Сенбі, 20 Желтоқсан 2025 12:58

Түлкібас ауданындағы қызылбастау ауылында жаңа медициналық тірек ашылды

Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауылдардағы әлеуметтік меселелерді шешу, әсіресе медициналық нысандарды ашу жөнінде тапсырма берген болатын. Осы бағытты Түркістан облысында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Осы орайда Түлкібас ауданына қарасты Қызылбастау ауылында көптен күткен жаңа медициналық тірек ел игілігіне берілді.

Шараға арнайы облыс әкімінің орынбасары Ертай Алтаев қатысып, ауыл тұрғындарын жаңа нысанның ашылуымен құттықтады. Тұрғындарға денсаулық сақтау қызметінің жақсарып, ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігі артатынын айтты. Бұған дейін ауыл халқы жалдамалы ғимаратта медициналық көмек алып келген. Енді жаңа, заманауи талаптарға сай салынған медициналық тірек халыққа сапалы және қолжетімді медициналық қызмет көрсетуге толық мүмкіндік береді. Биыл ауданда жыл басынан бері тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында Мақталы, Тастұбұлақ, Шақпақ-Баба ауылдарында жаңа медициналық тіректер іске қосылса, жуырда ғана Азаттық ауылында да жаңа медициналық нысан қолданысқа берілді. Ауданда медициналық нысандарды арттыру үшін келесі жылы Қараағашты, Жаңұзақ, Майтөбе және Еңбек елді мекендерінде де заманауи медициналық тіректер салу жоспарлануда.

Айта кетсек, өткен жылы Түркістан облысында «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында жалпы құны 10 млрд теңге құрайтын 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізіліп, толық іске қосылған болатын. Осы бағыттағы жұмыстар осы жылы да жалғасын табуда. Атап айтқанда облыс көлемінде қайта жаңғырту қажет ететін 73 медициналық нысанның, биылғы жылы жергілікті бюджет есебінен 34 медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысандарының құрылысы жүргізілді.

Сондай-ақ, таяуда ғана Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» жобасы аясында Азаттық елді мекеніне заманауи дәрігерлік амбулатория салынып, ел игілігіне пайдалануға берілгенін де айта кетейік. Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев, Түркістан облысының денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев, аудан әкімі Асқар Естібаев пен мәслихат төрағасы Серғали Сәрсенбаев ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісіп, құттықтады. Дәрігерлік амбулаториясында заманауи үлгіге сай фильтр, әйелдер бөлмесі, егу бөлмесі, емшара бөлмесі, қабылдау бөлмесі, физ кабинет, дәріхана бөлмесі, 4 төсекке арналған күндізгі аурухана бөлмелері, дені сау бала бөлмесі, тіс дәрігерінің бөлмесі, қызметкерлерге арналған бөлмелер бар.

Шара барысында аудан әкімі ғимаратты сапалы соғып, құрылысын уақытында аяқтаған мердігерлерді арнайы алғыс хаттармен марапаттады. Ал ауыл ақсақалдары игі іске мұрындық болған жандарға ақ баталарын берді. Жергілікті тұрғындарға қолжетімді медициналық көмек көрсету мақсатында ағымдағы жылы аудан аумағындағы медициналық тіректі қажет ететін Мақталы, Тастыбұлақ, Шақпақ-баба мен Азаттық ауылдарында заманауи жаңа нысан соғылып пайдалануға берілсе, жыл соңына дейін Қызылбастау ауылындағы медициналық нысан халық игілігіне қолданысқа берілмек.

Түркістан облысында денсаулық сақтау инфрақұрылымын жақсарту мақсатында бірқатар медициналық нысан салынуда. Биылдың өзінде жергілікті бюджет есебінен 34 жаңа ғимараттың мәселесі шешіледі. Одан бөлек, 3 аудандық орталық ауруханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар алғашқы медициналық көмек сапасын арттыру мақсатында 60 жедел жәрдем көлігі сатып алынды. Ал медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық жарақтандыру деңгейі 84,7 пайызға жетті. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табады.

Осы тұста облыстағы медицина саласындағы оң өзгерістер туралы кеңірек айта кетсек. Бүгінде Түркістан облысы денсаулық сақтау саласын дамыту бойынша кешенді және жүйелі шараларды жүзеге асыруда. Таяуда ғана облыс әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте медицина саласының негізгі көрсеткіштері, өзекті мәселелері мен алдағы жоспарлар жан-жақты қаралды. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев саланың 10 айдағы қорытындыларымен бөлісіп, оң динамиканы көрсететін нақты деректерді ұсынды. 2025 жылдың 10 айының қорытындысы бойынша облыста негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты түрде сақталған. Ана өлімі 63,3%-ға, нәресте өлімі 21,6%-ға, ал бала өлімі 14,1%-ға төмендеген. Бұл көрсеткіштер перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы, алғашқы медициналық көмек жүйесінің күшеюі және тәуекел топтарына бақылаудың тиімді жүргізілуінің нәтижесі болып отыр. Атаулы жобалар қатарында «Даму және ерте араласу» орталықтары мен Облыстық балалар ауруханасында ашылған офтальмологиялық орталық ерекше орын алады.

Ауылдық жерлерде жүкті әйелдер мен жаңа туған балаларға сапалы медициналық қызмет көрсету үшін «Салауатты ана» пансионаттары ашылып, 100-ден астам әйелге қолдау көрсетілген. Сонымен қатар облыс көлемінде күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау мақсатында виртуалды қарап шығу жүйесі енгізілген. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынған, ал «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша 207 бала дүниеге келді, олардың 18-еуі егіздер. Медицина инфрақұрылымын жаңарту аясында 2025 жылы 34 медициналық нысан дайын ғимараттарды сатып алу арқылы пайдалануға берілетін болса, 6 нысанда күрделі жөндеу жүргізілуде. Кентау қалалық ауруханасында жөндеу жұмыстары желтоқсанда аяқталады, Қазығұрт және Шардарадағы ауылдық ауруханалар толығымен жаңартылды. Түркістан қаласында салынып жатқан көпбейінді аурухана да ерекше назарда.

Ауылдық жерлердегі ауруханалар заманауи техникалармен жабдықталып, онкологиялық қызметті жетілдіру үшін 11 түрлі диагностикалық құрал-жабдық жеткізілді. Радиологиялық зерттеулерді орталықтандыруға арналған PACS жүйесі енгізіліп, жасанды интеллект арқылы рак ауруларын ерте анықтау мүмкіндігі артты. Түркістан қалалық емханасында енгізілген «дауыстық робот» дәрігер қабылдауына шақыруды автоматтандырып, 74 мыңнан астам азаматқа хабарласқан, олардың 36 мыңнан астамы тексеруден өтуге келісім берген. 2025 жылы облыстың денсаулық сақтау саласына жалпы 40,3 млрд теңге қарастырылған. Бұл қаражат медициналық қызмет көрсетудің сапасын арттыруға, заманауи инфрақұрылымды дамытуға және халыққа қолжетімді медициналық көмек ұсынуға бағытталған.

Облыс әкімі Нұралхан Көшеров медициналық қызметтің сапасы мен қолжетімділігін басты назарға ала отырып, барлық іс-шаралардың жүйелі түрде жүзеге асырылуын тапсырды: «Біз үшін ең бастысы – тұрғындарға сапалы, қолжетімді және заманауи медициналық қызмет көрсету. Медицина саласын дамыту бойынша берілген тапсырмалар нақты және жүйелі түрде орындалуы керек. Жоғары технологиялық жабдықтар енгізу, кадрларды тарту және сапалы дәрігерлік көрсету арқылы тұрғындарға сенімді әрі тиімді қызмет ұсына аламыз» - деді ол. Жалпы, Түркістан облысының денсаулық сақтау саласындағы кешенді дамуы – өңірдің экономикалық дамуына тікелей серпін беріп, халықтың өмір сапасын арттыруға, ауылдық аумақтардың инфрақұрылымын жаңартуға және инвестициялық тартымдылығын күшейтуге бағытталған стратегиялық қадам болып отыр.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елімізде денсаулық сақтау саласын жаңғырту, медициналық қызметтің сапасын арттыру және халыққа қолжетімділігін қамтамасыз ету бағытында ауқымды реформалар жүзеге асырылуда. Осыған байланысты Түркістан облысында медициналық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарға көрсетілетін медициналық қызметтің сапасын жақсарту бойынша кешенді жұмыстар қолға алынған. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы аясында денсаулық сақтау саласы да басым бағыттардың бірі ретінде қарастырылып отыр. Соңғы жылдары облыс аумағында медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын жақсарту, жаңа нысандар салу және қолданыстағыларын күрделі жөндеуден өткізу бағытында жүйелі жұмыс жүргізіліп келеді. Әсіресе шалғай елді мекендер мен ауылдық округтерде алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету деңгейін көтеру басты назарда тұр. Бұл – медициналық көмекті халыққа барынша жақындатудың тиімді жолы.

Түркістан облысында қазіргі таңда 900-ге жуық медициналық мекеме жұмыс істейді. Олардың бір бөлігі – жаңадан бой көтерген нысандар, ал қалғаны – заманауи талаптарға сәйкес қайта жаңғыртылған денсаулық сақтау ұйымдары. Облыста тұрғындарға медициналық қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында алдыңғы қатарлы технологиялар мен цифрлық шешімдер кеңінен енгізілуде. Қазіргі таңда өңірдегі медициналық мекемелердің 73 пайызы медициналық ақпараттық жүйеге қосылған. Бұл жүйе дәрігер мен пациент арасындағы байланысты оңтайландырып, қағазбастылықты қысқартуға, емдеу үдерісін жеделдетуге және науқастың жағдайын нақты бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар цифрлық денсаулық паспорттары, электронды рецептер мен онлайн-консультация қызметтері де белсенді түрде іске қосылуда. Мұның барлығы медициналық қызметтің ашықтығы мен тиімділігін арттырып отыр.

Облыстағы ауруханалар мен емханалар заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуде. Қазіргі заманғы диагностикалық құрылғылар, зертханалық жабдықтар мен бейнеэндоскопиялық аппараттар науқастарды ерте кезеңде анықтауға және емдеудің тиімді әдістерін қолдануға мүмкіндік береді. Аудандық ауруханалар мен перзентханаларда УДЗ аппараттары, ЭКГ құрылғылары, жасанды тыныс алу аппараттары және өзге де қажетті медициналық техника жеткізілген. Бұл жабдықтар сапалы диагностика жүргізіп, күрделі ауруларды дер кезінде анықтауға зор мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар облыс әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасы медициналық мекемелерде қызмет сапасын бақылау жүйесін жетілдіруде. Медициналық қызметкерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, үздіксіз оқыту, ішкі аудит және пациенттермен кері байланыс орнату – сапаны арттырудың негізгі тетіктерінің бірі. Медицина қызметкерлері республикалық және халықаралық деңгейдегі ғылыми-практикалық конференцияларға қатысып, үздік тәжірибелермен бөлісуде. Облыста заманауи симуляциялық орталықтар ашылып, ондағы технологиялар арқылы медициналық кадрлар тәжірибелік білімдерін жетілдіруде.

Аймақта жедел медициналық көмектің сапасы да елеулі түрде артып келеді. Жаңа реанимобильдер, толық жабдықталған жедел жәрдем көліктері ауылдық жерлерге жеткізіліп, жедел көмек көрсету уақыты бұрынғыға қарағанда едәуір қысқарды. Бұл өз кезегінде аурулардың асқынуын болдырмауға және адам өмірін сақтап қалуға зор үлес қосуда. Медициналық бригадалар спутниктік байланыс, GPS-навигация жүйелерімен қамтамасыз етілген, бұл – жолдағы медициналық көмекті жедел әрі тиімді көрсетуге мүмкіндік береді. Халықтың денсаулығын сақтау бағытында профилактикалық жұмыстар да жүйелі түрде жүргізілуде.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 144 рет