Жұма, 27 Наурыз 2020 18:15

Шымкент: Карантин талаптарын орындау қажет

Әлемді жайлаған індет қауіптілігін жоймай тұр. Осы мақсатта Шымкент қаласында сақтық шаралары күшейтілді. Коронавирустың алдын алу жұмыстарына қала бюджетінен 230 млн. теңге жұмсалып отыр. Бұл сома артуы мүмкін. 

Айта кетейік, қазіргі таңда індетті жұқтырған екі азамат та Шымкент қаласындағы Абай ауданының тұрғындары. Осы жағдайға байланысты «Тәуелсіздікке 20 жыл» тұрғын алабы 14 күнге карантинге жабылды. Алайдатұрғындарға алаңдауға негіз жоқ. Жергілікті халық азық-түлік пен дәріханаға еркін баруына болады. Сондай-ақ әкімдік ондағы жергілікті азаматтардың қажеттілігін және денсаулығын білу мақсатында арнайы анкета толтыртып алып жатыр екен. Нәтижесінде олардың барлық қажеттіліктері қанағаттандырылады. Бұл жағдайды Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов өз бақылауында ұстап отыр. Осы мақсатта арнайы баспасөз жиынын өткізген қала әкімінің бірінші орынбасары Ербол Садыр барлық тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды.

«Қазір олар қалалық инфекциялық ауруханада емделуде, денсаулықтары тұрақты. Ол адамдармен байланыста болған 26 адам карантинге жатқызылып, тест-сараптамасы алынып, нәтижесі күтілуде. Инфекцияның таралуына жол бермеу үшін, Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Төтенше жағдай режимін қамтамасыз ету жөніндегі Мемлекеттік комиссияның келісіміне сәйкес, Шымкент қаласында 28 наурызда түнгі сағат 12-ден бастап, келесі қосымша шектеу шаралары енгізілетін болады. Шымкент қаласының аумағына сағат кешкі 21-ден таңғы сағат 7-ге дейін автокөліктер мен азаматтардың кіруіне және шығуына тыйым салынады. Бұл транзиттік көліктер мен азық-түлік тасымалдайтын көліктерге қатысы жоқ» - деді Ербол Садыр.

«AQ-QARA.KZ»-ақпарат.

Оқылды 466 рет