Елдік пен бірлікті дәріптеген мерекелік жиынға аудан әкімі Азат Оралбаев, аудандық мәслихат төрағасы Бақдәулет Жұмабеков, облыстық мәслихат депутаты Ғани Райымбеков, құқық қорғау органдарының басшылары, зиялы қауым өкілдері, тыл ардагерлері, ауған соғысының ардагерлері, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты. Салтанатты шара барысында Саз колледжінің үрмелі аспаптар оркестрі патриоттық шығармаларды орындап, кештің рухын асқақтатты. Қатысушылар сұрапыл соғыс жылдарында майдан даласында ерлік көрсеткен боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алды.
Аудан әкімі Азат Оралбаев жиналған жұртшылықты қос мерекемен құттықтап, Ұлы Жеңіс – батыр бабалардың қанымен, аналардың көз жасымен келген қасиетті жеңіс екенін атап өтті. Майдангерлердің қайсарлығы мен тыл ардагерлерінің ерен еңбегі ешқашан ұмытылмайтынын айтып, бүгінгі бейбіт өмір мен тәуелсіз елдің берік тұғыры сол буынның жанқияр ерлігінің арқасында қалыптасқанын жеткізді. Мерекелік кеш барысында аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары театрландырылған көріністер мен мазмұнды концерттік бағдарлама ұсынды. Сондай-ақ ауданның қоғамдық өміріне белсене атсалысып жүрген бірқатар азаматтар аудан әкімінің Алғыс хаттарымен марапатталды. Ұлы Жеңіс – батыр бабаларымыздың қайсар рухы мен Отанға деген шексіз сүйіспеншілігінің мәңгілік символы. Ер есімі – ел жадында, ерлік рухы – ұрпақ жүрегінде мәңгі сақтала бермек.
Сонымен қатар, бүгін Сайрам ауданы Қарабұлақ ауылының тұрғыны, ғасыр жасаған Ұлы Отан соғысының ардагері Ахмаджан Анартаевқа құрмет көрсетілді. Ахмаджан Анартаев 1926 жылы 10 қарашада Сайрам ауданының Қарабұлақ ауылында дүниеге келген. Әскер қатарына шақырылғанға дейін «Жұмысшы» ұжымында еңбек етті. 1944 жылғы 5 мамырда Сайрам аудандық әскери комиссариатынан әскерге шақырылып, 64-атқыштар полкінде қатардағы жауынгер ретінде қызмет атқарды.
Майдангер Польшаны азат ету жолындағы шайқастарға және Германия аумағындағы ұрыстарға қатысқан. 1949 жылғы 10 сәуірде елге аман-есен оралып, бейбіт өмірде ұзақ жылдар еңбек етті. Зейнеткерлікке шыққанға дейін А.Науаи атындағы ұжымда жүргізуші болып жұмыс істеген. Ардагер ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, «Германияны жеңгені үшін» медалімен және мерейтойлық 8 медальмен марапатталған. Бүгінде 100 жасқа таяған қария 4 ұл, 5 қыз тәрбиелеп өсіріп, 35 немере, 101 шөбере және 50 шөпшек сүйіп отырған ардақты ата.
Мерекелік шара барысында ардагерге Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың, Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің, Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрі Дәурен Жұматайұлының, Сайрам ауданының әкімі Мадияр Оразалиевтің атынан алғыс хаттар табысталды. Сонымен қатар аудандық бюджет есебінен 5 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетіліп, арнайы сыйлықтар тарту етілді. Іс-ара барысында әскери оркестр мерекелік көңіл күй сыйлап, майдангерге ерекше құрмет көрсетті. Ғасыр жасаған ардагердің өнегелі ғұмыры мен ел үшін еткен еңбегі – кейінгі ұрпаққа тағылым. Сонымен қатар биыл Қарабұлақ ауылындағы “Ардагерлер саябағы” 9 мамыр мерекесіне орай қайта қалпына келтірілді.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат