Жексенбі, 21 Желтоқсан 2025 10:34

Түркістан облысы: Сайрам ауданындағы Қарамұрт ауылында жаңа медициналық орталық ашылды

Сайрам ауданына қарасты ауылдық аймақ тұрғындарына медициналық көмектің қолжетімді әрі жедел көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында тағы бір маңызды жоба жүзеге асырылды. Қарамұрт елді мекенінде «Азия Фаворит» медициналық орталығы пайдалануға берілді. МӘМС жүйесі арқылы тұрғындар тегін медициналық қызмет алады.Медициналық орталықтың ашылу салтанатына Сайрам ауданының әкімі М.Мұхтарұлы қатысып, ауыл тұрғындары үшін жасалып жатқан әлеуметтік маңызы бар жобалардың маңыздылығын атап өтті.

«Мемлекет басшысы өз Жолдауларында халық денсаулығын сақтау, медициналық қызметтің қолжетімділігі мен сапасын арттыру – мемлекеттік саясаттың басты басымдықтарының бірі екенін үнемі айтып келеді. Осы бағытта ауылдық елді мекендерде заманауи медициналық нысандардың ашылуы тұрғындардың өмір сапасын арттыруға бағытталған нақты қадам. Жаңа медициналық орталықтың есігі әрдайым айқара ашық болып, халықтың алғысына бөлене берсін. Ұжымға табыс, толағай жетістіктер, ал ауыл тұрғындарына мықты денсаулық тілеймін», – деді аудан әкімі.

Айта кетейік, медициналық орталықтың құрылысы 2025 жылдың маусым айында басталып, қараша айында толық аяқталған. Екі қабатты ғимараттың жалпы аумағы 480 шаршы метрді құрайды.Қазіргі таңда орталықта 17 маман қызмет атқарады. Оның ішінде 5 дәрігер мен 12 медбике бар. Медициналық мекемеде балалар дәрігері, жалпы тәжірибелі дәрігер, акушер-гинеколог және ультрадыбыстық зерттеу (УЗИ) дәрігері қабылдау жүргізеді. Аталған жобаның іске асырылуы ауыл тұрғындары үшін медициналық қызметтің қолжетімділігін арттырып, сапалы әрі уақытылы көмек алуға мүмкіндік береді. Енді тұрғындар аудан орталығына барып, уақыт өткізбей, қажетті медициналық тексерулер мен кеңестерді өз ауылында ала алады. Бұл халық денсаулығын нығайтуға және ауылдық жерлердегі әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға оң ықпал етеді.

Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жалпы құны 10 млрд теңге құрайтын 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізіліп, толық іске қосылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар осы жылы да жалғасын табуда. Атап айтқанда облыс көлемінде қайта жаңғырту қажет ететін 73 медициналық нысанның, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді.

Сондай-ақ, таяуда ғана Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Азаттық елді мекеніне заманауи дәрігерлік амбулатория салынып, ел игілігіне пайдалануға берілгенін де айта кетейік. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудан әкімі Асқар Естібаев пен мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, құттықтады. Дәрігерлік амбулаториясында заманауи үлгіге сай фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі, физ кабинет, дәріхана бөлмесі, 4 төсекке арналған күндізгі аурухана бөлмелері, дені сау бала бөлмесі, тіс дәрігерінің бөлмесі, қызметкерлерге арналған бөлмелер бар.

Шара барысында аудан әкімі ғимаратты сапалы соғып, құрылысын уақытында аяқтаған мердігерлерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Ал ауыл ақсақалдары игі іске мұрындық болған жандарға ақ баталарын берді. Жергілікті тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылы аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін Мақталы, Тастыбұлақ, Шақпақ-баба мен Азаттық ауылдарында заманауи жаңа нысан соғылып пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Қызылбастау ауылындағы медициналық нысан халық игілігіне қолданысқа берілмек.

Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар медициналық нысан салынуда. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. Одан бөлек, 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Ал медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Осы тұста облыстағы медицина саласындағы оң өзгерістер туралы кеңірек айта кетсек. Бүгінде Түркістан облысы денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша кешенді және жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Таяуда ғана облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте медицина саласының негізгі көрсеткіштері, өзекті мәселелері мен алдағы жоспарлар жан-жақты қаралды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев саланың 10 айдағы қорытындыларымен бөлісіп, оң динамиканы көрсететін нақты деректерді ұсынды. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыста негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты түрде сақталған. Ана өлімі 63,3%-ға, нәресте өлімі 21,6%-ға, ал бала өлімі 14,1%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіштер перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы, алғашқы медициналық көмек жүйесінің күшеюі және тәуекел топтарына бақылаудың тиімді жүргізілуінің нәтижесі болып отыр. Атаулы жобалар қатарында «Даму және ерте араласу» орталықтары мен Облыстық балалар ауруханасында ашылған офтальмологиялық орталық ерекше орын алады.

Ауылдық жерлерде жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін «Салауатты ана» пансионаттары ашылып, 100-ден астам әйелге қолдау көрсетілген. Сонымен қатар облыс көлемінде күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау мақсатында виртуалды қарап шығу жүйесі енгізілген. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынған, ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 207 бала дүниеге келді, олардың 18-еуі егіздер. Медицина инфрақұрылымын жаңарту аясында 2025 жылы 34 медициналық нысан дайын ғимараттарды сатып алу арқылы пайдалануға берілетін болса, 6 нысанда күрделі жөндеу жүргізілуде. Кентау қалалық ауруханасында жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталады, Қазығұрт және Шардарадағы ауылдық ауруханалар толығымен жаңартылды. Түркістан қаласында салынып жатқан көпбейінді аурухана да ерекше назарда.

Ауылдық жерлердегі ауруханалар заманауи техникалармен жабдықталып, онкологиялық қызметті жетілдіру үшін 11 түрлі диагностикалық құрал-жабдық жеткізілді. Радиологиялық зерттеулерді орталықтандыруға арналған PACS жүйесі енгізіліп, жасанды интеллект арқылы рак ауруларын ерте анықтау мүмкіндігі артты. Түркістан қалалық емханасында енгізілген «дауыстық робот» дәрігер қабылдауына шақыруды автоматтандырып, 74 мыңнан астам азаматқа хабарласқан, олардың 36 мыңнан астамы тексеруден өтуге келісім берген. 2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына жалпы 40,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және халыққа қолжетімді медициналық көмек ұсынуға бағытталған.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық қызметтің сапасын арттыру және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осыған байланысты Түркістан облысында медициналық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында денсаулық сақтау саласы да басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Соңғы жылдары облыс аумағында медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, жаңа нысандар салу және қолданыстағыларын күрделі жөндеуден өткізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Әсіресе шалғай елді мекендер мен ауылдық округтерде алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейін көтеру басты назарда тұр. Бұл – медициналық көмекті халыққа барынша жақындатудың тиімді жолы.

Түркістан облысында қазіргі таңда 900-ге жуық медициналық мекеме жұмыс істейді. Олардың бір бөлігі – жаңадан бой көтерген нысандар, ал қалғаны – заманауи талаптарға сәйкес қайта жаңғыртылған денсаулық сақтау ұйымдары. Облыста тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында алдыңғы қатарлы технологиялар мен цифрлық шешімдер кеңінен енгізілуде. Қазіргі таңда өңірдегі медициналық мекемелердің 73 пайызы медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. Бұл жүйе дәрігер мен пациент арасындағы байланысты оңтайландырып, қағазбастылықты қысқартуға, емдеу үдерісін жеделдетуге және науқастың жағдайын нақты бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық денсаулық паспорттары, электронды рецептер мен онлайн-консультация қызметтері де белсенді түрде іске қосылуда. Мұның барлығы медициналық қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттырудаОблыстағы ауруханалар мен емханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Қазіргі заманғы диагностикалық құрылғылар, зертханалық жабдықтар мен бейнеэндоскопиялық аппараттар науқастарды ерте кезеңде анықтауға және емдеудің тиімді әдістерін қолдануға мүмкіндік береді. Аудандық ауруханалар мен перзентханаларда УДЗ аппараттары, ЭКГ құрылғылары, жасанды тыныс алу аппараттары және өзге де қажетті медициналық техника жеткізілген. Бұл жабдықтар сапалы диагностика жүргізіп, күрделі ауруларды дер кезінде анықтауға үлкен мүмкіндік береді.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 156 рет