Бейсенбі, 07 Мамыр 2020 13:53

Алишер Усманов мақтааралдықтарға 5 млн доллардан астам қаржы аударды

Ресейлік кәсіпкер Өзбекстандағы «Сардоба» су қоймасының бөгеті бұзылуы салдарынан жапа шеккен мақтааралдықтарға 5 млн доллар аударды, деп хабарлайды Түркістан облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

«Ресейлік кәсіпкер Алишер Усманов Мақтаарал ауданында су басу салдарынан жапа шеккен және қауіпсіз жерге көшірілген 30420 тұрғынға арнап «Түркістан» әлеуметтік даму корпоративтік қорының шотына 5 млн 202 мың доллар аударды» делінген хабарламада. Мәліметке сай, бұл қаражат жапа шеккен жанұялардың отағалары – 5202 адамның жеке шотына аударылатын болады.

Сондай-ақ Үкімет Өзбекстандағы су қоймасы апатының салдарынан баспанасынан айырылған азаматтарға арнап, мыңнан астам үй салады. Бұл туралы өзінің Twitter-дегі парақшасында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жазды.

«Үкімет Өзбекстандағы су қоймасы апатының салдарынан баспанасынан айырылған Түркістан облысының азаматтары үшін мыңнан астам тұрғын үй салуға кіріседі»,-деп жазды Мемлекет басшысы.

Осыған дейін, Түркістан облысы әкімінің ұсынысы бойынша Мемлекеттік комиссия шешімімен Мақтаарал ауданындағы қызыл су басқан ауылдардың әр тұрғынына 100 мың теңгеден өтемақы төленетінін айттық.

 «AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

 

 

Оқылды 520 рет