Дүйсенбі, 15 Желтоқсан 2025 17:56

Түркістан облыстық балалар ауруханасының дәрігерлері буын ауруларына тіліксіз ота жасау тәсілін меңгеруде

Түркістан облыстық балалар ауруханасының мамандары тізе буын жарақаттарын артроскопия әдісімен емдеуді меңгеруде. Бұл – үлкен тілік жасамай, арнайы камера және құралдар арқылы орындалатын минималды инвазивті, дәлдігі жоғары заманауи хирургиялық тәсіл. Осы мақсатта ауруханаға артроскопия аппараты орнатылып, тізе буынына тіліксіз ота жасауға толық жағдай жасалды.

Жаңа әдістің енгізілуі емдеу жұмыстарын басқа өңірлерге жеткізбей жергілікті деңгейде ем-дом жасауға мүмкіндік береді. Осы мақсатта балалар артроскопиясы бойынша денсаулық сақтау магистрі, жоғары санатты дәрігер, №7 Алматы қалалық клиникалық ауруханасының ортохирургия бөлімінің меңгерушісі Арнат Байзақовтың қатысуымен шеберлік сабағы өтті. Оқу барысында дәрігерлер буын ішіндегі жарақаттарды диагностикалаудың заманауи әдістерін, оларды дәл анықтау және тиімді емдеу тәсілдерін меңгеруде. Айта кетейік, бүгін артроскопия әдісімен бес балаға ота жасау жоспарланған. Тәжірибе алмасу нәтижесінде жергілікті дәрігерлер алдағы уақытта аталған отаны өз күштерімен жасап, балаларды басқа қалаларға жібермей емдеуді көздеп отыр.

Соңғы жылдары Түркістан облысында медицина саласы қарқынды дамып келеді. 2024 жылы ауылдық жерлерде медициналық көмектің сапасын арттыру мақсатында 55 жаңа медициналық нысан салынды. Оның ішінде 49 мекеме – «Ауылдық денсаулық сақтау» ұлттық пилоттық жобасы аясында салынса, 2 мекеме дайын ғимаратты сатып алу арқылы жүзеге асты. 1 нысан – жеке инвестиция есебінен, 3 нысан жергілікті бюджет есебінен ашылды.Сонымен қатар тозығы жеткен 4 аудандық аурухана күрделі жөндеуден өтті. Қазіргі таңда тағы 4 аурухананың күрделі жөндеу жұмыстары басталып, 2 нысанның құрылысы 2026 жылға өтпелі жобалар қатарына енді. Медицина саласындағы білім мен тәжірибені арттыру бағытында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. 20 дәрігер Ресейдің Санкт-Петербург қаласында біліктілік арттыру курсынан өтті. Шетелдік мамандарды тарту арқылы 75 медицина қызметкері халықаралық деңгейде білім алды. Қосымша 200 жалпы тәжірибелік дәрігер мен 190 орта буын медицина қызметкерін оқыту жоспарланған. Бұл игі істер – ақ халатты мамандардың заманауи әрі қолайлы жағдайда еңбек етуіне, халыққа сапалы медициналық қызмет көрсетуіне жол ашатын нақты қадам.

Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында ауқымды өзгерістер мен жаңғыртулар жүзеге асырылып жатыр. Бұл өзгерістердің негізінде «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы тұр, оның аясында аймақта жаңа медициналық мекемелер салынуда.  Түркістан облысы бойынша «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 49 медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету нысанының 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт құрылыс жұмыстары жүргізілді. Бұл жобаның жүзеге асырылуы ауыл тұрғындарының денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділігін арттырып, медициналық қызметтердің сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып табылады. Облыс әкімінің қолдауымен республикалық және облыстық бюджеттен қажетті қаржы толық бөлініп, құрылыс жұмыстары уақытында әрі сапалы жүргізілуі қадағалауда. Бұл нысандардың бәрі ауылдық жерлерде салынуда, себебі бұл өңірлерде халықтың көпшілігі медициналық көмек алу үшін облыс орталықтарына немесе басқа қалаларға баруға мәжбүр. Жаңа нысандарды салу арқылы ауыл тұрғындарына медициналық қызметтерге қолжетімділікті арттыру көзделген. Медициналық нысандарды салу барысында, облыс әкімдігі мен жергілікті билік құрылыс жұмыстарын қадағалап, олардың сапасын бақылауға алған. Жыл сайынғы бюджет есебінен қажетті қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары мерзімінде аяқталуға тиіс. Бұл жұмыстар Түркістан облысы әкімінің қолдауымен іске асырылуда.

Айта кету керек, облыстағы денсаулық сақтау саласындағы жаңғырту жұмыстарында жеке инвесторлардың үлесі зор. Мысалы, Шұбарсу ауылындағы «ROLLAN MED» жекеменшік медициналық мекемесі жаңа жоғары технологиялық құралдармен жабдықталған. Орталық бір күнде 200 адамды қабылдауға мүмкіндік береді. Мұнда 60 адам жұмыспен қамтылған және жергілікті тұрғындарға сапалы медициналық қызмет көрсетуге арналған барлық жағдай жасалған. Жеке медициналық мекемелердің ашылуы денсаулық сақтау саласындағы жеке сектордың дамуына ықпал етеді және мемлекеттік медициналық қызметтердің жүктемесін жеңілдетуге көмектеседі.Бұған қоса, облысқа жаңа медициналық жабдықтар мен техникалар да сатып алынуда. 2023 жылы облыс аумағындағы медициналық ұйымдарға 800-ге жуық медициналық құрал-жабдық жеткізілді. Бұл техникалар облыс тұрғындарына жоғары сапалы диагностика мен емдеу қызметтерін көрсетуге мүмкіндік береді. Жедел жәрдем қызметіне жаңа санитарлық автокөліктер де жеткізілді. Осылайша, облыс денсаулық сақтау саласындағы қажетті құрал-жабдықтармен және мамандармен толық қамтамасыз етілуде.

Түркістан облысындағы медициналық мекемелердің құрылысы мен жабдықталуы тек бастапқы қадамдар ғана емес, сонымен қатар денсаулық сақтау саласындағы кадр тапшылығын жоюға да бағытталған. Қазіргі таңда облыста медициналық кадрларға сұраныс өте жоғары. Ағымдағы жылы облыс көлемінде 245 бейінді дәрігерге тапшылық туындап отыр. Олардың ішінде анестезиолог-реаниматолог, неонатолог, акушер-гинеколог, онколог, радиолог, травматолог және басқа да мамандар аса қажет. Түркістан облысындағы дәрігерлерге деген тапшылықты жою үшін бірқатар іс-шаралар қолға алынған. Жоғарыда айтып өткеніміздей, өткен жылы облысқа шетелдерден 43 дәрігер біліктілігін арттыру мақсатында оқудан өткен. Атап айтқанда, Мәскеу, Санкт-Петербург, Стамбул секілді ірі қалаларда неонатологтар, анестезиолог-реаниматологтар, акушер-гинекологтар мен балалар кардиохирургтары өз білімдерін жетілдіріп, тәжірибе жинады. Бұл шаралардың нәтижесінде жоғары деңгейдегі мамандар облысқа қайта оралып, өңірдегі медициналық қызмет сапасын арттыруға өз үлестерін қосатын болады.

Сонымен қатар, облыс әкімдігі өңірдегі медициналық кадрлардың тапшылығын шешу үшін резидентурада оқыту бағдарламаларын кеңейтуде. Мысалы, 2023 жылы жергілікті бюджет қаражаты есебінен 60 грант бөлініп, 40 үміткер медициналық білімін жетілдіруге мүмкіндік алды. Былтырғы жылы 139 грант бөлінбек, бұл жергілікті мамандарды оқытуға арналған тағы бір қадам болып табылады. Түркістан облысында жалпы 24 681 медицина маманы қызмет атқарады, оның ішінде 5 534 дәрігер, 19 147 орта буын медицина қызметкері бар. Бұл мамандар облыс тұрғындарына жоғары сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді. Түркістан облысында жаңа медициналық нысандардың құрылысы ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін өте маңызды. Айта кетерлігі, облыс аумағындағы көптеген ауылдарда тұрғындар денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділіктің төмендігінен зардап шегіп келді. Бұл ауылдарда медицина қызметкерлері жетіспейді, және көмек алу үшін аудан орталықтарына немесе үлкен қалаларға баруға тура келді. Сол себепті жаңа медициналық нысандардың ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек болып табылады.

Жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің ашылуы ауылдық жерлерде медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарын тек емдеумен ғана емес, сонымен қатар профилактикалық шаралар мен алғашқы медициналық көмекпен де қамтымақ. Осылайша, тұрғындардың денсаулығын сақтауға және аурулардың алдын алуға мүмкіндік туады. Түркістан облысы бойынша көптеген ауылдық жерлерде жаңа медициналық нысандардың құрылысы аяқталуға жақын. Мысалы, Сарыағаш ауданында Жылға ауылдық округінде дәрігерлік амбулатория, ал Шымырбай ауылында фельдшерлік-акушерлік пункт салынуда. Бұл құрылыс жұмыстары ауыл тұрғындарының медициналық көмек алу мүмкіндіктерін айтарлықтай арттырады. Жаңадан салынатын фельдшерлік-акушерлік пункттерде сапалы медициналық көмек көрсетіліп, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалатын болады.

Денсаулық сақтау саласының ғылыми жетістіктері мен инновациялар облыс деңгейінде қызмет көрсетудің сапасын айтарлықтай арттырады. Түркістан облысы денсаулық сақтау жүйесін жақсарту мақсатында тек қана жаңа медициналық нысандарды салумен шектеліп қоймай, сонымен қатар медицина ғылымын дамытуға да үлкен көңіл бөлуде. Медицина саласындағы ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды енгізу өңірде денсаулық сақтау қызметінің сапасын жақсартуға және халықтың денсаулығын сақтау ісін тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Ғылым мен денсаулық сақтау арасындағы байланыс халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің жаңа деңгейін ұсынады. Түркістан облысында медициналық кадрлардың білімін жетілдіруге арналған бағдарламалар мен шетелдік оқу орындарымен келісімдер жүзеге асырылуда. Бұл тек дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар медициналық зерттеулерге негізделген жаңа әдістер мен технологияларды енгізуге жол ашады. Мәселен, облыстағы жаңа ауруханалар мен амбулаторияларда жоғары деңгейдегі диагностикалық және емдеу жабдықтары қолданысқа енгізіліп, жергілікті мамандар инновациялық әдістерді қолдана отырып, ауруларды ерте кезеңде анықтап, емдеу мүмкіндіктерін арттыра алады. Ғылыми зерттеулерге негізделген медициналық қызметтің маңызы зор, себебі ол облыс халқының денсаулығын сақтаудың жаңа жолдарын табуға, сонымен қатар аурулардың алдын алуға ықпал етеді. Медицина ғылымы мен инновациялардың дамуы өңір үшін стратегиялық маңызды, өйткені ол халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға, ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етуге және жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.

Қорытындылай келе, Түркістан облысындағы медицина ғылымының дамуына бағытталып атқарылып жатқан жұмыстар тікелей өңір жұртшылығының денсаулығы мен өмір сүру салтының жақсаруына, адами капиталды дамытуға үлес қосатыны анық. Жаңа медициналық мекемелердің салынуы, маман тапшылығын шешуге бағытталған шаралар, әрі қарай да медицина саласын дамытуға арналған мемлекеттік жобалар облыс тұрғындарының денсаулығына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Түркістан облысы әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының тығыз ынтымақтастығы нәтижесінде өңірдегі медициналық қызмет сапасы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Осылайша, Түркістан облысы денсаулық сақтау саласында өзінің даму жолында үлкен қадамдар жасап, халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған жұмысын жалғастырады.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 69 рет