- Барлық мүмкіндікті қарастыра отырып, жұмысты жүйелеген жөн. Қайта осындай сәтте өзге өңірлерден келіп, үйінде бос жатқан қолынан іс келетін мамандарды көптеп еңбекке тарту жағын қарастырған дұрыс. Дегенмен, азаматтардың қауіпсіздігі басты назарда болуы тиіс, - деді қала әкімі. Миллионды қала басшысы мердігерлерге қиын-қыстау кезеңде жұмыссыз жүрген азаматтарды құрылысқа тартуға шақырды. Дегенмен, жұмысшылардың денсаулығын жіті бақылауда ұстауды тапсырды. Мұрат Дүйсенбекұлы қазіргідей кезеңде көпшілікті өз денсаулығы үшін, қауіпсіздігін ескеріп, үйлерінде отыруға шақырды. Қала әкімі барған нысандардың бірі - 16 қабатты, француз стиліндегі 4 үй. Құрылысые «Отау Строй» компаниясы жүргізуде. Бас инженер Абжат Акимовтың айтуынша, 360 пәтерлі үй жұмысының негізгі кезеңі аяқталған. Қазір ішкі жөндеу және қасбеттерін қаптау жұмыстары жүруде. Құрылысқа 3 миллиард 955 миллион теңге қаралған.Қала аумағында карантин жариялануына байланысты шеттен келіп жұмыс істейтін қызметкерлердің бірқатары келе алмай қалған болатын. Қазір жергілікті азаматтарды жұмысқа тарту бойынша өтімдер қабылдануда. Оған қоса қалалық жұмыспен қамту орталығына шаһар аумағындағы құрылыстарға қажет 443 құрылысшы маманға сұраным берілген.
Нысанды аралап көрген қала әкімі қажет құрылыс материалдарын тасымалдаушы көліктерге қалада жүріп-тұруға ешқандай кедергі болмау керегін атап өтті. Оған қоса құрылыс заттарын сататын көтерме қоймаларға да мүмкіндік жасалғанына тоқталды. Құрылысшылармен сөйлескен Мұрат Дүйсенбекұлы мердігерге үйді қала күніне орай тапсыру керегін ескертті. Жалпы, «Шымкент сити» шағынауданының ауданы - 427 га, 12 орамға бөлінген. Соның ішінде мемлекеттік қаржысы есебінен 24,5 га құрайтын 1-орамда жалпы құны 27 млрд теңгеге 43 нысанның құрылысы жоспарланған. Оның ішінде 39 көп қабатты үй бар. 1200 орынды мектеп құрылыс бітіп тұр. Енді сол маңнан балабақша салынады. Қажет инженерлік-инфрақұрылым тартылған. Өз алдына модульді жылыту қазандығы бар. Ол мекемелер мен үйлерді жыл он екі ай ыстық сумен қамтиды.Бүгінгі таңда «Шымкент сити» алабындағы 25 нысан пайдалануға берілген. Биылғы тамыз айында 1048 пәтерлі 16 кредиттік үй мен 2 инженерлік инфрақұрылым нысаны пайдалануға берілмек.
Сонымен қатар, шағынауданда 4,3 млрд теңгеге жалпы ұзындығы 13,8 шақырымды құрайтын 7 көшенің құрылысы биыл аяқталмақ. Шымкент қаласында 2020 жылы барлық қаржы көздері есебінен 13 636 пәтерлі 252 үйдің құрылысы жүргізілуде. Жалпы ауданы 1 миллион шаршы метрді құрайды. Оның ішінде 78 үй - бюджет, 48 үй «Shymkent» ӘКК» АҚ және 126 үй жеке салушылар есебінен салынуда. Мемлекеттік инвестициялар есебінен көп қабатты 126 үйдің құрылысы жоспарланған. Биыл көп қабатты 107 үй немесе 6 213 пәтер пайдалануға беріледі. Бұдан бөлек, нарықтан арендалық 696 пәтер сатып алынады.Құрылыс қарқынын бағамдап шыққан қала әкімі Мұра Әйтенов мердігерлерге билік тарапынан барлық мүмкіндік қарастырылғанын, компаниялар өз кезегінде құрылысты сапалы әрі уақытылы тапсыру керегін ескертті.
«AQ-QARA.KZ» - ақпарат»