Сенбі, 27 Ақпан 2021 17:14

Ордабасы: Қауіпсіздік шаралары пысықталды

Ордабасы ауданының әкімі Нұрбол Тұрашбековтің төрағалығымен аудандық Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.

Күн тәртібінде көктемгі су тасқынын болдырмау мәселелері талқыланып, берілген тапсырмалардың орындалуы туралы есеп тыңдалды.

Аудан әкімінің орынбасары Қыдыр Сейітқұл, аудандық Төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы, азаматтық қорғау подполковнигі Жомарт Қоспанов атқарылған жұмыс барысын баяндады.

Қазіргі таңда Боралдай ауылынан өтетін Теспе каналынан Боралдай өзеніне 1 шақырым қашыртқы қазылған. Көктөбе ауылынан өтетін Бозарық каналының 1,8 шақырымы қазылып, жағасы бекітілді, бетон көпір салынды. Сонымен қатар Найман каналының бойындағы 3 тоспаның редукторлары ауыстырылса, Ынталы ауылын Рахымбаев көшесінің бойынан өтетін Құртай каналына орнатылған 2 тоспа темірлері жаңартылды. Қараспан ауылындағы Р-16, Р-18 каналдарының 3,2 шақырымы механикалық тазалаудан өтті.

Аудан әкімі Нұрбол Әбдісаттарұлы құрылысы аяқталмаған тоспаларға қатысты ескерту жасап, тиісті бөлім басшысына нақты тапсырмалар жүктеді. Сонымен қатар, көктемгі егіншілік кезінде дихандар қазылған қашыртқылардан зардап шекпеуі тиістігін атап өтті. Жиналыс барысында айтылған мәселелерді шешуге мерзім бекітіліп, жоспар нақтыланды. 

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат 

 

Оқылды 454 рет