Сәрсенбі, 14 Мамыр 2025 16:24

ORDABASY: МЕЙІРІМ МЕН ІЗГІЛІК ИЕЛЕРІНЕ ҚҰРМЕТ ПЕН МАРАПАТ

Ордабасы аудандық Мәдениет үйінде қызығы мен қиыншылығы мол қастерлі мамандықты таңдап, басты байлық денсаулық саласында қызмет етіп жүрген Мейіргерлер мерекесіне арналған көлемді іс-шара өтті. Мерекелік шараға ауданымыздағы аурухананың кірпіші қаланғаннан бастап қызмет жасап, абыройлы зейнеткерлікке шыққан ардагер дәрігерлер, аудандық медицина қызметкерлері, жастар және басқа да арнайы қонақтар қатысты.

Концерт аудандық медицина мекемесі тарапынан дайындалған «Аурухана тынысы» атты бейне роликпен ашылып, бүгінгі айтулы мерекемен құттықтап, ыстық ықыласын білдіруге, аудан әкімінің орынбасары Илияс Тұрнияз сахна төріне шақырылды.

«Мейіргер – науқастың жанын жұбататын, дертіне дауа іздейтін жанашыр жан. Әлемдегі ең ізгі, ең абзал мамандық иесі дәрігер болу – үлкен мәртебе. Сіздердің мейірімдеріңіз бен еселі еңбектеріңіз – қоғам үшін өте маңызды. Бүгінде аудандағы заманауи медициналық құрал-жабдықпен қамтылған емдеу орындарында, медициналық қызмет сапасы жыл сайын артып келеді. Бұл нәтижеге осы салада тер төгіп жүрген 683 орта буын кызметкерінің үлесі өте үлкен»,-деп сөз саптаған аудан әкімі орынбасары мерейлі медбикелерді бүгінгі мейрамға орай арнайы марапаттады.

Келесі кезекте аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков құттықтау лебізін білдірді. Шарадағы ең әсерлі де тартымды бөлім мейірбикелер арасындағы «Ізгіліктің ізімен» атты тақырыптағы өнер мен біліктілік сайысы болды. Сайыс барысында мейірбикелеріміз өздерінің өнерін жан жақты ортаға салып, еркін тақырыпта интермедия, ән, би және медициналық тақырып бойынша сұрақ жауап кезеңдерінде саладағы өз бөлімнің намысын қорғады.

Сайыс қорытындысында қатысқан үміткерлерді марапаттау үшін аудандық орталық аурухананың басшысы Райымбек Тасырбаевқа сөз беріліп, ауданның бас дәрігері мейірбикелерді мерекемен құттықтап, арнайы марапат, алғыс хаттар тапсырды. Бұл мерекелік іс-шара мейірім мен ізгіліктің иелері ақ халатты абзал жандарды құрметтеудің үлгілі көрінісі болды.

«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат

Оқылды 26 рет