Бейсенбі, 12 Наурыз 2026 16:18

Шымкентте медицина дамуының жаң кезеңі: дәрігерлердің кәсібилігі адам өмірін сақтап қалды

Кеше Шымкент қаласының Өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте, Шымкент қаласы әкімдігінің ресми өкілі, қала әкімінің орынбасары – Сәрсен Абайұлы Құранбек төмендегідей мәлімдеме жасады:

Шымкент қаласында медициналық қызметтің сапасын арттыру бағытында жүйелі жұмыстар жалғасуда. Қалада заманауи диагностикалық жабдықтарды жаңарту және күрделі медициналық көмекті жетілдіру арқылы тұрғындардың өмірі мен денсаулығын қорғау ісі жаңа деңгейге көтерілуде. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен екі медициналық ұйымға заманауи компьютерлік томография (КТ) аппараты сатып алынып, пайдалануға берілді. Жаңа диагностикалық құрылғылар ШЖҚ «Қалалық балалар клиникалық ауруханасы» МКК мен ШЖҚ «Онкологиялық орталығы бар көпбейінді аурухана» МКК-да орнатылды.

Компьютерлік томография – ағзадағы түрлі патологиялық өзгерістерді жоғары дәлдікпен анықтауға мүмкіндік беретін заманауи диагностикалық әдістердің бірі. Жаңа аппараттардың көмегімен дәрігерлер науқастарға нақты әрі жедел диагноз қойып, тиімді ем тағайындай алады. Сонымен қатар, зерттеу нәтижелерін қысқа уақыт ішінде алу мүмкіндігі клиникалық шешім қабылдау үдерісін жеделдетіп, пациенттерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді. Аталған құрылғылар бұрын пайдаланылған ескі КТ аппараттарының орнына жаңартылып орнатылды. Бұл медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасын нығайтып, тұрғындарға көрсетілетін жоғары технологиялық диагностикалық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бүгінде Шымкент қаласындағы медициналық ұйымдарда жалпы 26 компьютерлік томография аппараты жұмыс істейді. Олардың басым бөлігі шұғыл және мамандандырылған медициналық көмек көрсететін ұйымдарда орнатылған. Қалалық балалар клиникалық ауруханасы тәулік бойы 18 жасқа дейінгі балаларға шұғыл және жоспарлы медициналық көмек көрсетсе, онкологиялық орталық қатерлі ісікке шалдыққан науқастарға мамандандырылған көмек көрсететін жетекші медициналық ұйымдардың бірі болып табылады.

Медициналық инфрақұрылымды жаңарту мен дәрігерлердің кәсіби шеберлігі нақты нәтижесін де көрсетуде. Жуырда ауыр жол-көлік оқиғасынан кейін өте ауыр жағдайда ауруханаға жеткізілген 31 жастағы науқас дәрігерлердің қажырлы еңбегінің арқасында өмірге қайта оралды.Мотоциклмен болған апаттан кейін науқас аса ауыр жарақаттармен түскен. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін бірнеше күрделі операция жасап, 35 күн бойы науқастың өмірі үшін күресті. Өмір мен өлімнің арасында жатқан пациент бүгін көзін ашып, есін жиып, өздігінен тамақ іше бастады.

Науқасқа ауыр қосарланған жарақат, жабық бас-ми жарақаты, бас миының ауыр дәрежедегі соғылуы, бас сүйек сүйектерінің сынуы, эпидуралды және субдуралды гематомалар, кеуде қуысының жабық жарақаты, қабырғалардың сынуы, өкпенің соғылуы және бас миының ісінуі секілді күрделі диагноздар қойылған. Дәрігерлер бас сүйегіне трепанация жасап, сол жақ төбе аймағындағы жедел эпидуралды гематоманы алып тастаған. Бұл жағдай дәрігерлердің кәсібилігі мен табандылығының, сондай-ақ адамның өмірге деген күшті ерік-жігерінің айқын дәлелі болды. Жалпы, Шымкент қаласында медициналық жабдықтарды кезең-кезеңімен жаңарту, заманауи технологияларды енгізу және мамандардың кәсіби әлеуетін арттыру бағытындағы жұмыстар тұрғындарға көрсетілетін медициналық көмектің сапасын жақсартуға, ауруларды ерте анықтауға және адам өмірін сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 53 рет