– Қасиетті Түркістанға қош келдіңіздер. Жуырда ғана Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммиті жоғары деңгейде өткізілді. Мәртебелі меймандар Түркістанның дамуын, іс-шараның ұйымдастырылуын жоғары бағалады. Түркістан – түркі әлемі елдерін біріктіруші алтын көпірге айналып отыр. Бұл ретте «YDA Holding» компаниясы қысқа уақытта халықаралық әуежайды салып беріп, сол әуежай арқылы 5 мемлекеттің басшысы тарихи шаһарымызға келгенін айта кеткен жөн. Қазіргі таңда сіздердің компанияларыңызбен бірлесіп, 570 орындық көпбейінді аурухананың құрылысын жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта ауыл шаруашылығы, өндіріске инвестиция салуға шақырамын. Әріптестікті жалғастыруға дайынбыз, – деген Нұралхан Көшеров Түркістан облысының инвестициялық әлеуеті, инфрақұрылымдық жобалар мен туризм саласын дамыту бағыттарына тоқталды.
Облыс әкімі өңірде инвесторларға қолайлы жағдай жасалғанын атап өтіп, шетелдік серіктестермен бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделі екенін жеткізді. Хусейн Арслан Түркістан өңірінің қарқынды дамып келе жатқанын атап өтіп, алдағы уақытта да бірлескен бастамаларды қолдауға ниетті екенін білдірді. – Сіздерді халықаралық саммитті жоғары деңгейде өткізгендеріңізбен құттықтаймын. Түркістан өз тарихи миссиясын атқарып жатыр. Мен Түркістанның ескі кезін де, қазіргі жаңа кейпін де көргенмін. Шаһардың дамуы ерекше қуантады. Инвестициялық жобаларды талқылауға дайынбыз. Түркістандағы 570 орындық аурухананы осы жылдың соңына дейін тапсыруды көздеп отырмыз. Өте жоғары деңгейдегі емдеу мекемесі болады деп сенемін, – деді ол.
Айта кетейік, Түркістандағы көпбейінді аурухана құрылысына 15,6 га жер телімі бөлініп, 2020 жылдың мамыр айында республикалық мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында құрылыс жұмыстары басталған. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 86%-ға аяқталған. Аталған жобаны сатып алу бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен мүдделі тараптар арасында келісім жасалған. Заманауи аурухана ашылған соң өңір медицинасын дамытуға оң серпін береді деп күтіліп отыр.
Бүгінле Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Өңірде заманауи медициналық нысандар бой көтеруде. Өткен жылы өңірде 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, балаларды оңалту орталығы, ауылдық жерлерде 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік және 22 медициналық пункт іске қосылды. Ал 2026 жылы тағы 20 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған.Сондай-ақ, облыста ірі стратегиялық медициналық жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданында 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, Түркістан қаласында Ана мен бала орталығы мен 570 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек, биыл тозығы жеткен медициналық нысандарды жаңғырту мақсатында Сайрам аудандық орталық аурухана мен Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасына, Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Өткен жылы материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында облыстың медициналық ұйымдары 2 560 дана заманауи медициналық құрал-жабдықпен толықтырылды. Оның ішінде МРТ, КТ, эксперттік УДЗ, маммографиялық жүйелер, бейнеэндоскопиялық кешендер және онкологиялық диагностикалық құрылғылар бар. Жедел медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында 60 реанимобиль және 2 неонаталдық жедел жәрдем көлігі пайдалануға берілді. Ал мектеп медицинасын дамыту аясында білім беру ұйымдары 348 дефибриллятор және стоматологиялық қондырғылармен қамтамасыз етілді.
Бүгінде өңірде 22 босандыру ұйымы жұмыс істейді. Олардың кадрлық қамтамасыз етілуі 95 пайызды, ал жабдықталу деңгейі 80,7 пайызды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облыста бөлінген квоталар толық игеріліп, нәтижесінде 780 сәби дүниеге келді. Оның ішінде егіздер мен үшемдер бар. Балалар денсаулығын сақтау бағытында да оң көрсеткіштер байқалады. Облыста 8 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың соңында Түркістан қалалық балалар ауруханасы жанынан жаңа Балалар оңалту орталығы іске қосылды.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат