жетілдіріледі.

Медициналық ұйымдардың жауапкершілігі мен қаржылық тәртібі күшейтіледі. 

Бұдан бөлек  әкім Ғ.Сыздықбеков қаладағы инфрақұрылымдық жобалардың іске асырылу барысын тексерді. Әкім Әл-Фараби және Еңбекші аудандарында Қонаев даңғылы бойындағы жаяу жүргіншілер жолының құрылысы мен Исфиджаб тұрғын алабындағы көшелерге төселген жол жабындысының сапасын көрді.

Аталған жобалар жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және тұрғындар үшін қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Қала әкімі инфрақұрылымдық жобаларды сапалы іске асырудың және тұрғындардың сұранысын ескерудің маңыздылығына ерекше назар аударды.

Оқылды 106 рет