Сәрсенбі, 13 Мамыр 2026 16:24

Түркістан облысында жоғары технологиялық медициналық көмектің көлемі артып келеді

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры Түркістан облыстық филиалының мәліметінше, 2026 жылдың алғашқы 4 айында өңірде 98 жағдайда жасалған жоғары технологиялық медициналық оталарға 469 млн теңге жұмсалды.

Бүгінде медицина саласында жоғары технологиялардың көмегімен орындалатын операциялар мен күрделі медициналық манипуляциялардың маңызы артып келеді. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі есебінен кардиохирургия, нейрохирургия, урология, травматология, онкология, жалпы хирургия және басқа да бағыттар бойынша ай сайын ондаған күрделі операциялар жасалып жатыр. Осындай жоғары технологиялық бір операцияның орташа құны 4,7 млн теңгені құрайды. Филиал директоры Бақыт Торғайбайұлының айтуынша, қазіргі таңда жоғары технологиялық операциялардың қолжетімділігі артып, көрсетілетін медициналық көмектің сапасы да жақсарған.  – Бүгінде өңірде жүрек пен қан тамырларындағы, жүйке жүйесіндегі, есту және көру қабілеттеріне қатысты ауруларды емдеуге, сондай-ақ нәрестелердің туа біткен ақауларын түзетуге арналған заманауи оталарды жасау мүмкіндігі бар, – деді филиал басшысы.

2026 жылдың 4 айындағы көрсеткіштерге тоқталсақ, 21 кардиохирургиялық операция жасалып, оған 92,6 млн теңге төленді. 32 нейрохирургиялық операция орындалып, жалпы құны 198,9 млн теңгені құрады. 5 бүйрек трансплантациясына 1,5 млн теңге жұмсалды. 1 бауыр трансплантациясы жүргізіліп, оған 8,9 млн теңге төленді.Аталған медициналық қызметтердің барлығы МӘМС жүйесі аясында қаржыландырылады. Нәтижесінде сақтандырылған азаматтар үшін қымбат әрі күрделі операциялар тегін әрі қолжетімді болып отыр. Жоғары технологиялық медициналық көмек күндізгі және тәулік бойғы стационар жағдайында көрсетіледі. Бұл пациенттерге заманауи емдеу тәсілдерін қолдануға мүмкіндік беріп, ауыр диагноздар кезінде өмір сапасын жақсартуға және ұзартуға жағдай жасайды.

Еске сала кетсек, 2025 жылы МӘМС жүйесі аясында Түркістан облысында жоғары технологиялық медициналық қызметтерге 1,3 млрд теңгеден астам қаржы бағытталған. Филиал директорының айтуынша, бұл көрсеткіштер МӘМС жүйесінің халық үшін тиімді әрі әлеуметтік маңызы жоғары қолдау тетігі екенін көрсетеді. Бір ғана операцияның құны бірнеше миллион теңгеге жетуі мүмкін. Сондықтан МӘМС жүйесі азаматтардың қаржылық жүктемесін айтарлықтай азайтып отыр. Жоғары технологиялық медициналық көмектің дамуы – өңірлік денсаулық сақтау жүйесіндегі маңызды бағыттардың бірі. МӘМС арқылы көрсетілетін қызметтер азаматтардың өмірін сақтап қалуға және сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік беріп жатыр.

Жалпы, Түркістан облысында денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша жүйелі түрде жұмыстар атқарылуда. Ана мен бала денсаулығын қорғау мәселесіне ерекше басымдық берілуде. Ана мен бала денсаулығын қорғау, медициналық инфрақұрылымды жаңғырту және сапалы медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру өңір дамуының стратегиялық бағыты екенін атап өткен жөн. Басты қазынамыз – адам өмірі. Мемлекет бюджетін медицина сапасын жетілдіруге, қызмет сапасын арттыруға, жаңа технологиялар енгізуге тиімді пайдалану туралы облыс басшылығы тарапынан тапсырмалар беріліп келеді. Жекеменшік секторлардағы медициналық мекемелерге де талап күшейді. Сондықтан мониторинг жүргізетін топтардың жұмысын жандандырып, медициналық қызметтің барлық деңгейде сапалы әрі қолжетімді болуы жіті назарда.

Жоғарыда айтқанымыздай, ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде жүйелі және ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Түркістан облысында перинаталдық көмек 3 деңгейде көрсетіледі. Бүгінде өңірде 22 босандыру ұйымы жұмыс істейді. Олардың кадрлық қамтамасыз етілуі 95 пайызды, ал жабдықталу деңгейі 80,7 пайызды құрайды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында облыста бөлінген квоталар толық игеріліп, нәтижесінде 780 сәби дүниеге келді. Оның ішінде егіздер мен үшемдер бар. Балалар денсаулығын сақтау бағытында да оң көрсеткіштер байқалады. Облыста 8 балаларды оңалту орталығы жұмыс істейді. 2025 жылдың соңында Түркістан қалалық балалар ауруханасы жанынан жаңа Балалар оңалту орталығы іске қосылды. Сонымен қатар патронаждың әмбебап-прогрессивті моделі енгізіліп, мейірбикелермен қамту деңгейі 95 пайызға жетті. Бұл ана мен баланың денсаулығын ерте кезеңнен бақылауға мүмкіндік беріп отыр.

Түркістан облысында заманауи медициналық нысандар бой көтеруде. Өткен жылы өңірде 36 жаңа медициналық нысан пайдалануға берілді. Атап айтқанда, балаларды оңалту орталығы, ауылдық жерлерде 8 дәрігерлік амбулатория, 5 фельдшерлік-акушерлік және 22 медициналық пункт іске қосылды. Ал 2026 жылы тағы 20 медициналық нысанның құрылысы жоспарланған.Сондай-ақ, облыста ірі стратегиялық медициналық жобалар іске асырылуда. Қазіргі таңда Сарыағаш қаласында 300 төсек-орындық көпбейінді аурухана, Ордабасы ауданында 200 орындық облыстық перинаталдық орталық, Түркістан қаласында Ана мен бала орталығы мен 570 төсек-орындық көпбейінді аурухана құрылысы қарқынды жүргізілуде. Одан бөлек, биыл тозығы жеткен медициналық нысандарды жаңғырту мақсатында Сайрам аудандық орталық аурухана мен Сайрам аудандық «Қарабұлақ» ауруханасына, Жетісай аудандық «Асықата» ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Өткен жылы материалдық-техникалық базаны нығайту бағытында облыстың медициналық ұйымдары 2 560 дана заманауи медициналық құрал-жабдықпен толықтырылды. Оның ішінде МРТ, КТ, эксперттік УДЗ, маммографиялық жүйелер, бейнеэндоскопиялық кешендер және онкологиялық диагностикалық құрылғылар бар. Жедел медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында 60 реанимобиль және 2 неонаталдық жедел жәрдем көлігі пайдалануға берілді. Ал мектеп медицинасын дамыту аясында білім беру ұйымдары 348 дефибриллятор және стоматологиялық қондырғылармен қамтамасыз етілді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 67 рет