Қосымша карантиндік орындар қаладағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне қарасты №4, 5 жатақханасында дайындалған. Қала әкімі жатақханалардағы медициналық бекеттердің жабдықталуы мен тұрмыстық жағдайларының мүмкіндігімен танысты. Айта кетейік, екі жатақханада барлығы 590 орынға лайықталған. Бұл екі жатақхана да мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынған. Онда барынша жағдай жасалған. Мұнда басқа өңірлерден жұмыстан қайтқан қызметкерлер мен шетелден келген азаматтар жатқызылады.
Орталық мамандары коронавирус инфекциясы бойынша жұмысшылардан анализсынамаларын алады. Екі күндік медициналық бақылаудан кейін жұмысшылардың анализ сынамалары теріс нәтиже көрсетсе, серіктестік жұмысшылары карантиндік стационардан үй карантиніне жіберіледі. Он екі күн бойы үй карантинінде жатқандарды жергілікті емханадағы мамандар бақылайды. Бұл жөнінде Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова былай дейді: «Қазіргі таңда Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасынан басқа тағы 2 привизорлық орталық бар. «Атамекен» оңалтау орталығы – 380 төсек-орындық. Ал «Мейірім» оңалту орталығы 170 төсек орынға лайықталған. №2 реабилитациялық орталықта 110 адамдық орын бар. Енді бұған қос жатақхана базасында жасақталған 590 орын қосылды. Қазіргі таңда қала бойынша 534 адам карантиндік және провизорлық төсек-орында жатыр. 670адам үй карантинінде отыр. Барлығы қатаң дәрігерлердің бақылауына алынған».
Карантиндік орталықты көріп шыққан қала әкімі Мұрат Әйтенов індет таралуының алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыстарға оң баға беріп, алдағы жоспарды жүйелеуді тапсырды.
«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.