Сейсенбі, 28 Сәуір 2020 02:30

Шымкент: қала әкімі Әл-фараби ауданындағы 100 балалар алаңшасының құрылысымен танысты

Аудан аумағында салынып жатқан балалар алаңшасының құрылысымен танысқан қала әкімі Мұрат Әйтенов сапаға айрықша мән беруді тапсырды. Мердігер компанияның өкілдеріне тұрғындардың үйінде отырған сәтін ұтымды пайдаланып, құрылысты уақтылы әрі сапалы аяқтауды жүктеді.

Осыған орай, мемлекеттік және жекеменшік әріптестік аясында биыл аудан бойынша 100 балалар алаңшасы салынуда. Қалғанының құжаттары қаралуда. Бұған қоса спорт алаңшалары да жөнделмек. Аудан әкімі Ғабит Мәуленқұловтың айтуынша, ауданда 15 гүлзар мен аллея салу жұмысы да қарқынды жүріп жатыр. Сапар барысында қала әкімі А.Асқаров көшесіндегі 9-үйдің қазіргі ахуалымен танысты. Тұрғындар өтінішіне құлақ асқан Мұрат Әйтенов сараптама жүргізіп, қажеттілік болса, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуді жауаптыларға жүктеді.

«Сәуле» шағынауданына қарасты 276-орамдағы жол мәселесі биыл шешіледі. 6 көшеге тас төселіп, жарық пен ауыз су рет-ретімен тартылады. Бұл туралы бүгін орамды аралап көрген қала әкімі Мұрат Әйтенов айтты. Жалпы бұл орам қала құрамына енген 41 елді мекеннің бірі. – Қаладағы жол жөндеу жұмыстарына биыл қазынадан 25 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінген. Бұл – қомақты қаражат. Оны уақытында әрі мақсатты игеруіміз қажет, деген қала басшысы жауаптыларға нақты міндеттер жүктеп, Шымкент қаласының құрамына енген 41 елді мекеннің инфрақұрылым мәселесі қайта қаралатынын айтты.

«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»

Оқылды 486 рет