– Құрметті ардагерлер! Айбынды сардарлар мен сарбаздар! Сіздерді 7 мамыр – Отан қорғаушылар күнімен шын жүректен құттықтаймын! Туған жерді қорғау – әр азаматтың қасиетті борышы. Батыр бабаларымыз ел үшін жан қиып, тәуелсіздікті аманат етті. Сол аманатқа адал болу – бүгінгі буынның міндеті. Еліміздің тарихында ерлік пен отаншылдық қасиеттер әрдайым биік тұрған. Ел қорғанысын нығайту – мемлекетіміздің басты міндеттерінің бірі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Ел қауіпсіздігі мен шекарасын қас қақпай күзету, заң мен тәртіп үстемдігін қамтамасыз ету – жауапты әрі қастерлі міндет. Мұны тек кәсіби деңгейі жоғары, ант пен борышқа адал, ел үшін аянбайтын батыл жандар ғана атқара алады» деген болатын. Сондықтан жастарымыздың бойында отаншылдық рухты қалыптастыру – аса маңызды. Түркістан өңірінде бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Қазақ халқы – ежелден ер жүрек, намысты халық. Ерлік пен отаншылдық – қанымызға сіңген қасиет. Бұл қасиеттер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, елдің тұтастығын сақтауға қызмет етіп келеді. Баршаңызды айтулы мерекемен тағы да құттықтаймын! Еліміздің айбыны асқақ, шекарасы берік, аспаны ашық бола берсін! Тәуелсіздігіміз мәңгілікке ұлассын! – деді Нұралхан Көшеров.
Өңір басшысы ел қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы мінсіз қызметі үшін бірқатар әскери қызметшіні марапаттады. Отаншылдық дәріптелген іс-шарада «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы, генерал-майор Ержан Ыбыраев және «Қарулы Күштерінің ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігінің Түркістан облыстық филиалының төрағасы Бабай Алдабергенов құттықтау сөз сөйлеп, әскери қызметтің маңызы мен ұрпақ тәрбиесіндегі рөлін атап өтті. Одан кейін облыс басшысы мен ардагерлер әскери техникаларды көріп, сарбаздармен пікір алмасты. Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласып, патриоттық әндер шырқалды. Айта кетейік, өткен жылы Түркістан облысынан 5 мыңдай жігіт әскер қатарына қосылды. Биыл да бұл үрдіс жалғасып, өңір жастары Қазақстан Қарулы күштерінің қатарын толықтырып жатыр.
Отан қорғаушылар туған жердің тыныштығы мен тәуелсіздігін қорғаған ерлердің бейнесі. Олар бейбіт өмірдің күзетшісі, халықтың сенімі мен мақтанышы. Әр елдің тарихында туған жерін, ұлтын қорғаған батырлар ерекше орын алады. Қазақстан үшін де бұл ұғым аса қастерлі. Бүгінде 7 мамыр Қазақстанда Отан қорғаушылар күні ретінде аталып өтеді. Бұл күн еліміздің Қарулы Күштерінің құрылған күнімен тығыз байланысты. 1992 жылы дәл осы күні Қазақстан Республикасының сол кездегі Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Ұлттық Қарулы Күштер құрылған болатын. Осыдан бері бұл күн әскери борышын абыроймен өтеген, елдің шекарасын берік күзеткен, ұлт қауіпсіздігін сақтаған ерлердің мерекесіне айналды.
Отан қорғаушы болу – үлкен жауапкершілік пен батылдықты талап етеді. Олар қиын-қыстау сәттерде жанын аямай, туған елін қорғауға әрқашан дайын. Бүгінгі таңда еліміздің сарбаздары заманауи техникалармен жарақтанып, халықаралық бітімгершілік миссияларға қатысып, өздерінің кәсіби шеберлігін күн сайын арттырып келеді. Қазақ халқы ежелден батыр халық. Бабаларымыз «Ер елі үшін туады, елі үшін өледі» деп ұрпақты ерлікке, елді сүюге тәрбиелеген. Бүгінгі Отан қорғаушылар сол асыл дәстүрді жалғастырып, мемлекеттің бейбіт аспанын сақтауда. Отан қорғаушыларға тағзым ету әрбір азаматтың борышы. Бұл күні ерлерге құрмет көрсетіліп, олардың ерлігі мен еңбегі үшін алғыс білдіріледі. Сондай-ақ, жастарды отансүйгіштікке, елжандылыққа баулу мақсатында түрлі шаралар ұйымдастырылады. Еліміздің тәуелсіздігі мен тұтастығы жолында аянбай қызмет етіп жүрген барлық Отан қорғаушыларға ел тұрғындарының алғысы шексіз.
«WWW.AQ-QARA.KZ» - ақпарат