Дүйсенбі, 01 Желтоқсан 2025 23:50

Сайрам аудандық орталық ауруханасына арнайы қор есебінен күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр

Түркістан облысы, Сайрам ауданына қарасты Ақсукент кентінде орналасқан Сайрам аудандық орталық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Аудандық орталық ауруханасына күрделі жөндеу жұмыстарына жобалық сметалық құжаттамасы әзірленіп, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.

2024 жылы «КазЕвроСтрой» ЖШС аудандық аурухананың Б блогы, балалар бөлімшесіне толығымен күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Бұл жұмыстарға облыстық бюджеттен 300 млн. қаржы бөлінді. Күрделі жөндеу жұмыстарына қажетті қалған 2,8 млрд. теңге 2025 жылдың қыркүйек айында республикалық арнайы қордан қаржыландырылды. Қазіргі таңда нысанда күрделі жөндеу жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл жұмыстарды 2026 жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланған.

Осы тұста Түркістан облысындағы медицина саласының дамуы туралы айтар болсақ, өңірде денсаулық сақтау саласын жетілдіруге бағытталған кешенді шаралар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Таяуда ғана облыс әкімі Нұралхан Көшеровтың төрағалығымен өткен кеңейтілген мәжілісте медицина саласының негізгі көрсеткіштері, өзекті мәселелері және алдағы жоспарлар жан-жақты талқыланғаны белгілі. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуалиев саланың 10 айдағы қорытындыларымен бөлісіп, оң динамиканы айқындайтын нақты деректерді ұсынған болатын. Облыс әкімі саланы дамыту бойынша нақты тапсырмалар берді. Медицина саласындағы барлық шаралар халыққа қолжетімді әрі сапалы қызмет көрсетуге бағытталуы тиіс. Инфрақұрылымның жаңаруы, цифрландыру, жоғары технологияларды енгізу үдерісін жалғастыруды, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау күшейтуді тапсырды.

2025 жылдың 10 айында Түркістан облысында негізгі медико-демографиялық көрсеткіштер тұрақты сақталып отыр. Ең маңыздысы – ана өлімінің 63,3%-ға төмендеуі. Бұл көрсеткіш өңірдегі перинаталдық қызметтің едәуір жақсарғанын көрсетеді. Нәресте өлімі 21,6%-ға, ал бала өлімі 14,1%-ға азайған. Мұндай нәтижелер алғашқы медициналық көмектің күшеюі, перинаталдық орталықтардың материалдық-техникалық базасының жаңаруы, тәуекел топтарына бақылаудың күшеюі және ерте анықтау шараларының тиімді жүргізілуімен байланысты. Ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында өңірде «Даму және ерте араласу» орталықтары жұмыс бастап, Облыстық балалар ауруханасында офтальмологиялық орталық ашылды. Өңірде жоғары технологиялық медициналық көмек көлемі артты.

Ауылдық жерлердегі жүкті әйелдердің қолжетімді медициналық қызмет алуы үшін перинаталдық орталықтарда ашылған «Салауатты ана» пансионаттары 100-ден астам әйелге қолдау көрсетті. Сонымен қатар облыс деңгейінде жетекшілік ететін аудандарға виртуалды қарап шығу жүйесі енгізіліп, күрделі жағдайларды дер кезінде анықтау күшейтілді. Генетикалық зерттеулерді жетілдіру үшін бес бірлік эксперттік УДЗ аппараты сатып алынды. «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша бөлінген ЭКО квотасымен 207 бала дүниеге келген, олардың 18-і – егіздер.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 119 рет