Бүгін осынау мерейлі мереке қарсаңында аудан орталығындағы мәдениет сарайында медицина қызметкерлері күніне арналған салтанатты жиын өтті. Мерекелік жиынға арнайы қатысқан аудан әкімі Қайрат Жолдыбайұлы денсаулық сақтау саласының мамандарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың жоғары жетістіктерін атап өтті.
Аудан басшысы құттықтау сөзінде: «Құрметті ақ халатты абзал жандар мен саналы ғұмырын медицина саласына арнаған ардақты ардагерлер. Медицина қызметкері болу мәртебелі әрі жауапты мамандық екені баршаңызға белгілі. Бұл мамандық иесі – халықпен біте қайнасып қызмет жасайтын, қастерлі еңбек иесі. Елімізде маусым айының үшінші жексенбісі медицина қызметкерлерінің күні ретінде кеңінен аталып өтіледі. Жанға дауа, дертке шипа, денге саулық сыйлайтын сол ардақты мамандық иелерін кәсіби мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде ауданымызда медицина саласына баса назар аударылып, заманауи үлгіде медициналық емханалар ашылуда. Мұның барлығы ел игілігіне арналған істер. Алдағы уақытта да халықтың ризашылығына бөленіп, ел өмірінің жақсаруына өз үлестеріңізді қоса берулеріңізге тілектеспін», - деді.
Салтанатты жиын барысында аудан әкімінің және аудандық мәслихаттың алғыс хаттарымен аудандық аурухананың бірқатар қызметкерлері марапатталды. Жоғары кәсібилік пен адам өміріне деген жанашырлықтың үлгісін көрсетіп жүрген дәрігерлер мен медицина саласындағы өзге де мамандардың еңбегі қай кезде де елеулі. Мерекелік жиын одан әрі көңілді концерттік бағдарламаға ұласып, көпшілік аудан өнерпаздарының өнерін тамашалады. Өнерпаздардың орындауындағы әндер мен нәзік би өрнектері көрерменге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Көпшіліктің ыстық ықыласына бөленген концерт медицина қызметкерлерінің көңілін бір серпілтіп, мерекелік кештің сәнін келтірді.
Бүгінгі таңда Түркістан облысында медицина саласы қарқынды дамып келеді. Аудандарда, шет ауылдарда ауруханалар ашылып, материалдық-техникалық базасы жыл өткен сайын жақсарып, жаңалану үстінде. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елді мекендерде денсаулық сақтау саласындағы инфрақұрылымды жақсартып, қолжетімділікті арттыруды тапсырған болатын. Осы бағытта Түркістан облысында ауқымды жұмыс атқарылуда.
Ұдайы дамуда жүретін сала денсаулық болғандықтан, өңірде бірқатар ауқымды жұмыстар жүргізіліп келеді. Оқырмандардың назарына медицина саласына қатысты мәліметтерді ұсына кетсек. Өңірде тұрғындардың қажеттілігін қамтамасыз ету, медициналық көмек көрсету сапасын арттыру мақсатында заманауи медициналық нысандар салуға, бейінді мамандар даярлауға басымдық берілуде. Түркістан облысында 55 елді мекенде медициналық нысан ашылды. Заман талабына сай салынған емханалар мен фельдшерлік акушерлік пункттер шалғай ауылдарда ел игілігіне берілді. Айта кетейік, мұндағы медицина қызметкерлері бұған дейін ескі ғимаратты паналап, базбір мекемелерді жалға алып келген.
Бүгінгі таңда жалпы 58 медициналық нысанының қажеттілігі анықталып, оның 25 нысанын 2025 жылға іске асыру жоспарлануда. Облыс тұрғындарын білікті медицина мамандарымен қамту ісі де тұрақты зерделеніп, тиісті жұмыс жүріп жатыр. Өңірде 423 бейінді маман бойынша тапшылық бар екені анықталған. Мамандармен қамту үшін 5 жылдық жоспар бойынша резидентураға 639 грант бөлу жоспарлануда. Түркістан облыстық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медицина ұйымдарында жалпы 24 мыңнан астам медицина қызметкері жұмыс істейді. Былтыр 40 дәрігер Ресейде, 234 орта буын медицина қызметкері Астана қаласындағы ҚР іс басқармасы медициналық ауруханасында біліктілігін арттырған.
Түркістан облысында денсаулық сақтау саласында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық пилоттық жобасы аясында 49 медициналық санитарлық алғашқы көмек нысанының құрылысы басталды. Атап айтқанда 20 дәрігерлік амбулатория, 23 фельдшерлік-акушерлік пункт және 6 медициналық пункт салынады. Бұл туралы таяуда облыс әкімінің орынбасары Бейсенбай Тәжібаевтың төрағалығымен өткен жиында баяндалған болатын. Облыс әкімінің орынбасары денсаулық сақтау саласындағы жұмыстарды жандандыру керектігін айтып, кейбір нысандарда құрылыс жұмыстарын тездетіп, ғимараттардың сапалы салынуын қадағалауды тапсырды. Алайда кейбір ауылды аймақтарда денсаулық нысандарының жоқтығы анықталған. Өңірде 49 медпункттің құрылысын жүргізу бойынша тиісті жұмыстар атқарылуда. Қазіргі таңда ауыл аймақтардағы дәрігерлік амбулаторияның құрылысы басталып, жер қазу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ағымдағы жылы облыстық бюджет есебінен 5728 компьютер сатып алынды. Бүгінгі күнге 5728 компьютер жеткізіліп, қамтамасыз ету көрсеткіші 64 пайыздан 100 пайызға жеткізілді. Сондай-ақ, Түркістан облысы бойынша 1 909 744, яғни 100 пайыз электрондық денсаулық паспорт жасақталды. 19 220 медицина қызметкері медициналық ақпараттық жүйеге оқытылды. Қазіргі таңда 441 717 адам мобильдік қосымша пайдаланады. Нәтижесінде электрондық жүйенің көмегімен 2 млн-ға жуық азамат дәрігердің қабылдауында болған, 1 млн 783 мың адам басқа да медициналық көмектерге жүгінді. 64 258 пациентке еңбекке жарамсыздық парағы электрондық нұсқада берілді. Одан бөлек, аудандық, қалалық емханаларда 20 цифрлық көмек посты ашылып, онда 558 мыңнан аса маман оқытылды.
Сондай-ақ, өңірде өткен жылы медициналық ұйымдардың материалдық — техникалық жабдықталуына 8,1 млрд теңге бөлініп, 65,75 пайызды құрады. Стационарлардың қабылдау бөлімшелерінде триаж жүйесі орнатылып, жедел медициналық көмек қызметінде «Көмек» автоматтандырылған басқару жүйесі енгізілді. Барлық машиналар GPS навигациямен қамтамасыз етілген.Денсаулық сақтау саласын ілгерілету мен медициналық жабдықтармен қамту бойынша жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде өткен жылы ауру-жітім көрсеткіші төмендеді. 4 аурухана антиограф, 2 аурухана компьютерлік томографиямен жабдықталып, 1016 дана салаға қажетті техника алынған. Осылайша медициналық жабдықтармен қамту деңгейі 84%-ды құрады.
Түркістан облысында жаңа медициналық нысандардың құрылысы ауылдық жерлердегі тұрғындар үшін өте маңызды. Айта кетерлігі, облыс аумағындағы көптеген ауылдарда тұрғындар денсаулық сақтау қызметтеріне қолжетімділіктің төмендігінен зардап шегіп келді. Бұл ауылдарда медицина қызметкерлері жетіспейді, және көмек алу үшін аудан орталықтарына немесе үлкен қалаларға баруға тура келді. Сол себепті жаңа медициналық нысандардың ашылуы ауыл тұрғындары үшін үлкен көмек болып табылады.
Жаңа дәрігерлік амбулаториялар мен фельдшерлік-акушерлік пункттердің ашылуы ауылдық жерлерде медициналық қызмет көрсету сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл нысандар ауыл тұрғындарын тек емдеумен ғана емес, сонымен қатар профилактикалық шаралар мен алғашқы медициналық көмекпен де қамтымақ. Осылайша, тұрғындардың денсаулығын сақтауға және аурулардың алдын алуға мүмкіндік туады.
Денсаулық сақтау саласының ғылыми жетістіктері мен инновациялар облыс деңгейінде қызмет көрсетудің сапасын айтарлықтай артуда. Түркістан облысы денсаулық сақтау жүйесін жақсарту мақсатында тек қана жаңа медициналық нысандарды салумен шектеліп қоймай, сонымен қатар медицина ғылымын дамытуға да үлкен көңіл бөлуде. Медицина саласындағы ғылыми зерттеулер мен жаңа технологияларды енгізу өңірде денсаулық сақтау қызметінің сапасын жақсартуға және халықтың денсаулығын сақтау ісін тиімді жүргізуге мүмкіндік береді. Ғылым мен денсаулық сақтау арасындағы байланыс халыққа көрсетілетін медициналық қызметтердің жаңа деңгейін ұсынады.
Түркістан облысында медициналық кадрлардың білімін жетілдіруге арналған бағдарламалар мен шетелдік оқу орындарымен келісімдер жүзеге асырылуда. Бұл тек дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттырып қана қоймай, сонымен қатар медициналық зерттеулерге негізделген жаңа әдістер мен технологияларды енгізуге жол ашады. Мәселен, облыстағы жаңа ауруханалар мен амбулаторияларда жоғары деңгейдегі диагностикалық және емдеу жабдықтары қолданысқа енгізіліп, жергілікті мамандар инновациялық әдістерді қолдана отырып, ауруларды ерте кезеңде анықтап, емдеу мүмкіндіктерін арттыра алады. Ғылыми зерттеулерге негізделген медициналық қызметтің маңызы зор, себебі ол облыс халқының денсаулығын сақтаудың жаңа жолдарын табуға, сонымен қатар аурулардың алдын алуға ықпал етеді. Медицина ғылымы мен инновациялардың дамуы өңір үшін стратегиялық маңызды, өйткені ол халықтың өмір сүру деңгейін жақсартуға, ұзақ өмір сүруді қамтамасыз етуге және жалпы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына оң әсер етеді.
Қорытындылай келе, Түркістан облысындағы медицина ғылымының дамуына бағытталып атқарылып жатқан жұмыстар тікелей өңір жұртшылығының денсаулығы мен өмір сүру салтының жақсаруына, адами капиталды дамытуға үлес қосатыны анық. Жаңа медициналық мекемелердің салынуы, маман тапшылығын шешуге бағытталған шаралар, әрі қарай да медицина саласын дамытуға арналған мемлекеттік жобалар облыс тұрғындарының денсаулығына оң әсерін тигізетіні сөзсіз. Түркістан облысы әкімдігі мен денсаулық сақтау басқармасының тығыз ынтымақтастығы нәтижесінде өңірдегі медициналық қызмет сапасы жақсарып, тұрғындар үшін қолайлы жағдайлар жасалуда. Осылайша, Түркістан облысы денсаулық сақтау саласында өзінің даму жолында үлкен қадамдар жасап, халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған жұмысын жалғастыруда.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат